Лұқпан Ахмедияров Ресейдегі ісіне байланысты жүргізуші куәлігін ауыстыра алмағанын айтты
  • Басты
  • >
  • Лұқпан Ахмедияров Ресейдегі ісіне байланысты жүргізуші куәлігін ауыстыра алмағанын айтты

Лұқпан Ахмедияров Ресейдегі ісіне байланысты жүргізуші куәлігін ауыстыра алмағанын айтты

29.08.2026

27 тамызда «Просто журналистика» YouTube-арнасының авторы Лұқпан Ахмедьяров Астана полициясы жүргізуші куәлігін ауыстырудан бас тартқанын хабарлады.

Оның сөзінше, бұған Ресейде іздеуде болуы себеп болған.

— Мен Қазақстан азаматымын. Қазақстан полициясы маған мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартып отыр. Себебі Ресей ІІМ-нің сұрауы бойынша “Ресей әскері туралы жалған ақпарат таратты” деген айыппен мемлекетаралық іздеуде жүрмін, – деп жазды Ахмедияров.

Бүгін, 28 тамызда журналист Instagram парағында жүргізуші куәлігін алғанын жазды. Оның айтуынша, полиция полковнигі хабарласып, кеше полиция қызметкері дұрыс қызмет көрсетпегенін айтып, куәлік алуға қайтадан өтініш жіберуді сұраған.

Бұған дейін Астана қаласының полиция департаменті журналистің үстінен қылмыстық кодекстің 274-бабы (“Көпе-көрнеу жалған ақпарат тарату”) бойынша іс қозғалғанын растаған.

– Сіздің сұрауыңызда көрсетілген тұлғаға қатысты көрінеу жалған ақпарат тарату фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр, – деп жауап берген Азаттық радиосының сауалына департамент басшысының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдин.

Бірақ сол уақытта полиция журналистің іс аясындағы мәртебесі туралы ештеңе айтпаған.

3 тамызда Лұқпан Ахмедияровты Қазақстаннның Шекара қызметі елден шығармай қойған. Ол Астана әуежайынан Черногорияға отбасымен бірге ұшпақ болған жерінен кері қайтуға мәжбүр болды.

Лұқпан Ахмедияровтың айтуынша, әуежайда Шекара қызметінің өкілі оған “сіздің елден шығуыңызға Астана полициясы тыйым салған, не себепті екенін білмеймін” деген.

Журналист бұл оқиғаға дейін, 31 шілдеде тергеушінің шақыртуымен полиция басқармасына барып, түсініктеме берген. Оның сөзінше, Андрей Котов деген Өскемен тұрғыны оның үстінен арыз түсірген.

Соның қарсаңында әлеуметтік желіде өзін Андрей Котовпын деп таныстырған өскемендік «заңда көрсетілген құқықтарым бұзылып жатыр» деп Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің атына үндеу жолдаған.

Котов журналистің Украинадағы “Хочу жить” жобасының Ресей әскерінің қатарында жалдамалы ретінде соғысып жатқан қазақстандықтар тізімін бөліскеніне шүйліккен. Сөзінше, тізімде оның да есімі бар. Бірақ Украинада соғыспағанын, Ресейде вахтада жұмыс істегенін айтады.

Лұқпан Ахмедияров Украинаның мемлекеттік жобасы жариялаған тізімді бөлісіп, билік назарын аударуды көздегенін айтады.

– “Біз нақты білеміз, тізімдегі Қазақстанның 661 азаматының бәрі соғысқа қатысқан” деп, ешбіріміз жазған жоқпыз. Бәріміз, міне, мынандай тізім шықты деп жаздық. Менің мотивациям Қазақстан үкіметінің соған назарын аудару болды, – дейді ол.

13 тамызда “Хочу жить” жобасы ресми Астананы Лұқпан Ахмедияровты қудалауға жол бермеуге үндеді.

Украинаның “Хочу жить” мемлекеттік жобасы Астана полициясының журналист Лұқпан Ахмедияровты “көрінеу жалған ақпарат тарату” күдігімен қылмыстық іс қозғап, тергеуге алғанын оның кәсіби қызметіне қысым көрсету деп бағалап, Қазақстан билігін сөз еркіндігі қағидаларын сақтауға шақырды.

“Хочу жить” жобасы Ахмедияровтың “Просто журналистика” жобасында айтылған Ресей әскері құрамында соғысқан немесе соғысып жүрген Қазақстан азаматтарының тізімін бұған дейін өзі жариялағанын айтқан. Украиналық ұйым қолында әлемнің 135 елінен шыққан 28 мыңнан астам шетел азаматы туралы дерек барын, оның ішінде кемінде 2420-сы Қазақстан азаматы екенін айтқан. Бұл мәліметтер бірнеше рет жарияланып, Украинадағы Қазақстан консулы Бауыржан Бегәлімовке де тапсырылғанын атап өткен.

Жоба тізімдердегі деректер толық болмауы мүмкін екенін айтып, оларды құқық қорғау органдары, журналистер мен OSINT-зерттеушілер қосымша тексеріп, нақтылауы үшін жариялайтынын түсіндірген.

Украинаның “Хочу жить” жобасы Ресей қатарында соғысқан шетел азаматтарының тізімін кезең-кезеңімен жариялап келеді. Бұл ақпаратты Қазақстанда бөліскен медиа, желі қолданушысы көп. Дегенмен Лұқпан Ахмедияров былтыр да Тараз тұрғынының дәл осыған ұқсас шағымы бойынша полицияға шақыртылған болатын.