БҰҰ Адам құқығын қорғау комитеті 2016 жылы бес жылға сотталған белсенділер Боқаев пен Аянның құқығы бұзылды деп санайды
Белгілі құқық қорғаушы, 2016 жылы жер митингілері үшін бес жылға сотталған атыраулық белсенді Макс Боқаев Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқығын қорғау комитетінде жеңіске жетті.
Бұл туралы белсендінің өзі әлеуметтік желідегі жазбасында жариялады.
БҰҰ Адам құқығы комитетіне Макс Боқаев пен Талғат Аянның арызы негізінде шағым жолданған.
«Адам құқықтары жөніндегі комитет Факультативтік хаттаманың 5-бабының 4-тармағына сәйкес әрекет ете отырып, өзіне ұсынылған ақпарат Қазақстан Республикасы қатысушы мемлекет тарапынан М. Боқай мен Т. Аяновтың Пактінің 9-бабының 1-тармағына, 19-бабының 2-тармағына және 21-бабына сәйкес құқықтарының бұзылғанын көрсетеді деп есептейді. Сонымен қатар, Комитет қатысушы мемлекет Боқайдың Пактінің 10-бабының 1-тармағына және 17-бабының 1-тармағына сәйкес құқықтарын да бұзған деп санайды» деді Макс Боқаев.
БҰҰ Адам құқығы комитетіне шағымды дайындаған – «Қадір қасиет» қорының жетекшісі Анар Ибраева.
Макс Боқаевтың айтуынша, БҰҰ Адам құқығы комитеті бұл шағымды сегіз жыл бойы қарап, енді ғана белсенділердің құқығы бұзылғанын мойындады.
Қазақстан билігі әзірге бұл шағымға ешқандай ресми әрі жария жауап бермеді.
Естеріңізге сала кетсек, 2016 жылы Қазақстан қалаларында жерді шетелдіктерге сатуға әрі жалға беруге қарсы митингілер өтіп, оған мыңдаған адам қатысқан еді. Ең алғашқы жер митингісі 24 сәуір күні Атырау қаласында өтті. Оны ұйымдастырғандар – белсенділер Макс Боқаев пен Талғат Аян болды. Бес мыңға тарта адам қатысқан наразылық шарасына сол кездегі облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қатысып, ешкімнің де жазаға тартылмайтынын мәлімдеген болатын.
Кейіннен наразылық акциялары еліміздің басқа өңірлерінде де өтті. Артынша, Назарбаев жерді шетелдіктерге жалға беруге бес жыл мораторий жариялап, жер комиссиясын құрған болатын.
Макс Боқаев пен Талғат Аян «әлеуметтік араздықты қоздыру» бабы бойынша қылмыстық жазаға тартылып, олар бес жылға бас бостандығынан айрылды. Макс Боқаев тек 2021 жылы өзіне кесілген мерзімді толық аяқтап, түрмеден босатылды.
ФОТО: «Ақ жайық» газеті