Алматыда белсенді Санжар Боқаевқа қарсы қозғалған қылмыстық іске байланысты сот даумен басталды. Сот ғимараты алдында іс бойынша «негізгі куәгер» деп аталған азаматты полиция ұстап алып кетті. Ал процестің өзіне журналистер кіргізілмеді. БАҚ өкілдері отырысты екінші қабаттағы залдан бақылады. Боқаевқа бес бап бойынша айып тағылды.
Азаматтық белсенді Санжар Боқаев мобилографы Ұлан Нүсіпқожа мен жиені Мадияр Қалменовпен бірге істі болып жатыр. 16 қазанда басталған сот отырысына сотталушылардың адвокаттарымен қатар, жақтастары да қатысты. Алайда олар да процесті өзге залдан бақылады.
Журналистер отырған залда сот басталған сәтте шамамен 20 минуттай байланыс болмады. Қара экранда «Нет сигнала» деген жазу ғана болды. Оған қарап, БАҚ өкілдері «Әдейі жасалған» десті. Көп ұзамай байланыс қалпына келді. Алайда дыбыс пен бейненің сапасы нашар күйінде қалды.

Процесс қорғау тарапының өтінішхаттарын қараудан басталды. Сотталушы Мадияр Қалменовтың адвокаты Жолдасбаев судья Жанат Әбеновадан процеске екінші адвокат Айман Омарованы онлайн қосуды сұрады. Ол әріптесінің Қазақстан аумағында емес екенін, АҚШ-та жүргенін алға тартты. Алайда Әбенова оның өтінішін қанағаттандырудан бас тартты. Сот отырысы офлайн форматта белгіленгенін айтты.
Қорғау тарапы судьяның бұл шешімімен келіспейтінін мәлімдеді. Олар аралас форматта сотқа қатысу практикасы бар деген уәж келтірді. Адвокат Жолдасбаев сотқа сенімсіздік білдірді. Осыған байланысты сот отырысы уақытша тоқтатылды. Алайда өтінішхатты қараған өзге судья сотқа сенімсіздік білдіруге негіз жоқ деп, қанағаттандырусыз қалдырды.
Бұған дейін Санжар Боқаевтың қорғаушылар Алма Мусина мен Радмир Өтепов тергеу кезінде көптеген заңбұзушылықтар болғанын, істегі кейбір видеоларды енді ғана алып жатқанын айтып, алдын ала сот тыңдауын өткізіп, істі прокуратураға қайтадан жіберуді сұрады. Бірақ судья бұл өтінішті де қанағаттандырмады. Айыптаушы прокурорлар да қорғаушылардың өтінішхаттары негізсіз екенін мәлімдеп, қарсылық білдірді.
Сот залында осындай тартыс жүріп жатқан тұста ғимараттың сыртында да өзіндік күрес болып жатты. Полиция қызметкерлері белгісіз адамды ғимарат алдында күштеп ұстап, көлікке отырғызып алып кетті. Журналистердің басым көпшілігі оқиғаны екінші қабаттағы терезеден бақылап тұрды. Кейіннен адвокат Радмир Өтепов ұсталған адамның іс бойынша негізгі куә – Ахлиддин Хамракулов екенін айтты.
Процесс барысында адвокат Алма Мусина соттан оқиғаға байланысты прокуратураға арнайы тексеріс жасап, құқық қорғау органдарының әрекетіне құқықтық баға беруге тапсырма беруді сұрады.
«Құрметті сот, сізден аталмыш оқиғаға байланысты прокурорларға арнайы тексеріс жүргізіп, полиция әрекетіне құқықтық баға беруіне тапсырма беруіңізді сұраймын», – деді адвокат.
Судья Жанат Әбенова сот ғимараты алдында болған оқиғаға Ахлиддин Хамракуловтың өзін айыптай сөйледі. Ол заңға сай, іс бойынша куә деп танылған адам процесс өтіп жатқан залда (ғимаратта) болмауы тиіс екенін алға тартты.
«Адвокаттар, сіздер білесіздер, куәлер сот отырысының залында отырмауы тиіс. Сот приставының баяндауынша, аталмыш куә процесті тыңдаушылардың залына кірмекші болған. Заң бойынша оған жол берілмейді», – деді судья.
Ахлиддин Хамракулов сот өтіп жатқан ғимаратқа келуі және полицияның оны ұстау себебі әзірге белгісіз.
Биыл наурызда Боқаев ұстала салысымен желіде дәл осы адамның мазмұны бір-біріне қайшы екі видео тараған.
Біріншісінде «Полиция мені Боқаев пен оның көмекшісі Ұланға қарсы жалған куәлік беруге мәжбүрледі, азаптады» деп жыларман күйде сөйлеген. Оның адвокаты Диас Ахметов бұл видеоны Алматы қалалық полиция департаментінің кіре берісінде түсіргенін айтқан. Бұл адвокат Санжар Боқаевты да қорғаған.
