Экобелсенді Лаура Мәлікова қамалды
  • Басты
  • >
  • Экобелсенді Лаура Мәлікова қамалды

Экобелсенді Лаура Мәлікова қамалды

10.11.2026

Астанада белгілі эколог әрі азаматтық белсенді Лаура Мәлікова ұсталып, әкімшілік қамауға алынды. Бұл туралы Hronika.kz басылымы жазды.

Экологтар қауымдастығы мүшелерінің айтуынша, Мәлікова елордадағы арнайы қабылдау орнында отыр. Осыған байланысты қоғам белсенділері Қазақстан президентіне және Бас прокурордың атына оның ұсталу мән-жайын шұғыл тексеруді сұрап, ұжымдық өтініш жолдаған.

«Біздегі ақпаратқа сәйкес, Лаура Мәлікованы әкімшілік жауапкершілікке тартуға митингке қатысуға жария түрде шақыруы негіз болған. Болжам бойынша, оның әрекеті ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 488-бабы 7-бөлігі бойынша сараланған», – делінген өтініш мәтінінде.

Белсендінің әріптестері сот отырысы өткен-өтпегені және қамауға алу туралы ресми қаулы шығарылған-шғарылмағаны белгісіз екенін айтады. Мәлікованың арнайы қабылдау орнында отырғанын заңгерлер кезекші қызметкерлерге жүгінгеннен кейін ғана білген.

«Арнайы қабылдау орнында оның шынымен де 12 қарашаға дейін қамауда болатынын растады. Басқа ақпарат ала алмадық. Мен Лаураның барлық пікірімен келісе бермеймін, бірақ оның қоғамдағы өткір мәселелерді үнемі көтеріп жүргенін мойындау керек», – деді «Abai» заң компаниясының басшысы Абай Еркебалан.

Бұған дейін Лаура Мәлікова экологиялық мәселелерден бөлек, әлеуметтік желіде азаматтарды наразылық акцияларына шығуға және Қазақстан банктеріндегі депозиттік жинақтарын жаппай шешіп алуға шақырған жазбалар жариялаған. Әріптестерінің айтуынша, оның әкімшілік қамауға алынуына осы жазбалары себеп болған.

Азаттық радиосының хабарлауынша, әкімшілік істен бөлек, Лаура Мәлікованың үстінен «Көрнеу жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қылмыстық іс те қозғалған. Бұл туралы Астана қаласы полиция департаментінің басылымға берген жауабында айтылған.

Алайда бұл іске нақты не түрткі болғаны белгісіз. Полиция Азаттық радиосына тергеу құпиялығына байланысты басқа мәлімет айтылмайтынын жеткізген.

Лаура Мәлікова осыған дейін желідегі парақшасында өзін полицияға «Жалған ақпарат тарату» бабы бойынша қозғалған іс бойынша куәгер ретінде шақырғанын хабарлаған болатын.

Лаура Мәлікова «Тәжірибешіл экологтар қауымдастығы» бірлестігіне жетекшілік етеді. Ол желіде елдегі қоғамдық-саяси оқиғаларға қатысты өзінің пікірін ашық айтып жүрген белсенділердің бірі.