ЛГБТ белсендісі Амир Шайкежанов «Зорлау» бабымен айыпты деп танылып, бес жылға бас бостандығынан айрылды
Сәрсенбі, 22 сәуір күні, Алматы қаласы Медеу аудандық №2 сотында зорлау бабымен айыпталған ЛГБТ-белсендісі Амир Шайкежановқа қатысты қылмыстық іс жабық режимде қаралды.Оған екі бап: “Зорлау” (120-бап 1-бөлігі) және басқа адамға “ВИЧ жұқтыру” (118-бап 1-бөлігі) бойынша айып тағылған.
Сот үкімімен Шайкежанов 5 жылға бас бостандығынан айырылды.
Шайкежановтың қорғаушылары апелляциялық шағым түсіретінін жеткізді. Оған дейін үкім заңды күшіне енбейді.
Соттың анықтауынша, 2025 жылдың наурыз айында Шайкежанов «қасақана әрекет етіп, қызметкер А.-ны психофизиологиялық жағдайға әсер ететін белгісіз затты қолдануды ұсыну арқылы дәрменсіз күйге түсірген. Осыдан кейін оның дәрменсіз күйін және келісімінің жоқтығын пайдаланып, жәбірленушімен оның еркінен тыс жыныстық қатынасқа түскен. Сонымен қатар, Ш. өзінің адам иммун тапшылығы вирусын (АИТВ) жұқтырғанын біле тұра жәбірленушімен жыныстық қатынасқа түсіп, оны АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшыратқан. Сотталушының кінәсі іс бойынша жиналған дәлелдермен, жәбірленушінің айғақтарымен және бейнежазбамен дәлелденді», – делінген сот үкімінде.
Шайкежанов өз кінәсін мойындамады. Жәбірленуші оны бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Прокурор қылмыстық құқық бұзушылықтардың жиынтығы бойынша 5 жыл 4 ай мерзімге бас бостандығынан айыруды сұрады.
Жаза тағайындау кезінде жеңілдететін де, ауырлататын да мән-жайлар анықталған жоқ. Ол тағылған айып бойынша кінәлі деп танылды.
Қылмыстық кодекстің 118-бабының 1-бөлігі (басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшырату) бойынша, бұл қылмыстық теріс қылыққа жататындықтан және ескіру мерзімінің өтуіне байланысты Шайкежанов жауапкершіліктен босатылды. Ал Қылмыстық кодекстің 120-бабының 1-бөлігі (зорлау) бойынша оған 5 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Қаңтар айында Шайкежановқа Қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша айып тағылғаны белгілі болды: 120-баптың 1-бөлігі (зорлау) және 118-баптың 1-бөлігі (басқа адамды АИТВ жұқтыру қаупіне әдейі ұшырату). Сол кезде адвокат Жанара Балғабаева сот процесі жабық режимде өтетінін хабарлаған.
Өткен жылдың маусым айында Шайкежанов негізін қалаған «Амировка» квир-барының бұрынғы қызметкері оны зорлады деп айыптаған. Бұған жауап ретінде Шайкежанов өзінің кінәсіз екенін айтып, видеоүндеу жариялаған. Көп ұзамай ол ұсталып, қамауға алынған.