Көк-Жайлау үшін күрес: Алматыда эко-белсенді қамауға алынды
  • Басты
  • >
  • Көк-Жайлау үшін күрес: Алматыда эко-белсенді қамауға алынды

Көк-Жайлау үшін күрес: Алматыда эко-белсенді қамауға алынды

31.08.2026

Алматыда Көк-Жайлау шатқалында жаңа тау-шаңғы курортын салуға қарсылық білдіріп жүрген эко-белсенді Аруна Ортаеваның үйіне тінту жүргізіліп, қамауға алынды. Бұған дейін ол Instagram парақшасында құрылыс аймағында қалып кетуі мүмкін Қызыл кітапқа енген ағаштардың тағдыры талқыланатын аудиожазбалар жариялаған.

29 тамызда Аруна Ортаева үйіне тінту жүргізілгеннен кейін, Алматы қаласының полиция департаментіне жеткізді. Кейіннен оған ҚР Қылмыстық кодексінің 148-бабы — «Хат-хабар, телефон арқылы сөйлесулер, пошта, телеграф немесе өзге де хабарламалар құпиясын заңсыз бұзу» бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында қорғауға құқығы бар куәгер деген процестік мәртебе берілді. Осыдан соң сот оған 15 тәулікке әкімшілік қамауға алу жазасын тағайындады.

Аруна Ортаеваның үстінен іс қозғалуына Instagram парақшасында жариялаған аудиожазбалары себеп болды. Оның айтуынша, бұл жазбалар Алматы әкімдігінде Көк-Жайлауда курорт салуға қатысты мәселелер талқыланған жиынға байланысты болуы мүмкін.

Жарияланған материалдарға қарағанда, аудиожазбада құрылыс аймағына енуі мүмкін шамамен 2000 ағаштың тағдыры талқыланады. Олардың арасында Қызыл кітапқа енген шамамен 700 алма ағашы бар.

Атап айтқанда, аудиожазбада бұл ағаштардың Қызыл кітаптағы мәртебесінен қалай айыруға болатыны талқыланған. Сонымен қатар «қоғамдық тыңдаулар» өткізу және оларды қалай «дұрыс» ұйымдастыру керектігі туралы сөз болаған.

Жазбаның түпнұсқалығы мен әңгімеге қатысушылардың кім екені ресми түрде расталған жоқ. Сонымен бірге Ортаеваға қатысты қылмыстық істің әдейі жалған ақпарат тарату туралы баппен емес, хабарламалар құпиясын заңсыз бұзу туралы баппен қозғалуы құқық қорғау органдары жазбадағы ақпараттың мазмұны мен оны алу жағдайларын қарастырып жатқан болуы мүмкін деген жанама болжам жасауға мүмкіндік береді. Яғни жарияланған мәліметтердің жай ғана ойдан шығарылғанын мәлімдеумен шектелмеген.

Егер Қызыл кітапқа енген ағаштарды жою ниеті туралы ақпарат шындыққа сәйкес келсе, оларды жою туралы шешім қабылдап отырған адамдардың ықтимал жауапкершілігі туралы да мәселе туындайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 340-бабы бойынша ағаштар мен бұталарды заңсыз кесу, жою немесе бүлдіру үшін жауапкершілік қарастырылған.

Ортаева ұсталғаннан кейін полиция департаментінің ғимаратының алдында оның жақтастары жиналды.

Олар белсендінің ағаштарды жоюға қатысты ықтимал заң бұзушылықтарды құқық қорғау органдары тексеріп, тергейді деп үміттенгенін, алайда ақыр соңында оның өзі ұсталғанын айтты.

Ортаеваның жақтастары ұстау кезінде дене жарақаттарын алуы мүмкін екенін де мәлімдеді. Олар жариялаған видеода белсенді денесіндегі көгерген және тырналған жерлерді көрсетеді.

Бұл мәлімдемелер тексеруді қажет етеді. Материал дайындалған кезде аталған жарақаттардың қалай пайда болғаны және осыған байланысты тексеру жүргізілген-жүргізілмегені туралы ресми ақпарат болған жоқ.

Көк-Жайлау шатқалында жаңа тау-шаңғы курортын салу Алматыдағы соңғы жылдардағы ең даулы экологиялық жобалардың біріне айналды.

Шатқал Іле-Алатау мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында орналасқан. Мұнда ірі тау-шаңғы курортын салу идеясы бұған дейін де қоғамның жаппай қарсылығын туғызған.

Көк-Жайлаудың бұрынғы жобасын эколог-белсенділер мен мамандар бірнеше рет сынға алған. Жобаны іске асыруға қарсы уәждердің қатарында бірегей тау экожүйесіне келуі мүмкін зиян, орманды кесу, биоалуантүрлілікке әсер ету, сондай-ақ жобаның экономикалық тұрғыдан тиімсіздігі аталды.

2019 жылы президент Қасым-Жомарт Тоқаев жағдайға қатысты пікір білдіріп, Көк-Жайлауда тау-шаңғы курортын салу жобасының жабылғанын мәлімдеген.

«Менің ойымша, ол бізге қажет емес», — деген болатын сол кезде перзидент. Бұған қоса ол жобаны жүзеге асыру жұмыстарын тоқтатуды тапсырған.

Алайда бірнеше жылдан кейін курорт салу идеясы қайтадан көтерілді.

Бұл жолы әңгіме алдын ала құны шамамен жарты миллиард долларға бағаланған жаңа жоба туралы болып отыр. Бұл қаражаттың едәуір бөлігін мемлекеттік бюджеттен бөлу жоспарланып отыр.