Воронцовқа психиатриялық сараптама тағайындалды
  • Басты
  • >
  • Воронцовқа психиатриялық сараптама тағайындалды

Воронцовқа психиатриялық сараптама тағайындалды

25.05.2026

Бұрынғы діни қызметкердің қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов бұған қарсы шағым түсірді. Оның айтуынша, Воронцовтың ақыл есі дұрыс

Бұрынғы діни қызметкер, «есірткі притонын ұйымдастырды» деген күдікке ілініп, екі айға қамауға алынған Иаков Воронцовты психиатриялық сараптамаға жіберу туралы қаулы қабылданды. 

Алматының тергеу соты бұрынғы дін қызметшісі, Украинадағы соғысқа қарсылық білдіріп жүрген Иаков Воронцовты психиатриялық сараптамадан өткізу туралы қаулы шығарды. Воронцов ақпан айынан бері тергеу изоляторында отыр, деп хабарлады «Азаттық».

«Психиатриялық көмек көрсететін мекемеге орналастыру туралы қауіпсіздік шарасы сотқа дейінгі тергеу кезінде күшінде болады, одан кейін тергеу сотының судьясы сотқа дейінгі тергеу органының өтініші бойынша оның мерзімін бір айға ұзарта алады немесе оның күшін жоюы мүмкін» деп жазылған сот қаулысында.

Воронцовтың қорғаушысы Ғалым Нұрпейісов оны сараптамаға жіберуге қарсы екенін, бұрынғы діни қызметкердің ақыл есі дұрыс екенін жеткізді. 

“Кез келген сараптамаға негіз болуы керек – Иаков Воронцовта ешқандай психикалық ауытқу белгілері жоқ. Біз оның тағдырына алаңдап отырмыз” деді Нұрпейісов.

Бұған дейін Воронцовтың тергеу изоляторында шашы қырылғаны да айтылған болатын. Қорғаушысы мұны заңсыз деп тануды сұрап, тергеу изоляторы қызметкерінің үстінен шағым түсірді. Мұны жасаған түрме қызметкері жауапқа тартылғаны белгілі болды. 

Ғалым Нұрпейсіов сондай-ақ сараптама тағайындау туралы өтінішхат берілгені жөнінде өзіне жай ғана хабарланғанын айтты. Оның сөзінше, бұл мәселеде алдын ала пікірін ешкім сұрамаған. Қазір ол сот қаулысына шағымдануға дайындалып, жеке шағым әзірлеп жатыр.

«Власть» басылымына берген түсініктемесінде қорғаушы Воронцовтың әзірге басқа мекемеге ауыстырылмағанын айтты. Себебі адвокат сот қаулысына шағым түсірген, ал ол әлі заңды күшіне енген жоқ.

«Оны сол жерге ауыстырғаннан кейін, заң бойынша сараптама жүргізу мерзімі бір ай болады. Алайда белгілі бір жағдайларда бұл мерзім екі айға дейін ұзартылуы мүмкін. Мұндай мүмкіндік заңда қарастырылған», — деді адвокат.

Биыл 13 ақпанда Алматының әкімшілік соты Иаков Воронцовты “Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді, сондай-ақ күшті әсер ететін заттарды медициналық емес мақсатта тұтыну” бабы бойынша 10 күнге қамаған. Сол кезде қалалық полиция департаментінің тергеу басқармасы есірткі заттарын қолдануға арналған притон ұйымдастыру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатқанын хабарлаған еді.

Воронцов өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарған. “Үйімнен табылды делінген ұнтақ маған тиесілі емес. Ол әдейі тасталған деп білемін. Осылардың бәрі – абырой-беделімді түсіріп, мені жазалау үшін жасалған” деген ол қамауда отырып жазған хатында. Воронцов 10 күндік қамаудан шыға сала тергеуге әкетіліп, ізінше тергеу сотының шешімімен 2 айға қамалған. Қазір ол Алматының тергеу абақтысында қамауда отыр.