Бізге келіп түскен ақпаратқа сәйкес, Алматы қаласының Мамандандырылған ауданаралық тергеу сотының 2026 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен тергеушінің прокурормен келісілген өтінішхаты бойынша Воронцовқа қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасының күші жойылып, сотқа дейінгі іс жүргізу кезеңінің бүкіл мерзіміне, алайда бір айдан аспайтын уақытқа психиатриялық көмек көрсететін мамандандырылған стационарға орналастыру түріндегі қауіпсіздік шарасы қоланылды. Қаулы заңды күшіне енбеді және оған қорғаушылар тарапынан шағым берілді.
Бұл сот шешімі күдіктіні және оның қорғаушыларын хабардар етпей шығарылды, себебі өтінішхат қаралған кезде қорғаушылар сот отырысына қатыспады. Сөйтіп, біздің ойымызша, Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процестік кодексінің (ҚР ҚПК) 23-бабында кепіл етілген қылмыстық процестегі тараптардың теңдік пен жарыспалылық қағидалары өрескел бұзылды.
Сот ҚР ҚПК 55 (10-тармағы), 56, 148 және 511-513 баптарына сүйенді, және соттың пікірінше, бұл баптар бұрын қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылған адамды қатаң оқшаулау жағдайында ұсталатын науқастарға арналған психитриялық көмек көрсететін арнайы медициналық мекемеге ауыстыру туралы шешімді тергеу соты қауіпсіздік шарасы ретінде жеке дара қабылдауына мүмкіндік береді.
Алайда, біріншіден, сот бұлтартпау шарасының күшін жою мәселесін қарады. Ал бұл мәселе, дәл бұлтартпау шарасын таңдау немесе өзгерту мәселелері сияқты күдіктінің немесе айыпталушының және оның қорғаушлыраның қатысуымен қаралуы тиіс. Ал олар болмаған жағдайда (оның ішінде психикалық ауруына байланысты), Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының 2020 жылғы 24 қаңтардағы «Бұлтартпау шараларын санкциялаудың кейбір мәселелері туралы» нормативтік қаулысының 11-тармағына сай қорғаушы міндетті түрде қатысуы керек. Алайда, бұл талап орындалмады.
Екіншіден, мұндай шешім шығару үшін сот ҚР ҚПК 55 бабының 10-тармағына сай психикалық ауру фактісін анықтауы, қандай жағдай болса да бұл туралы күдіктінің қорғаушыларына мәлімдеуі керек. Себебі, қорғаушылар ҚР ҚПК 56 бабына сәйкес өздерінің қатысуымен сот отырысын өткізу туралы өтінішхат беруге құқылы. Бұл талап та орындалмады.
Қаулыда сот 2026 жылғы 28 сәуірдегі кешенді амбулаториялық сот-психиатриялық және наркологиялық сараптаманың қорытындысына сілтеме жасады. Алайда, бұл сараптама күдіктіні және оның қорғаушыларын хабардар етпестен тағайындалып, мәжбүрлі түрде жасалынған.
Сөйтіп, біздің ойымызша, ҚР ҚПК 272 бабы 4-бөлімінің талаптары бұзылды. Ал, аталған бөлімге сәйкес сараптаманы тағайындаған тұлға күдіктіні, айыпталушыны, оның қорғаушыларын сот сараптамасын тағайындау туралы қаулымен таныстырып, олардың құқықтарын түсіндіруі керек. Бұл туралы сараптаманы тағайындаған тұлға мен қаулымен танысқан адамдар қол қоятын хаттама дайындалады. Сонымен қатар, сараптаманы тағайындаған және жүргізген кезде күдіктінің, айыпталушының және қорғаушының құқықтарын қамтамасыз ететін бірқатар кепілдіктерді қамтитын ҚР ҚПК 274 бабының талаптары да бұзылды.
