Астананың апелляциялық соты саяси белсенді Ермек Нарымбайдың шағымын қанағаттандырусыз қалдырды.
14 қазанда өткен сот отырысында адвокат Василий Сыздықов сотқа бірнеше өтінішхат түсіріп, іс материалдарына екі бірдей дискіні тіркеуді сұрады. Оның бірінде Ермек Нарымбайдың Қырғызстанда ұсталып, Қазақстан тарапына берілген сәті бейнеленген видео жазылған.
Қорғау тарапы Нарымбайды ұстау кезіндегі әрекеттердің заңдылығына күмәнмен қарайды. Осыған байланысты экстрадициялау туралы сот шешімі немесе оны тапсыруға негіз болатын өзге де тиісті құқықтық құжат болмағанын алға тартты.
Ермек Нарымбайдың өзі бұған дейін, бірінші инстанциядағы сот отырысында өзіне тағылған айыпты биыл қабылданған Жаңа Конституцияға қатысты жазбаларымен тікелей байланысты екенін айтқан.
«Бұл іс – өте даулы іс. Тіпті күмәнді деп айтуға болады. Бірінші ақпанда елден шыққан кезде мен еркін азамат едім. Маған қатысты ешқандай әкімшілік те, қылмыстық та іс болған жоқ. Ешқандай айып тағылған жоқ, полицияға шақыртылмадым. Іс материалдарында менің елден кеткенімді, шекарадан өткенімді екінші ақпанда ғана хабарлады деп тұр. Бірақ мен Бішкектегі қызыма кеткенімді шекарадан өтпей тұрып, бірінші ақпанда ескерткенім іс материалдарында жоқ. Енді іс материалдарының өзіне келсек. Қазақта «Бұл мен емес, менің домбырам» деген сөз бар. Мен жасанды интеллектіден АҚШ пен Қазақстан Конституциясын салыстыруды сұрадым. Онда менің бірде-бір сөзім жоқ. Жасанды интеллект Қазақстан президенті мен АҚШ президентінің өкілеттіктерін салыстырып, Қазақстан президентінің өкілеттігі АҚШ президентінің өкілеттігінен үш есе көп деген қорытындыға келді. Бұл оның қорытындысы, менің не қатысым бар? Бүгінде осы Конституцияның және мен заңсыз деп санайтын референдумның нәтижесінде Қазақстан парламенті өз төрағасын өзі сайлау құқығынан айырылған жалғыз елге айналды. Ал мен осыны айтқаным үшін сотталып отырмын. Мен тек жасанды интеллектінің пікірін жеткіздім. Егер ол біреуге ұнамаса, онда жасанды интеллектіні соттасын. Біздің Конституциямызда сөз бостандығына да, саяси әр алуандыққа да тыйым салынбаған емес пе», – деген сол уақытта сотта сөйлеген сөзінде Нарымбай.
Бұдан өзге, қорғаушы істі жан-жақты зерттеу үшін сот тергеуін қайтадан басынан бастап жүргізу туралы өтінішхат түсірді. Ол айыптауға негіз болған Ермек Нарымбайдың Facebook желісіндегі жазбаларына қатысты құжаттардың түпнұсқасы болмауына назар аударды. Адвокаттың сөзінше, тергеуші ол құжаттарды жойып жіберген. Ол өз кезегінде дәлелдемелердің растығына күмән туғызады.
«Бірінші өтінішхат видеолар жазылған дискілерді іске тіркеу туралы болды. Ал екінші өтінішхат Ермек Нарымбайдың өзін сот процесіне қатыстыру туралы болды. Бірақ барлығы қанағаттандырусыз қалдырылды», – дейді Василий Садықов.
Сот отырысына Ермек Нарымбайдың інісі Арман Нарымбай да қатысты. Қоғамдық қорғаушы ретінде адвокаттың уәждерін қолдайтынын айтты.
Мемлекеттік айыптаушы қорғау тарапының өтінішхаттарына қарсылық білдірді.
Сот ұсынылған өтінішхаттарды қабылдаудан бас тартқаннан кейін, Арман Нарымбай сотқа сенімсіздік білдіретінін мәлімдеді. Алайда оның бұл өтініші де қабылданбады. Сот ол келтірген уәждер сенімсіздік білдіруге жеткіліксіз екенін мәлімдеді.
Нарымбай биыл ақпанда қамауға алынған. Оған «Бұған дейінгі сот шешімін орындамады» деген айып тағылған. Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы Қонаев қалалық сотының үкіміне сәйкес, Нарымбайдың өтелмеген 11 ай, 8 күн мерзіміндегі бас бостандығынан айыру жазасы пробациялық бақылауға ауыстырылып, қосымша жаза ретінде бес жылға қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынған. Бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жаза 2024 жылы 9 шілдеде толығымен өтелген. Ал қосымша жаза бойынша, Астана қаласының пробация қызметіне есепке тіркеліп, оның мерзімі 2028 жылдың 30 шілдесіне дейін созылатыны мәлім болған. Осы жолғы істе оған осы «қоғамдық қызметпен айналыстың» деген кінә тағылған.
Биыл тамызда сот оны «сот шешімін орындамаған» деген айыппен екі жарым жылға қамап, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға үш жарым жылға тыйым салған. Нарымбаев тағылған айыпты мойындамайды, оның қорғаушылары «бұл саяси астары бар іс» деп есептейді.
«Билік мені ешқандай сот үкімінсіз-ақ жазалады деп есептеймін. Сонымен қатар, әлеуметтік желіде парақшасы бар барлық блогер, журналист және кез келген азамат осындай жағдайға тап болуы мүмкін. Яғни, ешқандай сот үкімінсіз, тергеушінің, судьяның немесе прокурордың қаулысынсыз егер адамның көзқарасы үкіметтің ұстанымымен сәйкес келмесе, оның әлеуметтік желідегі материалдарын жоя салып, заңсыздықты жасай беруге болады», – деген сол уақытта сотта сөйлеген сөзінде Нарымбай.
Ермек Нарымбай 2000-шы жылдардың басынан белсенділігімен көзге түскен. Осы күнге дейін оның үстінен оннан астам іс қозғалды. Соның төртеуінде қылмыстық іс бойынша жаза кесіліп, өзге істерде әкімшілік жауапқа тартылған.
2010 жылы Ермек Нарымбай сол кездегі президент Нұрсұлтан Назарбаевтың отставкаға кетуін талап етіп, «Назарбаев, кет!» деп ұрандап митингіге шықты. Сол жылы «сотты құрметтемеді», «полицияға күш көрсетті» деген айыппен төрт жылға бостандығынан айырылып, колонияға жіберілді. 2012 жылы қамаудан босап шықты.
2016 жылы сот оны «алауыздық тудырды» деген айыппен екі жылға бас бостандығынан айырды. Кейін апелляциялық сот жазаны жеңілдетіп, қамау жазасын еркіндігін шектеу жазасына ауыстырды.
2016 жылы шілдеде Ермек Нарымбай Қазақстаннан Қырғызстанға өтіп, кейін Украинаға эмиграцияға кетті. Алты жыл Киевті паналады. 2022 жылы Алматыға ұшып келген бетті әуежайда ұсталып, бір жарым жыл бойы түрмеде отырып, 2023 жылдың жазында босап шықты. Белсендінің биыл ақпанда ұсталуына ілік болған «қоғамдық-саяси қызметпен айналыспау туралы тыйым» осы істен басталып отыр.