«Ханституцияға» қарсылық: Оралда белсенді Қуаныш Молдалиев 10 тәулікке қамалды
  • Басты
  • >
  • «Ханституцияға» қарсылық: Оралда белсенді Қуаныш Молдалиев 10 тәулікке қамалды

«Ханституцияға» қарсылық: Оралда белсенді Қуаныш Молдалиев 10 тәулікке қамалды

29.08.2026

Жаңа Құрылтай жұмысын бастаған күні Оралда белсенді Қуаныш Молдалиев 10 тәулікке қамалды. Бұл туралы оның өзі Facebook желісінде жазды.

Қуаныш Молдалиев 28 тамыз күні наразылық акциясына шықты. Абай алаңында ол қолына «Ханституция» деген жазуы бар плакат ұстап тұрды.

«Ертең Түркіменстан немесе Солтүстік Корея сияқты болып кетеміз. Сосын ертең бізге үйретеді, қандай шаш үлгісін қоюды, қара машина емес, ақ машинамен жүріңдер дейді. Ертең бара-бара солай болады. Айтады ғой, «әкелердің қорқақтығы, балаларының құл болуына алып келеді» деп. Назарбаев 30 жыл отырды. Енді Тоқаев айтты ғой, Жаңа Конституция бойынша тағыда сайлануға болады деп. Ертең тағы да бір 30 жылға отырып алады», – деді ол.

Белсенді Facebook желісіне тікелей эфирге шығып, өзін-өзі видеоға түсірді. 

Бірақ жалғыз адамдық пикет ұзаққа созылмады. Әкімдік пен прокуратура өкілдері шараның заңсыз екенін айтып, әкімшілік кодекстің 488-бабына қайшы екенін ескертті.

«Қазіргі таңда сіздің іс-әрекетіңіз Қазақстан Республикасында бейбіт жиналыстар ұйымдастыру және өткізу заңына сәйкес, заңсыз болып саналады. Сол себепті сізден заңсыз әрекетіңізді тоқтатуыңызды сұраймын», – деді өзін қалалық ішкі саясат бөлімінің өкілімін деп таныстырған адам.

Қуаныш Молдалиев өзінің іс-әрекетін бейбіт наразылық акциясы екенін айтып, оны тоқтатудан бас тартты. Көп ұзамай белсендіні полиция алып кетті. Кейіннен Молдалиев Facebook парақшасына:

«Бейбіт пикет үшін 10 тәулікке соттады», – деп жазды.

Қуаныш Молдалиев әлеуметтік желіде билікті ашық сынайды. Ол бірнеше рет Қазақстандағы жалақының төмендігіне байланысты отбасын асырау үшін Еуропа елдеріне нәпақа іздеп баруға мәжбүр екенін айтқан.

Молдалиевтің екі баласы бар. Балаларының біріне тұрақты күтім қажет. Қуаныш Молдалиев ерекше қажеттіліктері бар балаларға қажетті жағдайдың жоқтығын да бірнеше рет билік өкілдеріне айтып, бұл мәселені әлеуметтік желіде жариялаған.