Бұған қоса, Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодексінің 166 бабының 5-тармағының талаптары сақталмаған. Берілген тармаққа сай тұлға психиатриялық куәландыру, тексерілуші адамның ауыр психикалық бұзылысы (ауруы) болуын болжауға негіз беретін әрекеттер жасаған жағдайда ғана оның келісімінсіз тексерілуі мүмкін, егер мұндай бұзылыс төмендегілерге алып келсе:
1) адамның өзіне немесе айналасындағыларға тікелей қауіп төндіруіне;
2) тиісті күтім болмаған жағдайда өзінің өмірлік қажеттіліктерін өзі қанағаттандыра алмауына, яғни дәрменсіздігіне;
3) психикалық денсаулық саласында адамға медициналық көмек көрсетілмей, психикалық жағдайының нашарлауы себебінен адамның денсаулығына елеулі зиян келуіне.
Сот-психиатриялық сараптамасын тағайындау кезінде мұндай деректер ұсынылмады.
Қаулыда сот ҚР ҚПК 509 бабы талаптарының орындалғанын көрсетпеді. Ал, бұл бапқа сай медициналық сипаттағы мәжбүрлеу шаралары психикалық бұзылыс сырқаты адамның өзі немесе басқа адамдар үшін қауіпті болған жағдайда немесе өзге де айтарлықтай зиян келтіру мүмкіндігі болған кезде ғана қолданылады. Сондай-ақ, қаулыда істі қарау кезінде психикалық сырқаттың дәрежесі мен сипатына қатысты мән-жайларды анықтайтын ҚР ҚПК 510 бабының талаптары да көрсетілмеді.
Қаулыда айтылған сараптама қорытындысында мұндай қауптің бар болуы туралы ешбір мәлімет жоқ, және бұдан бөлек, барлық анықталатын аурулардың қасына сұрақ белгілері қойылған. Сот-медициналық және құқықтық тәжірибеге сай бұл расталған сырқаттың жоқтығын және тек оның болуы болжамын ғана білдіреді.
Ақырында, психикалық белсенді заттарды қолданумен байланысты емес, психикалық, мінез-құлық бұзылысы (ауруы) бар тұлғаны психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін мекеменің стационарына мәжбүрлеп жатқызу туралы істерді қарау тәртібі Қазақстан Республикасы Азаматтық процестік кодексінің (ҚР АПК) 38 тарауымен реттеледі. Бұл тарау осындай тұлғаның құқықтарын қамтамасыз ететін бірқатар кепілдіктерді қамтиды. Атап айтқанда, психикалық денсаулық саласында медициналық көмек көрсететін ұйым өкілінен алынған мәліметтер бойынша тұлғаның психикалық жағдайы сот отырысына өзінің жеке (ҚР АПК пункт 337 бабы 1 тармағы), қорғаушысының (ҚР АПК 337 бабы 1-1 тармағы), оның отбасы мүшелері мен басқа мүдделі тұлғалардың (ҚР АПК 337 бабы 2 тармағы) қатысуына мүмкіндік берсе, оны мәжбүрлеп ауруханаға жатқызу туралы істі қарауға жеке қатысу құқығын кепіл етеді.
Мұндай тұлғаның мәжбүрлеп ауруханаға жатқызуға қатысты құқықтарын кепіл ету қылмыстық процесте айтарлықтай төмен болуын болжау қиын.
БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің бостандық және жеке басына қол сұқпау құқығы туралы 9-бабына жасалған 2014 жылғы №35 Жалпы тәртіптегі ескертпесінің 19-тармағында, тіпті адамның ауыр психикалық сырқаты туралы расталған деректер болса да, кез келген шаралар оның пікіріне құрметпен қарауды қамтамасыз етіп, оның кез келген өкілдері адамның еркі мен мүдделерін шынайы түрде білдіріп, қорғайтынын кепілдік беру керектігі арнайы атап көрсетілген.
