Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымының тізімінде сөз бостандығы жөнінен Өзбекстаннан (147-орын) қалып қойдық
Халықаралық «Шекарасыз тілшілер» ұйымы сөз бостандығына қатысты әлемдік рейтинг жариялап, онда Қазақстан 180 елдің ішінде небәрі 34,41 дауыс жинап, 149-орынға құлдырады.
Былтырғы, 2025 жылмен салыстырғанда, Қазақстан бірден 8 позициясын жоғалтқанын да атап өту керек. Былтырғы тізімде еліміз 141 орында тұрған еді.
Бұл жолы Қазақстанды сөз бостандығы жөнінен үнемі көштен қалып жүретін Өзбекстан да басып озғанын айтқымыз келеді. Көрші мемлекет бұл тізімде 147-орынға жайғасты.
Бізден Тәжікстан қалып, 155-орынға орналасты.
Посткеңестік елдердің ішінде ең нашар көрсеткіш Түркменстанда тіркелді. Олар тізімнің 173-орнына құлдырады.
Ал сөз бостандығы жөнінен ең жайлы мемлекеттердің үштігіне Норвегия, Нидерланды және Эстония орналасқаны белгілі болды. Бұл елдерде сөз бостандығы мен пікір алуандығына қатысты алаңдаушылық жоқтығы көрсетілді.
«1997 жылдан бері бірінен кейін бірі енгізілген репрессивті реформалар салдарынан медиа кеңістік іс жүзінде Қазақстан билігінің насихат құралына айналды. Тәуелсіз ақпарат құралдарының тек аз ғана бөлігі сақталып қалды, олардың қатарында Vlast.kz, Uralskaya Nedelya, Respublika.kz және KazTAG ақпарат агенттігі бар. Алайда кәсіби журналистер YouTube, Telegram және Instagram платформаларында Protenge, Za Nami Uzhe Vyekhali, Prosto Journalistika, Dinarion және Guiperborei (Hyperborea) сияқты балама жобаларды іске қосып, билікшіл медианың ұстанымына қайшы келетін ақпарат таратып келеді» делінеді есепте.
Сонымен бірге, «Шекарасыз тілшілер» халықаралық ұйымы мына нәрсеге де назар аударды: «Билік өкілдері ірі оқиғаларды, соның ішінде 2022 жылғы қаңтардағы бұрын-соңды болмаған үкіметке қарсы наразылықтарды жариялауға жол бермеу үшін барлық қолжетімді тәсілдерді – тұтқындауларды, шабуылдарды, байланыс құралдарын өшіруді және интернетті бұғаттауды – қолданады. Ақпаратқа қол жеткізу шектелген, ал үкіметтік брифингтерде журналистердің сұрақтары цензураға ұшырайды. Үкімет жеке меншік медиаға өз насихатын тарату үшін қаржы төлейді. Сондай-ақ билік мемлекеттік және мемлекет бақылауындағы БАҚ-тағы бас редакторларды тағайындауды бақылауда ұстайды. Ақпарат министрлігінің өзі де медиа реттеуші қызметін атқарады».
Халықаралық ұйымның есебіне қатысты Қазақстан үкіметі әзірше еш пікір білдірмеді.