Осы видеоның ізін ала тағы да осы адам түскен басқа видеоны анонимді телеграм арналар таратты. Онда әлгі адам өзін Түркістан облысы тұрғыны Ахлиддин Хамракуловпын деп атап, бұған дейінгі видеода айтқан сөзінен айнып, солай сөйлеуге мәжбүрледі деп өз адвокатын айыптаған. Бұл видеоны Хамракулов өз еркімен түсірді ме, жоқ па, ол жағы әлі белгісіз қалып отыр.
Сотталушыларға қатысты айыптау актісін прокурор Жаңыл Жұмабаева оқыды. Айыптау актісіне сәйкес, Санжар Боқаев пен Мадияр Қалменов ҚК «Алаяқтық» (190-бабының 4-бөлігі 2-тарағы) және «Заңсыз ақшаны жылыстату» (218-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы) баптары бойынша айып тағылған.
Боқаев пен Қалменов 2018 жылы «ҚазТрансГаз» компаниясының кәсіподағы үшін автокеруен өткізуге бөлінген қаражатты жымқыру мақсатында шығындарды негізсіз өсіріп көрсеткен.
«Дайындық жұмыстары басталған кезде өз кәсіпорнын жиен інісі Қалменовтің атына рәсімдеуге шешім қабылдаған. Боқаев Қалменовке кәсіподақ комитетінің қаражатын жымқыруды ұсынған, ал ол бұған келіскен. Боқаев шығын көлемін негізсіз арттырып, қажет емес жалған қызметтерді қосып, кәсіподақ комитетіне 86 миллион теңге көлеміндегі шығындар сметасын ұсынған», – деді айыптау актісін оқыған прокурор.
Тергеу нұсқасы бойынша, осылайша Боқаев пен Қалменов 42 миллион теңге жымқырған. Кейін «қылмыстық жолмен алынған кірістерді» заңдастыру мақсатында Астана қаласында жиһаз цехын ашып, қызметкерлерді жұмысқа қабылдап, әлеуметтік желілер арқылы оның жарнамасын ұйымдастырған.
Санжар Боқаев пен Ұлан Нүсіпқожаға ҚК «Ұрлық» (188-бабының 2-бөлігінің 1-тармағы), «Заңсыз ағаш кесу» (340-бабының 3-бөлігінің 1-тармағы) және «Көрнеу жалған ақпарат тарату» (274-бабының 2-бөлігінің 1 және 3-тармақтары) бойынша айып тағылған.
Айыптау актісіне сәйкес, Санжан Боқаев Ахлиддин Хамракуловқа ақша төлеп, «Үлкен Алматы» өзенінің жағалауына қайта жаңғырту жұмыстары кезінде гранит тақталарды ұрлауды ұйымдастырған.
«Хамракулов 12 гранит тақтаны ұрлап, оларды құлпытас жасайтын шеберханаға жеткізген. Осы уақытта Боқаев пен Нүсіпқожа ұрлық процесін бейнекамераға түсірген. Бейнетүсірілім кезінде Боқаев ұрлық жайында кездейсоқ біліп қалғандай пікір білдірген. Содан кейін оларды видеоны Instagram парақшасына жариялап, ұрлыққа мердігер мен әкімдіктің лауазымды тұлғаларын кінәлаған», – деді прокурор Жаңыл Жұмабаева.
Сондай-ақ, тергеу нұсқасы бойынша, Боқаев пен Нүсіпқожа Хамракуловты қайтадан тартып, Баум тоғайындағы ағаштарды заңсыз кесуді ұйымдастырған.
Сотталушылардың барлығы өздеріне тағылған айыппен келіспейтіндерін айтты. Олар медиациялық келісімге келуге қатысты сұраққа да нақты жауап бермеді. Барлығы «әзірге бұл сұраққа жауап бере алмаймыз» деді.
Санжар Боқаев 18 наурыздан бері тергеу абақтысында отыр. Бұған дейін билік орындары ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап, жалған ақпарат таратқан және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялаған деген күдікке ілінгенін айтқан.
Ақпан айының ортасында Боқаев Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, АҚШ-қа қоныс аударып, сол жақтан бизнес ашқанын мәлімдеген. «Нәтижесіз қоғамдық-саяси жұмыстан шаршағанын» айтқан.
Санжар Боқаев кейінгі жылдары Қазақстандағы заңсыздықтар, утильалым, бюджет шығындары мен Алматыдағы құрылыс саласындағы күмәнді жайттар туралы видео түсіріп, түрлі мәлімдемелер жасап танылған.
Ол 2022 жылы «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеп, оны тіркете алмаған.
2023 жылы өткен парламент сайлауында депутаттыққа өзін-өзі ұсынып, мәжіліске өтпей қалған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген. Бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.
Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі болған.
«Нұр Отан» (жақында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылған «Аманат») партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.