Колония қызметкерлеріне жаңа айып тағылды
  • Басты
  • >
  • Колония қызметкерлеріне жаңа айып тағылды

Колония қызметкерлеріне жаңа айып тағылды

06.05.2026

Азаматтық белсенді Тимур Данебаевты «азаптады» деп айыпталған Атбасар колониясының қызметкерлері «Билікті асыра пайдалану» бабымен сотқа тартылатын болды

Ақмола облыстық соты Атбасар түрмесінің бұрынғы 12 қызметкеріне қатысты істі қайта қарау үшін Атбасар аудандық сотына жіберу туралы прокурор өтінішін қанағаттандырды.

Оларға қатысты қылмыстық іс енді «Азаптау» бабымен емес, «Билікті асыра пайдалану» бабы бойынша қаралатын болды. 

2023 жылы Атбасар түрмесінде белсенді Тимур Дәнебаев пен өзге сотталғандардың соққыға жығылғаны түсірілген видео тарағаннан кейін іс қозғалып, түрменің 12 қызметкеріне айып тағылған еді.

 2025 жылы алғашқы сот оларды ақтағанымен, кейін апелляция бұл үкімнің күшін жойып, істі қайта қарауға жіберген. Дәнебаев сотта өзін есінен танғанша ұрғанын айтса, айыпталушылар заң аясында күш қолдандық деп мәлімдеген.

«Прокурор жаңа айыптау актісін ұсынып, оған сәйкес 12 айыпталушыға ҚР ҚК 362-бабы 1-бөлігі – “Билікті немесе лауазымдық өкілеттіктерді асыра пайдалану” бойынша қылмыстық құқық бұзушылық жасады деген айып тағылған. Сондай-ақ ол істі Атбасар аудандық сотына жолдау туралы өтініш білдірді», – деп хабарлады сотта.

Соттың нақтылауынша, тағылып отырған әрекет орташа ауырлықтағы қылмыстар санатына жатады және алқабилердің қатысуымен қаралатын істер тізіміне кірмейді. Сонымен қатар қылмыс жасалған орын ретінде Атбасардағы Қылмыстық атқару жүйесі Комитетінің мекемесі көрсетілген.

Осы мән-жайларды ескере отырып, қылмыстық іс мәні бойынша қарау үшін соттылыққа сәйкес Атбасар аудандық сотына жолданды. Сот қаулысы заңды күшіне енген жоқ.

2026 жылғы 24 сәуірде басты сот талқылауы барысында лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланды деп айыпталған ҚАЖК қызметкері сот залында өз-өзіне қол жұмсап, тамырын кескен.

2025 жылғы ақпанда Көкшетауда Атбасар ауданындағы ҚАЖК-нің 12 қызметкері 2023 жылы сотталғандарға азаптау жасады деген айып бойынша ақталған болатын. Кейін сотта процессуалдық бұзушылықтарға жол берілгені анықталып, іс қайта қаралды. 2025 жылғы желтоқсанда алқабилер соты қайтадан ақтау үкімін шығарды, алайда іс мұнымен аяқталған жоқ.

2026 жылғы қаңтарда Ақмола облысының прокурорлары наразылық енгізіп, алқабилердің үкімі күшін жойды. 2026 жылғы 17 наурызда іс қайта қарауға жіберілді.

Естеріңізге сала кетсек, белсенді Тимур Данебаевты ұрып соғып жатқан видео әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Бұл Атбасар колониясындағы жағдай болғаны анықталды. Кейіннен қылмыстық іс қозғалып, түзеу мекемесінің он екі қызметкерінің үстінен қылмыстық іс қозғалған еді. Алайда, алқабилер соты оларды «Азаптау» айыбымен соттаудан бас тартты.