• Басты
  • >
  • Төрт бірдей түрме қызметкері құқық қорғаушы Семенованы сотқа берді

Төрт бірдей түрме қызметкері құқық қорғаушы Семенованы сотқа берді

11.06.2020

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі соты құқық қорғаушы Елена Семенованы сотқа берген түрме әкімшілігі өкілдерінің бірінің шағымын қарай бастады. Қостанайдағы УК-161/2 қатаң режимдегі колония бастығының орынбасары Гүлмира Мырзалы “ар-намыс, абырой және іскерлік беделді қорғау” туралы шағымында соттан Семенованың Facebook желісіндегі жазбасы шындыққа сәйкес келмейді деп тануды талап етіп отыр.

Процесс онлайн өтіп жатыр. Істі судья София Хисматуллина жүргізеді. Жауапкер Елена Семенова адвокаты Манарбек Мусиновпен бірге сотқа Павлодар қаласынан қатысып жатыр. 10 маусым күнгі сот отырысында маман Галина Мустакимованың қорытындысы тыңдалды. Процеске шағым беруші жақтан қатысқан маман Семенова жазбасында “Мырзалының ар-намысы, абыройы және іскерлік беделіне нұқсан келтіреді деп айтуға болатын сөздер мен тіркестер бар” деген қорытынды жасаған.

Бұдан соң судья 17 маусымға дейін үзіліс жариялады.

3 маусымда Елена Семенова УК-161/2 мекемесінің бастығы Әсет Шәріпов түсірген “іскерлік беделді қорғау” туралы істе жеңілген. Шәріпов те Семенованың тұтқындарға азаптау және медициналық көмек көрсетілмейтіні жайлы жазбасындағы ақпаратты жоққа шығаруды талап еткен.

Бейсенбі, 11 маусымда Павлодардың азаматтық істер жөніндегі сотында Алматы облысы Заречный елді мекенінде орналасқан ЕС-166/4 қоныстандыру колониясының бастығы түсірген шағым бойынша сот өтеді. Бұл шағымға Семенованың осы түрме қызметкерлері тұтқын Михаил Санинді ұрып-соғып, жарақаттады деген жазбасы түрткі болған. Түрме әкімшілігі соттан бұл ақпаратты шындыққа сәйкес келмейді деп тануды және жазбаны терістеуді талап етіп отыр.

Бұған дейін де Елена Семенованың үстінен осыған ұқсас бірнеше шағым түскен. Оның екеуі қылмыстық іске айналуы мүмкін.

Елена Семенова – тұтқындардың құқықтарын қорғаумен айналысатын құқық қорғаушы. Осыған дейін билік оның үстінен бірнеше рет қылмыстық іс қозғаған. Семенова істі өзінің құқық қорғау әрекетімен байланыстырған.