12 тамызда журналист, «Ахуал сегодня» YouTube-арнасының авторы Азамат Омаровқа қатысты тергеу аяқталғаны белгілі болды. Енді журналистің қорғаушылары мен отбасы іс материалдарымен танысу мүмкіндігін күтіп отыр. Бұл туралы адвокат Төлегее Шаиковқа сілтеме жасап «Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры хабарлады.
Омаров 18 шілдеде ұсталып, кейін қамауға алынды. Журналист қылмыстық кодекстің 174-бабы — «Араздықты қоздыру» бойынша күдікке ілінген.
Омаровтың адвокаты Төленен Шаиковтың айтуынша, қылмыстық іс журналистің YouTube-арнасында жариялаған бейнематериалдарына байланысты қозғалған.
Бұл видеоларда Омаров билік өкілдеріне қатысты сатиралық және сыни пікірлер айтқан. Адвокат келтірген Azattyq Asia басылымында жарияланған сот қаулысында:
«Бейнеде Омаров сатиралық түрде президент, қазіргі билік туралы пікір білдіреді, әлеуметтік-экономикалық саясат пен мемлекеттің қызметіне қатысты мәселелерді қозғайды. Айтылған сөздер ирониялық және сыни сипатта», — деп көрсетілген.
YouTube-арнадан өшірілген соңғы видеоролик «Обнуление + мечеть святого Нурсултана» деп аталады. Онда Қазақстанның бұрынғы және қазіргі президенттері туралы айтылған.
Журналистің жұбайы Венера Мустафина қылмыстық қудалауға дейін бірқатар оқиға болғанын, олардың барлығы жиынтық түрде елеулі сұрақтар туындататынын айтып отыр.
Біріншіден, 2 маусымда Алматыдағы Омаровтар отбасы тұратын үйдің автотұрағында белгісіз ер адам журналистің әкесіне тиесілі көліктің үш дөңгелегін пышақпен тілген. Оның әрекетінің себептері түсініксіз болып қалғанымен, кінәлі адамға болмашы әкімшілік жаза қолданылған.
Екіншіден, 10 маусымда Азамат Омаров велосипедшімен болған оқиғадан кейін полицияға жеткізілген. Отбасының айтуынша, Омаров саябақта жай ғана серуендеп жүрген кезде оның жанында велосипедші құлап қалған. Соған қарамастан журналисті полицияға шақырып, бөлімшеде шамамен бір сағат ұстаған. Бұл ретте Омаровқа болған оқиғаның бейнежазбалары көрсетілмеген және өзін жәбірленуші деп таныстырған адаммен кездесуіне мүмкіндік берілмеген.
Кейін бұқаралық ақпарат құралдарындағы жарияланымдардан жанжалдың «реттелгені» белгілі болды. Алайда Омаровтың отбасы болған оқиғаның мән-жайы мен тексеру нәтижелерін растайтын қандай да бір ресми құжаттарды әлі күнге дейін алмаған.
Омаровтың отбасы бұл оқиғалардың барлығы оның қамауға алынуына алдын ала жасалған әрекеттер болуы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Бұған қоса, адвокат Төлеген Шаиковтың Facebook-тегі парақшасы бұғатталған.
«Әділ сөз» халықаралық сөз бостандығын қорғау қоры Азамат Омаровтың қылмыстық қудалануын, оның адвокатының интернет-ресурстарының бұғатталуын, сондай-ақ журналистің отбасының айналасында болған белгісіз әрі күмәнді оқиғалар сериясын тәуелсіз БАҚ пен азаматтық белсенділерге жүйелі қысым көрсету белгілері бар бірыңғай оқиғалар тізбегі ретінде бағалады.
Бұған дейін бұлтартпау шарасын өзгерту туралы өтініш берген адвокат Төлеген Шаиков қазір Омаровты қамауда ұстауды тоқтатып, оны электронды бақылау құралдарын қолдану арқылы үйқамаққа ауыстыруды тағы да сұрап отыр.