«11М» партиясыздар қоғамдық қозғалысы өкілдерінің барлығының дерлік үйінде тінту жүргізілді. Кейбірінің үстінен іс те қозғалған. Бұл жөнінде саяси белсенді Әлнұр Ілияшев мәлімдеді.
«Қыркүйектің 4-і мен 15-і күндері «11М» партиясыздар қоғамдық-саяси қозғалысының (негізін қалаушылардың бірі – мен, екіншісі Владимир Дворецкий) және басқа да серіктестеріміздің үйлерінде тінту жүргізілді. Құжаттар, телефондар мен компьютерлер, соның ішінде туыстарымыздың заттары тәркіленді. «11М» қозғалысының тағы бір тең құрылтайшысы Рүстем Аменгелді 13 қазанда ұсталып, кеше екі ай мерзімге үйқамаққа жіберілді… Әзірге тек Гаухар Танашеваға ғана тиіскен жоқ. Көпбалалы ана әрі мәжілістің бұрынғы депутаты деген мәртебесі оны осындай жазалау шараларынан қорғайды деп үміттенеміз», – деп жазды Ілияшев Facebook желісінде жариялаған жазбасында.
Белсенді өздеріне қатысты бұл жағдайды келесі жылы өтуі мүмкін кезектен тыс президент сайлауымен байланыстырады.
«Біреулер болып жатқан жағдайды 2027 жылдың қаңтар-ақпан айларында өтуі мүмкін президенттік транзит сайлауымен байланыстырып, билік сайлаушылардың бақылаусыз бірігуіне жол бермеуді көздеп отыр деп есептейді. Ал енді біреулер мұның басқа да өзіндік себептері барын алға тартады. Сондықтан қазіргі қалыптасқан жағдайда оқиғалардың бұдан әрі қалай өрбитінін болжау бізге қиын. Біз «Заң мен тәртіп» қағидатын қатаң сақтау және Жаңа Конституцияға сүйену құбылмалы заманда бізге тірек болады деп сенген едік. Алайда белгілі бір жағдайларда бұл қағидаттардың жұмыс істемейтініне көз жеткіздік», – деді белсенді жазбасында.
Қыркүйектің басында белсенділер Әлнұр Ілияшев пен Марат Тұрымбетовтың үйінде тінту жүргізіліп, олардың үстінен ҚК 190-бабы «Алаяқтық» бойынша қылмыстық іс қозғалғаны туралы айтылған. Кейіннен Алматы прокуратурасы белсенділердің үстінен арызды шетел азаматы жазғанын хабарлаған. Полиция осы арыз негізінде іс қозғаған.
Қазақстан билігін сынап және азаматтық бастамаларға қатысумен танылған Әльнұр Ілияшевтің үстінен бұған дейін де бірнеше рет іс қозғалған.
2020 жылы оны Facebook желісінде сол кездегі биліктегі «Nur Otan» партиясын сынаған жазбалары үшін үш жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен. Сонымен қатар, сот Ілияшевке бес жыл бойы қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салды.
2023 жылы Ілияшев «Халық парламенті» деп аталатын жиынға қатысқаны үшін бес тәулікке қамалды.
Ал 13 қазанда ұсталып, қазір үйқамақта отырған қозғалыстың тағы бір мүшесі Рүстем Амангелдіге «Сот актісін орындамау» бабы бойынша айып тағылған.
Биыл шілдеде Құрылтай сайлауы қарсаңында Әлнұр Ілияшев, Гаухар Танашева, Рүстем Амангелді және Владимир Дворецкий Алматыда баспасөз мәслихатын өткізіп, «11М» партиясыздар қозғалысын құратындарын мәлімдеген. Сайлауға кандидаттар тек партиялық тізіммен түскен. Кейіннен Құрылтай депутаттары да тізім бойынша жасақталған.
Белсенділер қозғалыстың атауындағы «11М» аббревиатурасы – 11 миллион сайлаушы дегенді білдіреді деп түсіндірген. Яғни, елде сайлау құқығына ие, бірақ ешқандай партияға мүше емес қазақстандықтардың саны. Белсенділер өздерін осы партиясыз азаматтардың мүддесін қорғайтын платформа ретінде таныстырған.