Секербаеваның үкімі өзгеріссіз қалды
  • Басты
  • >
  • Секербаеваның үкімі өзгеріссіз қалды

Секербаеваның үкімі өзгеріссіз қалды

05.06.2026

ЛГБТ қозғалысының белсендісі Жанар Секербаеваға шығарған үкімді апелляциялық сот өзгеріссіз қалдырды

Астана соты Feminita ұйымының белсендісі, ЛГБТ өкілі Жанар Секербаеваға шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды. 

Feminita белсендісі Жанар Секербаева “ұрып-соғу” ісі бойынша апелляциялық шағым жолдаған болатын. Судья алғашқы инстанция сотының үкімін күшінде қалдырды. Соған сәйкес Секербаева 173 мың теңге (40 АЕК, шамамен 373 АҚШ доллары) айыппұл төлеуге тиіс.

Секербаева сот шешіміне келіспейтінін айтып, істі ЛГБТ қауымдастығына және өзіне жыныстық ерекшелігіне байланысты жасалатын қысымның жалғасы ретінде бағалайтынын мәлімдеді. Ол өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, “қылмыс жасаған жоқпын” деп есептейтінін айтты.

Сәуір айында Жанар Секербаева ісі бойынша Астана қаласының ауданаралық қылмыстық соты оны «Ұрып-соғу» бабы бойынша кінәлі деп танып, 40 АЕК (173 мың теңге) көлемінде айыппұл салған.

Жанардың қорғаушылары апелляциялық сатының шешімімен келіспейтіндерін және оны негізсіз деп санайтындарын мәлімдеді. Адвокат Ольга Эннстің айтуынша, іс материалдарында Секербаеваның Зиуар Жумановаға соққы жасағанын растайтын бейнежазбалар жоқ.

Сондай-ақ Эннстің атап өтуінше, куәгерлердің ешқайсысы жәбірленушіге қандай да бір дене жарақаты келтірілгенін растаған жоқ. Осыған байланысты қорғау тарапы Секербаеваның кінәсі дәлелденбеген деп есептейді.

Еске салсақ, бұл іске 2025 жылғы 22 қарашада елордадағы Френч кафесінде болған жанжал себеп болған. Жанар Секербаеваның айтуынша, сол күні онда бейбіт шай ішу шарасы өткен, алайда келушілердің бірі жанжал шығарып, қатысушыларды видеоға түсіріп, балағат сөздер айтқан.

Осыдан кейін Зиуар Жуманова полицияға арыз беріп, жәбірленуші ретінде танылған. Бастапқыда Жанар Секербаева іс бойынша қорғану құқығы бар куәгер мәртебесінде болған, кейін оның мәртебесі күдіктіге, одан соң айыпталушыға өзгертілген.

Сондай-ақ айып тағылған бап та қайта сараланып, неғұрлым ауыр бөліктен ҚР ҚК 109-бабының 1-бөлігі бойынша қаралған.

Бұған дейін Секербаева өзі де Зиуар Жумановаға қатысты арыздар бергенін, алайда олардың тиісті түрде қаралмағанын мәлімдеген. Оның сөзінше, бұл іс саяси сипатқа ие және оның қоғамдық қызметі мен азаматтық ұстанымына байланысты қозғалған.