Жеті айдан кейінгі жаза: Алматыда белсенді Бауыржан Атинбаев 15 тәулікке қамалды
  • Басты
  • >
  • Жеті айдан кейінгі жаза: Алматыда белсенді Бауыржан Атинбаев 15 тәулікке қамалды

Жеті айдан кейінгі жаза: Алматыда белсенді Бауыржан Атинбаев 15 тәулікке қамалды

17.08.2026

Алматы соты азаматтық белсенді Бауыржан Атинбаевты 15 тәулікке қамады. Оның үстінен әкімшілік кодекстің 488-бабының 1-бөлігі «Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібін бұзу» бойынша айып тағылған.

15 тамызда Алматы қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты Бауыржан Әтімбаевты кінәлі деп танып, 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарды.

«Әлеуметтік желілерді тексеру барысында анықталғаны, яғни Б.Ж.Атинбаев 2026 жылғы 27 қаңтарда 11 сағат 00 минут шамасында, Алматы қаласы, Қазыбек би көшесі, №66 мекен-жайында орналасқан Алматы қалалық сотының маңында қоғамдық орында, басқа белсенділермен бірге бола тұра, «Мирболатқа бостандық» деп ұрандатып және оны ұялы телефонына тікелей эфир жүргізіп, жергілікті атқарушы органның рұқсатынсыз, белгіленбеген жерде заңсыз митингке қатысқаны анықталған», – делінген сот қаулысында.

Сотта Бауыржан Атинбаев өзіне тағылған айыппен келіспеген. Ол ешқандай митингке қатыспағанын алға тартып, істің жеті ай өткеннен кейін қозғалып отырғанын айтқан.

Адвокат Жанар Балғабаева соттан құқық бұзушылық құрамы болмағандықтан, істі тоқтатуды сұраған.

27 қаңтарда Алматының апелляциялық соты блогер Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырған.

Мирболат Мырзатайұлы былтыр қыркүйек айында ұсталып, оған қоқыс жинайтын мекеме басшысынан мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткені үшін «ұлтаралық араздықты қоздырды» деген айып тағылған. Медеу аудандық соты оны төрт жылға түрме жазасына кескен. Белсенді өзіне тағылған айыппен де, үкіммен де келіспеген.