• Басты
  • >
  • Қытайдан Қазақстанға қашқан Қастер мен Мұрагер бостандыққа шықты

Қытайдан Қазақстанға қашқан Қастер мен Мұрагер бостандыққа шықты

22.06.2020

Қытайдан Қазақстанға қашқан Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы бостандыққа шықты.

Маусымның 22-і күні Семей қаласындағы колониядан Қытайдың Шыңжаң аймағынан Қазақстанға қашып, шекараны заңсыз кесіп өткен Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы  бостандыққа шықты. Бұл жөнінде олардың адвокаты Ләззат Ахатова мәлімдеді.

Ләззат Ахатованың сөзінше, Мұсаханұлы мен Әлімұлы онымен бірге Ақмола облысындағы Қоянды ауылына бара жатыр. Ол жерде Мұрагердің апайы Нұргүл тұрады.

Адвокаттың айтуынша, Қастер мен Мұрагердің босқын мәртебесін сұраушы куәліктері тамыз айына дейін жарамды. Оған дейін босқын мәртебесін беру мәселесін Ақмола облысының көші-қон қызметі қарауы тиіс.

Қастер Мұсаханұлы мен Мұрагер Әлімұлы 2019 жылдың қазан айында Қытаймен шектесетін Шығыс Қазақстан облысының Зайсан ауданындағы шекараны заңсыз кесіп өткен. 2020 жылдың қаңтарында қос азаматты сот «мемлекеттік шекараны қасақана заңсыз кесіп өту» айыбы бойынша кінәлі деп танып, бас бостандығынан айырған.


Сондай-ақ қараңыз