Жаңаөзенде мұнайшылар ереуілін ұйымдастырмақ болды деген күдікпен бірнеше адам ұсталды. БАҚ пен әлеуметтік желіде тараған ақпаратқа қарағанда, ҰҚК мен ІІМ бірлесіп операция өткізген.
Ақтаулық блогер Азамат Сәрсенбаевтың мәліметінше, арнайы операция барысында «Jana Oil Service» ЖШС мен «Өзенмұнайгаз» АҚ басшылары ұсталған.
«Дереккөзімнің мәліметінше, ұсталғандар кәсіпорын ұжымын жаппай наразылыққа итермелеп, осылайша «Өзенмұнайгаз» АҚ-дан қосымша қаржы алуға тырысқан», – деп жазды блогер.
Әлеуметтік желі мен БАҚ-та тараған ақпараттан кейін «ҚазМұнайГаз» компаниясы мәлімдеме жасап, «Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма мүшелерінің ешқайсысы ұсталмағанын хабарлады.
«Өзенмұнайгаз» АҚ басқарма құрамына кіретін басшыларының ешқайсысы ұсталмаған. Толық ақпарат алу үшін құқық қорғау органдарына жүгінуді сұраймыз», – деп хабарлады компания.
«ҚазМұнайГаз» мәлімдемесінде «Өзенмұнайгаздың» өзге қызметкерлері мен «Jana Oil Service» басшылығы туралы айтылмады.
Әзірге құзырлы органдар ресми түсініктеме берген жоқ. Нақты кімдердің ұсталғаны, қандай іс бойынша тергеу жүріп жатқаны және олардың қандай күдікке іліккені белгісіз.
«Өзенмұнайгаз» — мұнай өндірумен айналысатын кәсіпорын, ал «Jana Oil Service» мұнай сервисі саласында жұмыс істеп, мұнай ұңғымаларын жөндеумен айналысады. Компанияның бұрынғы атауы — «Кезби» ЖШС. Онда мыңнан астам адам еңбек етеді. Соңғы жылдары компания қызметкерлері жалақыны көтеру және еңбек жағдайларын жақсарту талаптарымен бірнеше рет ереуілге шыққан. 2022 жылы олардың талаптары орындалғаны хабарланған.
2024 жылы «Кезби» ЖШС-нің шамамен 800 қызметкері жалақыны 50 пайызға көтеруді, материалдық-техникалық базаны жаңартуды және кәсіпорындағы күрделі жағдайға жауапты бірқатар тұлғаны қызметінен босатуды талап етіп, ереуіл ұйымдастырды.
2011 жылы Жаңаөзенде мұнайшылардың жеті айға созылған ереуілінің аяғы жаппай тәртіпсіздікке ұласып, билік халыққа қарсы оқ атқан. Бастапқыда жұмысшылар тек экономикалық талаптар қойып, еңбек жағдайларын жақсартуды және жалақыны көтеруді сұраған. Алайда олардың талаптары мемлекеттік қызметкерлер мен мұнай-газ кәсіпорындарының иелері тарапынан ескерусіз қалған. Кейін наразылар саяси талаптар қоя бастаған. Атап айтқанда, сол кездегі Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен үкіметтің отставкаға кетуін талап еткен.
Ереуілге қатысушыларға оқ атылғаннан кейін Қазақстанда оппозиция мен тәуелсіз бұқаралық ақпарат құралдарын қудалау күшейіп, митинг, жиын өткізуге қатысты заңнама қатаңдатылды. Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру ісі бойынша 19 мұнайшы түрлі мерзімге бас бостандығынан айырылды.
ФОТО: Lada.kz