«Онсыз өліп кетуі мүмкін»: Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов гемодиализ процедурасынан бас тартты
  • Басты
  • >
  • «Онсыз өліп кетуі мүмкін»: Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов гемодиализ процедурасынан бас тартты

«Онсыз өліп кетуі мүмкін»: Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов гемодиализ процедурасынан бас тартты

06.11.2026

Қамаудағы белсенді Марат Тұрымбетов қарсылық ретінде гемодиализ процедурасынан бас тартты. Бұл жөнінде оның адвокаты Айнара Айдарханова мәлімдеді. Қорғаушы Facebook желісіндегі жазбасында белсендінің хатын қоса жариялады.

«Бүгін таңертең Мараттың өзіне өте маңызды диализ процедурасынан бас тартқаны белгілі болды. Онсыз өліп кетуі мүмкін», – деп жазды адвокаты Айнара Айдарханова 5 қарашада Facebook желісінде.

Адвокаты жариялаған хатта ол өзінің заңсыз қамалғанын жазған. Бұған қоса, қамау орнындағы жағдай барлық нормаға қайшы екенін айтқан.

«2026 жылдың 5 қыркүйегінен бері заңсыз қамауда отырмын. Қамауда ұстау жағдайлары ҚР заңнамасының барлық талаптарын бұзып отыр. Мені заңсыз қамауда ұстауға қарсылық ретінде бұдан былай гемодиализ қабылдаудан бас тартамын», – деп жазған Тұрымбетов хатында.

Жазбада Марат Тұрымбетов өзінің І топтағы мүгедек екенін және созылмалы бүйрек ауруы диагнозы қойылғанын жазған.

«Егер өлім жағдайы орын алса, оған ҚР Бас прокуратурасының ведомствоаралық тергеу-жедел тобының басшысы Кадемовті, сондай-ақ мені қамауға алуға және қамауда ұстауға санкция берген судьялар Әбдіров пен Ақшолақовты жауапты деп есептеулеріңізді сұраймын», – дейді белсенді хатында.

Қыркүйектің басында белсенді Марат Тұрымбетовтің үйін арнайы жасақ тінтіп, өзін ұстап әкеткен еді. Адвокаттың сөзінше, ол «Алаяқтық» (190-бап) бабы бойынша күдікке ілінген. Істің мән-жайы жөнінде ешқандай ақпарат жоқ. Істі бас прокуратура жүргізіп жатыр. Бұған дейін сот оны қамауда қалдырған.

Марат Тұрымбетов «НетУтильсбору» қозғалысының белсендісі ретінде белгілі. Ол бірнеше рет бейбіт жиналыстар өткізуге рұқсат алуға тырысып, митингілерді келісуден бас тартқан жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне сот арқылы шағымданған.

2025 жылы Тұрымбетов Орал қаласының әкімдігіне қарсы сотта жеңіске жетті. Сот биліктің кәдеге жарату алымын жоюды талап еткен митинг өткізуге берген бас тартуын заңсыз деп таныды.

2019 жылы Марат Тұрымбетов белсенді Әлнұр Ильяшев және Санавар Закировамен бірге «Наша право» партиясын құратындарын жариялады. Алайда тіркете алмады. Белсенділер партияның тіркелуіне сол кезде билікте болған «НұрОтан» партиясы кедергі келтіргенін мәлімдеді.

Кейіннен «НұрОтан» партиясы үш белсендіні сотқа берді. Партия өкілдері бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын және партияның іскерлік беделіне нұқсан келтіретінін мәлімдеді. Сот белсенділерден моральдық зиянды өтеу ретінде жалпы сомасы 6 миллион теңге өндіріп алу туралы шешім шығарды.

2020 жылы Әлнұр Ильяшевтің Facebook-тегі «НұрОтан» партиясын сынаған жазбаларына байланысты оған «көрінеу жалған ақпарат таратты» деген айып тағылып, 3 жылға бас бостандығы шектеліп, 5 жылға қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға тыйым салынды.