Алматы соты журналист Гүлнар Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырды
  • Басты
  • >
  • Алматы соты журналист Гүлнар Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырды

Алматы соты журналист Гүлнар Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырды

19.08.2026

Алматы соты Orda.kz басылымының бұрынғы бас редакторы Гүлнар Бажкенованы 8 жылға бас бостандығынан айырды.

Vlast.kz сайтының жауынша, 18 тамызда Алматы қаласының Бостандық аудандық №2  соты Гүлнар Бажкенованы кінәлі деп танып, 8 жылға бас бостандығынан айырды. Бірақ сот үкіміне сәйкес, жазаны өтеу мерзімі екі жылға кейінге шегерілді.

Сондай-ақ, оған 5 жылға журналистік, жария және басшылық қызметпен айналысуына тыйым салды.

Сот Гүлнар Бажкеноваға рақымшылық туралы заңды қолданудан бас тартты. Соттың түсіндіруінше, Қылмыстық кодексінің 189-бабы«ұйымдасқан топ жасаған немесе аса ірі мөлшердегі бөтеннің мүлкін иемдену немесе ысырап ету» рақымшылыққа жатпайды.

Бұған дейін, 14 тамызда прокурор Бажкеноваға 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасынсұраған.

Гүлнәр Бажкеноваға Қылмыстық кодекстің 189-бабы («Біреудің мүлкін иемдену және жымқыру»), 214-бабы («Заңсыз кәсіпкерлік қызметпен айналысу») және 274-бабы («Көрінеу жалған ақпарат тарату») бойынша айыптар тағылған. Журналистің үстінен қылмыстық істер азаматтар жазған арыздар бойынша қозғалған. Іс материалдарында 11 адам жәбірленуші ретінде көрсетілген. Олардың арасында OrdaMedia.kz ЖШС директоры Мақсат Ғаниев, «Қазақстан темір жолы», «ҚазМұнайГаз» және басқа да ұйымдардың өкілдері бар.

Сейсенбі күні сотта сөйлеген соңғы сөзінде Гүлнар Бажкенова өзіне тағылған айыптарды тағы да жоққа шығарып, соттан өзін кәсіби құқықтарынан айырмауын сұраған. Ол журналистік қызметке тыйым салуды «азаматтық өлім жазасына» теңеген.

Сот процесі бір жарым айға созылды. Гүлнар Бажкенова былтырғы желтоқсан айынан бері үйқамақта отыр. 2025 жылғы 1 желтоқсанда оның пәтерінде және Алматы мен Астанадағы Orda.kz кеңселерінде тінту жүргізілді. Полиция журналистің үстінен «көрінеу жалған ақпаратты бірнеше рет және қасақана таратқаны үшін қылмыстық іс қозғалғанын» хабарлаған.

Журналист, медиаменеджер Гүлнәр Бажкенова бұрын түрлі ірі медиажобаларға жетекшілік еткен. Ол былтыр үстінен қылмыстық іс қозғалғанға дейін Orda.kz интернет-басылымының бас редакторы болып істеген.

Былтыр шілдеде Гүлнәр Бажкенова өзі негізін қалаған әрі бас редактор ретінде басқарып отырған Orda.kz басылымын билікпен байланысы бар адамдар рейдерлік жолмен тартып алғалы жатқанын мәлімдеген. Бұған дейін де түрлі қысым жасалып келді деген журналист сайтты алып қалу үшін Қазақстанның да, АҚШ-тың да сотына арызданып жатқанын айтқан еді.

Журналист үйқамаққа алынғаннан кейін, былтыр желтоқсанның басында «Журналистерді қорғау комитеті» Қазақстан билігін Гүлнар Бажкеноваға тағылған айыпты алып тастап, басылымның еркін жұмыс істеуіне жағдай жасауға шақырған.