Кассациялық сот Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды
  • Басты
  • >
  • Кассациялық сот Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды

Кассациялық сот Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды

04.11.2026

Астанадаға кассациялық белсенді, блогер Мирболат Мырзатайұлының үкімін өзгеріссіз қалдырды.

«Бүгін Астанадағы кассациялық сот тағы да әділетсіз шешім қабылдады. Өз елінде мемлекеттік тілдің мәртебесін талап еткені үшін 4 жылға сотталған журналист, белсенді Мирболат Мырзатайұлының үкімі өзгеріссіз қалды. Бұл – ана тілінің құқын қорғаған азаматты қолдаудың орнына, оны түрмеге тыққан жүйенің кезекті соққысы!», – деп жазды Гүлеке Өміржатегі есімді Facebook қолданушысы.

3 қарашада өткен сот отырысынан кейін белсендінің әйелі Гүлшат Бишуинова «Кассациялық сот та үкімді өзгеріссіз қалдырды» деп мәлімдеді.

Мирболат Мырзатайұлын былтыр қарашада Алматының Медеу аудандық соты 4 жылға бас бостандығынан айырған. Оған қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі «Алауыздық қоздыру» бойынша айып тағылған.

Айыптау актісіне сәйкес, 2025 жылы сәуірде Алматыдағы қоқыс тазалайтын мекемелердің бірінде мекеме басшысы мен блогер арасында қазақ тіліне қатысты кикілжің болған. Мирболат Мырзатайұлы оны әлеуметтік желіге жариялаған. Онда «Басшылық қызметте отырып мемлекеттік тілді сыйламайсыз, дереу орныңызды босатуды талап етеміз» деген сияқты тіркестер кездеседі. Істің қозғалуына осы видео себеп болған.

Мирболат Мырзатайұлы өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген. Қазір ол жазасын Алматы облысындағы Заречный кентіндегі мекемеде өтеп жатыр.

55 жастағы Миболат Мырзатайұлы «Журналистік зерттеулер агенттігі» You Tube арнасының авторы. Арна негізінен елдегі сот процестері, митинг, пикеттерден ақпарат таратады. Ол бұған дейін ұзақ жыл мемлекеттік телеарналарда қызмет істеген.

Құқық қорғаушылар 174-бапты «саяси бап» деп атайды. Себебі дәл осы баппен кейінгі жылдары көптеген белсенді, блогер және журналистер істі болды. Атап айтқанда, 2022 жылы белсенді Данат Намазбаев пен Марғұлан Боранбаев бес жылға сотталды. 2023 жылы белсенді Тимур Дәнебаевты Астана соты үш жылға бас бостандығынан айырды. 2025 жылы сәуірде Qaznews24 сатиралық паблигінің авторы Темірлан Еңсебектің де бес жылға бас бостандығы дәл осы бап бойынша шектелді.

Саяси белсенділердің үстінен 174-бап бойынша іс қозғау бұған дейін де болған. 9 жыл бұрын, 2016 жылы саяси белсенділер Ермек Нарымбай мен Серікжан Мәмбеталин 3 және 2 жылға сотталған. Астаналық белсенді Болатбек Біләловтың бас еркіндігі 3 жылға шектелген. Барлығы да істің саяси астары барын айтқан.

1997 жылғы қылмыстық кодексте 164-бап «ұлттық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру» деп аталған.Кейіннен, 2014 жылғы жаңа қылмыстық кодексте ол 174-бап болып өзгертіліп, жазасы ауырлады және қазіргі атауы «әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни араздықты қоздыру» деп бекітілді.

Елде 174-бап төңірегінде дау көп. Құқық қорғаушылардың сынына қарамастан, Қазақстан билігі елде саяси қысым мен қудалау жоқ деп есептейді. «Біздің заңнамамызда азаматтарды сая­си көзқарасы үшін қудалауға негіз болатын бірде-бір жарлық, бірде-бір заң, бірде-бір нормативтік құжат жоқ», деген президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында.