Жаңаөзен белсендісі ұсталды
  • Басты
  • >
  • Жаңаөзен белсендісі ұсталды

Жаңаөзен белсендісі ұсталды

05.06.2026

Жаңаөзендік белсенді Мұратбай Жұмағалиев Ақтауда ұсталып, оған «есірткі сақтады» деген айып тағылды

Ақтауда жаңаөзендік белсенді Мұратбай Жұмағалиев ұсталды. сАлдын ала ақпаратқа қарағанда, ол “есірткі” бойынша күдікке ілінген. 

Қазір белгілі болғандай, Жұмағалиевке қылмыстық кодекстің 296 -бабы, 4-тармағы, яғни «Аса ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» айыбы тағылып отыр. Бұл қылмыс үшін күдікті үш жылдан жеті жылға дейін бас бостандығынан айрылуы мүмкін. 

Әлеуметтік желіде тараған видеода қара киген арнайы жасақтың белсендіні ұстағаны көрінеді. Видеолардың бірінде белсендінің “қалтама салып жіберді мыналар. Подстава жасап жатыр” деген сөзі естіледі. Ал жанындағы адам “мен саған қолымды да тигізбедім” дейді. Жақындарының айтуынша, видео Ақтаудағы белсендінің пәтерінің маңында түсірілгенге ұқсайды.

Бұған дейін Мұратбай Жұмағалиев өзіне қарсы арандату ұйымдастырылғанын мәлімдеп, Адам құқығын қорғау және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық Бюросында баспасөз мәслихатын өткізген еді.

Онда Жұмағалиев өзін пәтерде «жасырын камерамен түсіргенін, видеоны монтаждап, өзіне қарсы қаралау жүргізіп жатқанын» мәлімдеген еді. Сонымен бірге, белсенді Жаңаөзен прокуратурасына барып, «видеоны таратқандарды анықтап, оларды жазалауды сұраған» болатын. Алайда, құзырлы органдар бұған қатысты еш ақпарат жарияламады. 

«Азаттық» радиосы Маңғыстау облыстық полиция департаментіне хабарласып, мән жайды анықтады. Осыған байланысты облыстық полиция департаменті былай деді: «Маңғыстау облысының полиция қызметкерлері жедел-профилактикалық шара кезінде Жаңаөзен қаласының 45 жастағы тұрғынын ұстады. Жеке тінту кезінде ер адамнан ерекше көп мөлшерде есірткі заты табылып, тәркіленді. Бұған қоса, медициналық айғақтау ұсталған адамның есірткі қолданғанын растады” деп жазылған полицияның хабарламасында. Полицияның айтуынша, қылмыстық іс қозғалып, ұсталған ер адам уақытша ұстау изоляторына қамалған. Қазір тергеу жалғасып жатыр». 

Мұратбай Жұмағалиев 2011 жылы Жаңаөзен ереуіліне қатысып, қылмыстық жауапкершілікке тартылғанымен, 2023 жылы Маңғыстау облысынан бір мандатты округ бойынша мәжіліс сайлауына қатысқанымен танылды. Қоғамдық саяси мәселелерге қатысты пікір білдіріп, эфирлер түсіруімен де әлеуметтік желіде белгілі. 

Туыстары Мұратбай Жұмағалиевке қатысты арандату болды деп есептейді.