БҰҰ Адам құқықтары жқніндегі комитетінің 2019 жылғы 28 қазандағы «Зинаида Мухортова Қазақстан Республикасына қарсы» ісі бойынша қабылданған шешімінде, Комитетке берген жеке шағым авторы бірнеше рет мәжбүрлі емдеу мақсатында жабық психиатрлиялық мекемелерге орналастырылған жағдайлары қаралған, және де тараптар ұсынған ақпарат пен дәлелдер автордың өзіне немесе басқа адамдарға қауіп төндіргенін растамайтыны көрсетілген. Бұған қоса, Комитет автордың өзіне не басқа адамдарға еш қауіп төндірмегеніне қарамастан бірнеше рет психиатриялық ауруханаға жатқызылғанына алаңдаушылық білдірді. Сондай-ақ, Комитет автордың қарсылығына қарамастан, еркінен тыс ұстау, ауруханаға жатқызу және оған ем шараларын қолдану, оның өзіне де, басқаларға да қауіп төндірмегенін ескере отырып, адамгершілікке жатпайтын және қадір-қасиетті қорлайтын қарым-қатынас пен жазаға теңестірілетінін атап өтті. Комитет Қазақстан Республикасының бостандық және жеке басына қол сұқпау құқықтарын кепіл етуге қатысты Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің 7-бабын бұзғаны фактісін анықтап, мемлекетке келешекте осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауды ұсынды.
Жоғарыда баяндалғанға байланысты біз Қазақстанның билік органдарын:
– Воронцовтың сотқа дейінгі тергеу сатысында бұзылған әділ сот талқылауына құқықтарын қалпына келтіруге, атап айтқанда, қылмыстық процесте тараптардың теңдігі мен жарыспалылығы қағидаларын және психиатриялық көмек көрсететін мекемелерге мәжбүрлеп жатқызу туралы шешім шығарылған тұлғалардың құқықтарына қатысты заңнаманың басқа да нормаларын қатаң сақтауды қамтамасыз етуге;
– Воронцов келісім берген жағдайда тәуелсіз сот-психиатриялық сараптамасын жүргізуге;
– БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің 2019 жылғы 28 қазандағы «Зинаида Мухортова Қазақстан Республикасына қарсы» ісі бойынша шешімінде қамтылған және БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің бостандық және жеке басына қол сұқпау құқығы туралы 9-бабына жасалған 2014 жылғы №35 Жалпы тәртіптегі ескертпесі тұрғысынан БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің ұсынымдарын орындауға шақырамыз.
Бастапқы ақпарат: Иаков әкей (Владимир Юрьевич Воронцов), Қазақстан Республикасының азаматы, Алматы қ. Мәскеу патриархатына қарасты Орыс православие шіркеуінің діни қызметшісі болды. Құлшылық рәсімдерін мемлекеттік тілде де өткізген. Ресейдің Украинаға қарсы соғысына белсенді түрде қарсы шығып, 2023 жылы шілдеде Мәскеу және бүкіл Русь Патриархының шешімімен діни дәрежесінен айырылды. Үш жыл бойы Константинопольдегі Бүкіләлемдік Патриархат (Константинополь Вселенский патриархат) православие приходын, кейін тәуелсіз православие приходын тіркеуге тырысты, алайда нәтижесіз болды.
2023 жылы желтоқсан айында Воронцовқа қарсы Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің (ҚР ҚК) 174 бабы бойынша діни араздықты қоздырды деген күдікпен сотқа дейінгі тергеу басталды. Алайда, бір жылдан астам уақыт өткен соң, қылмыс құрамының болмауына байланысты іс тоқтатылды.
2026 жылы ақпан айында оған қарсы қайтадан сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл жолы ҚР ҚК 296 және 302 баптары бойынша есірткі заттарын сақтау және есірткі притоны ұйымдастыру күдігі тағылып, қамауға алынды. 2026 жылдың мамыр айының соңында оған тағылған күдіктерді растайтын ешбір сенімді дәлелдер ұсынылмады, ал тәуелсіз бақылаушылар оның қудалануында саяси астар болуы мүмкін деген пікірді ұстанады.