Құрылтай сайлауы қарсаңында Алматыда әкімшілік қамауға алынған белсенді Бағдат Бақтыбаев тамақтың дұрыс берілмеуіне қарсылық білдіріп, қасық жұтқаны хабарланды. Тағы бір белсенді Бауыржан Әтінбаев қолын кескен. Бұл жөнінде саяси белсенді Абзал Достияров мәлімдеді.
Абзал Достияровтың жазуынша, Алматыдағы Лобачевская 10 мекен-жайындағы әкімшілік қамауға алынғандарды ұстайтын мекемеде отырған Бағдат Бақтыбаев тамақтың дұрыс берілмеуіне наразылық білдірген. Осыдан кейін мекемеге тамаққа жауапты компания өкілі келген. Алайда тараптар түсінісе алмаған. Бақтыбаев компания өкіліне балағат сөз айтқан.
22-ші тамыз күні түнге 22:00-де осы оқиғаға байланысты әкімшілік сот өткен. Сот Бағдат Бақтыбаев тағы да 20 тәулікке қамауға шешім шығарған. Мекемедегі тамаққа жауапты компания өкілі істе жәбірленуші деп танылған.
Абзал Достияров жариялаған сот видеосында Бағдат Бақтыбаев прокуратураға 9 рет арыз жазғанын, алайда ешкімнің келмегенін және жедел-жәрдемнің орнына психикалық ауытқуы бар адамдарды емдейтін мекеме қызметкерлері келгенін айтады.
«Мен кешеден бері үш қасық жұттым. Себебі прокуратура мен102 шақырылмады. Медициналық көмек мүлде көрсетілмеді. Мекеме қызметкері жедел-жәрдем емес, психиатриялық клиниканы шақырды. Олар мені қайырып ұстады да, екпе салды. Кейін мен ұйықтап қалдым. Осыған қарсылық ретінде Бауыржан Әтінбаев қолын кесті. Оған алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қолын орап берді, болды», – деді Бағдат Бақтыбаев.
Сотта прокуратура өкілі Бағдат Бақтыбаевтан ешқандай арыз-шағым алмағанын мәлімдеді. Ал жәбірленуші мекемеге сөйлесуге барғанда Бақтыбаев тілдесуге келместен, балағат сөздер айтқанын алға тартты.
«Мен мекемеге сөйлесуге барғанымда ол [Бақтыбаев] балағат сөз айтып, агрессия танытты. Нәтижесінде тілдесе алмадық. Бұл азамат мекеме қызметкерлеріне қарай жүгірді. Мен онымен дұрыстап сөйлескім келген», – деді жәбірленуші.
Бағдат Бақтыбаев компания өкілі тамақтың дұрыстығын айтып, өзіне менсінбей қарағанын айтты. Оның сөзінше, кестеде жазылған сұлы ботқасының орнына арпа ботқасы берілген. Ешқандай сүт қосылмаған. Алайда компания өкілі оның барлығын жоққа шығарған. Осыдан соң тілдесу мүмкін болған.
Сотта Бақтыбаев өзінің балағат сөз айтқанын жоққа шығармады. Адвокат Жанар Балғабаева белсендінің өз кінәсін мойындағанын, арандату әрекеті болғанын ескеріп, қатаң жаза бермеуді сұрады. Алайда сот Бақтыбаевты 20 тәулікке қамауға алу туралы шешім шығарған. Соттан кейін ол ауруханаға жеткізілген.