• Басты
  • >
  • Мүмкіндігі шектеулі жандарды мемлекет қалай шектеп жүр?

Мүмкіндігі шектеулі жандарды мемлекет қалай шектеп жүр?

12.11.2021

Адам құқығы күніне орай ұйымдастырылған вебинарлар сериясының кезекті, төртінші отырысы өтті. Тақырып: мемлекет мүмкіндігі шектеулі жандар үшін не істеп отыр, ал, бастысы не істелмей жатыр, Қазақстанда әйелдер мен сексуалды азшылыққа қатысты дискриминация бар ма? Вебинарлар сериясын Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі Бюро ЕҚЫҰ-ның Нұр-Сұлтан қаласындағы өкілдігінің қаржылай қолдауымен жүзеге асырып отыр.

Жиынды ЕҚЫҰ өкілі Бисерка Иванович-Шарканович өзінің алғысөзімен бастады.

«Соңғы екі жылда біз әйелдердің, балалардың және мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығымен айналысатын үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста болдық. Бірге жобалар жасадық. Мәселен, өткен жылы парламентке мүмкіндігі шектеулі жандардың қолжетімділігі бойынша жоба жасап, аталған топтың құқығы толыққанды сақталмағанын анықтадық. Биыл «Шырақ» ұйымымен бірлесіп, Қазақстан қаншалықты мүмкіндігі шектеулі жандар бойынша халықаралық Конвенцияны орындап отыр деген мәселені зерттейміз. Баса айтқым келетіні, бұл бағыттағы жұмысты біз жалғастырамыз, оның ішінде ақпараттандыру және сауаттандыру жұмысы өте маңызды. Осы бағыттағы жұмыстар біздің басты назарда. Сол үшін де бүгінгі вебинарды толық қолдап, ұйымдастырушы Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі Бюроға алғысымызды білдіремін», – деді ол.

Келесі сөз кезегін Бюро директорының орынбасары Роза Ақылбекова алды. Роза Мақсатбекқызы вебинар тақырыптарының маңыздылығына баса назар аударып, барлық қатысушыларға алғыс білдірді.

«Бала құқығы, әйелдер құқығы және сексуалды азшылық құқығы өте маңызды тақырып. Бүгінгі спикерлеріміз аталған тақырыптар бойынша өте білікті сарапшылар, сондықтан, жиынның маңызды әлі мағыналы боларына сенімдімін. Сол үшін бұдан ары қарайғы сөзді сол мамандарға берсек. Тек 10 желтоқсан күні біздің қорытынды, бесінші вебинарымыз болатынын, сол жерде үлкен құраммен кездессек деген тілек білдіргім келеді», – деді ол.

Келесі сөз кезегін мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері бойынша спикер, «Қадыр-Қасиет» ұйымының өкілі Айгүл Шакибаева алды.

«Мұндай кездесулердің әсіресе олардың жазылып, ортақ көрілімге жариялануы өте маңызды. Он жылдан бері мүмкіндігі шектеулі балаларды бағып отырған аналармен жұмыстан байқағаным, осындай ақпараттық контенттің көбеюінің арқасында аналардың құқықтық сауаттылығы артқан. Қазір азаматтар өз мәселелерін ашық айтып, мемлекеттік органдардан тиісті көмек сұраудан қорықпайтын болды. Ендігі біздің, құқыққорғаушылардың басты көмегі сол азаматтарға өз талабын дұрыс, сауатты жеткіуге көмектесу.

Қазақстан көрші елдермен салыстырғанда бұл мәселеде алдыда. Алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарды құжат жүзінде қабылдаған. Алайда, біздің қоғамның және мемлекеттің қарым-қатынасы халықаралық стандарттардан алыстау. Себебі, әлі де «инвалид» сөзі бір қор адам, қор өмірмен байланысты айтылады. Қандай да мемлекеттік жеңілдік алу үшін де сол сөзге, сол статусты алуға мәжбүр. Ал өркениетті, дамыған елдер мысалына келер болсақ, ондай жандар ешбір арнайы сөзге байланыстырылмай, керек қажеттілігіне қарай көмек алады. Бізде сол сөздің өзінен қорланып, көмекке жүгінбейтін азаматтар бар. Мемлекеттік органдар да ол статусты, сәйкесінше барлық тиесілі жеңілдіктерді бірден бере салуға құлықты емес. Елде 700 мың мүмкіндігі шектеулі азамат, оның ішінде 90 мың бала бар екенін ескерсек, бұл өте күрделі мәселе. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев біздің инклюзивті қоғам құру бағытында екенімізді айтқанымен, іс жүзінде ол ұғымнан әлі де алыспыз» – дейді спикер.

Келесі сөз кезегін білікті маман, әйелдер мен балалар құқығы бойынша маман Зульфия Байсакова алды. Ол өз кезегінде елдегі заңнаманың кемшіліктеріне тоқталды.

«Біз кеше ғана қазіргі парламент депутаттарымен кездесуде болдық. Олар да әйел мен балаға қатысты қорлық мәселесін шешуді, әрекетті қалайды. Алайда, біз қылмыстық жауапкершілік туралы айтқанда бірден кері шегінеді. Аргумент ретінде Қазақстан түрмелеріндегі азаматтар санының көптігін, егер үйдегі әлімжеттік үшін қылмыстық жауапкершілік болса ол санның тіпті артатынын айтады», – дейді спикер. Өте қызық логика, сонда түрме халқының саны өспесін деп, қылмыс жалғаса беруі керек пе?

Сонымен қатар Зульфия Байсакова сексуалды зорлау және сексуалды алымсақтық үшін заңның жұмсақтығын, ал алымсақтық ұғымы қылмыстық кодексте тіпті жоқ екенін айтты.

Заңнаманы өзгерту жігері болмай, бұл бағыттағы қылмысты тоқтату, алдын-алу мүмкін емес екенін жеткізді.

Ал сексуалды азшылық құқығы бойынша «Феминита» ұйымының жетекшілерінің бірі Гүлзада Сержан пікір білдірді.

«Біздің Қазақстанды таза құқыққорғау бағытындағы аралау мақсатымыз, кездесулеріміз үлкен дискриминацияға ұласты. Мемлекеттік орган өкілдері белгісіз топпен бірге біздің жиындарымызды тоқтатып, құқығымыздың бұзылуына тікелей атсалысты. Осы әрекеттің өзінен қоғамның ғана емес, мемлекеттің дискриминациялық позицияда екенін анық көруге болады. Дәл осы қарым-қатынас өзгермей ешқандай құқықтың сақталуы туралы айтудың қажеті жоқ. Мемлекеттің өзі біздің құқығымыздың шектелуіне мүдделі болып отыр», – дейді ол.

Қорытынды ретінде жиын қатысушылары өздерінің ұсыныстарын айтып, 10 желтоқсан күні қорытынды вебинарда кездескенше қоштасты.


Сондай-ақ қараңыз