Азматтық белсенді Санжар Боқаевты қамауда ұстау мерзімі тағы бір айға ұзартылды.
«Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожаны қамауда ұстау мерзімі 18-ші қыркүйекке дейін ұзартылды», – деп жазды Facebook желісінде заңгер әрі саяси белсенді Әлнұр Ильяшев.
Бұған дейін адвокат Радмир Өтепов Санжар Боқаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары 13-ші шілдеде аяқталғанын хабарлаған. Қазір қорғау тарапы іс материалдарымен танысып жатыр. Осыдан кейін іс сотқа жолдануы тиіс.
Белсенді 18 наурыздан бері тергеу абақтысында отыр. Билік орындары ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап, жалған ақпарат таратқан және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялаған деген күдікке ілінгенін айтқан.
Ақпан айының ортасында Боқаев Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, АҚШ-қа қоныс аударып, сол жақтан бизнес ашқанын мәлімдеген. «Нәтижесіз қоғамдық-саяси жұмыстан шаршағанын» айтқан.
Бас прокуратура нұсқасына сай, Боқаев Алматыдағы Баум тоғайында заңсыз ағаш кесуді өзі ұйымдастырып, оны түсіріп, әлеуметтік желіге жариялаған болуы мүмкін.
Боқаевтың жақтастары істі «қолдан жасалған» деп атап, оның саяси астары бар екенін айтқан.
Санжар Боқаев кейінгі жылдары Қазақстандағы заңсыздықтар, утильалым, бюджет шығындары мен Алматыдағы құрылыс саласындағы күмәнді жайттар туралы видео түсіріп, түрлі мәлімдемелер жасап танылған.
Ол 2022 жылы «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеп, оны тіркете алмаған.
2023 жылы өткен парламент сайлауында депутаттыққа өз-өзін ұсынып, мәжіліске өтпей қалған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген. Бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.
Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі болды.
«Нұр Отан» (жақында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылған «Аманат») партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.