Ботагөз Омарова «өзінің кінәсін мойындайтынын» жариялап, «шын жүректен өкінетінін» айтты. Түнгі сағат 2-де оған қатысты қылмыстық іс тоқтады
«Көрінеу жалған ақпарат таратты» деген күдікпен 274-бап бойынша айыпқа ілінген журналист Ботагөз Омароваға қатысты қылмыстық іс тоқтатылды.
Бұл туралы оның қорғаушысы Толқын Әбілова хабарлады
«Бүгін түнде қылмыстық іс тоқтатылды. Ботагөзге телефоны қайтарып берді. Ол қазір байланыста», — деді қорғаушы.
Белгілі болғандай, қылмыстық істі қысқарту туралы қаулы түнгі сағат 2-де шыққан.
Оған дейін Ботагөз Омарованың Телеграм арнасында «кінәсін мойындағаны» туралы хат жарияланды.
«Омарова Ботагөз Қошқынбайқызы, журналист, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі бола тұра, «ВД Строй-Инжинириң» ЖШС-нің және оның директоры А.Е. Үсімбековтің қызметіне қатысты өзім таратқан мәліметтерді ресми түрде теріске шығарамын», – деп жазылған арнада.
«Мен осы арқылы ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы талаптарын бұзғанымды толықтай түсінемін әрі мойындаймын. Бұл әрекетім үшін шын жүректен өкінемін.
Әріптес журналистерді кәсіби стандарттарды қатаң сақтауға және ақпаратты тексеру мәселесіне немқұрайлы қарамауға шақырамын.
Шынайылық, объективтілік және аудитория алдындағы жауапкершілік қағидаларын сақтау — журналистикаға деген сенімнің негізі деп есептеймін. Дәл осы ұстанымдар мұндай қателіктердің алдын алуға мүмкіндік береді» дегенді де жариялады журналист.
Омарованың хаты жарияланбастан бұрын «Вд Строй» компаниясының басшысы сұхбат беріп, өздерінің іс әрекеті туралы сұрақтарға жауап берген болатын.