• Басты
  • >
  • Қарағандыда сот үкіміне наразы тұрғын өзін өзі өртемек болды

Қарағандыда сот үкіміне наразы тұрғын өзін өзі өртемек болды

03.06.2020

Маусымның 2-і күні Қарағандыда 49 жастағы Геннадий Нәдірбеков “әділетсіз сот үкіміне наразылық білдіріп” облыстық сот ғимаратының алдына келіп, өзіне бензин шашып, өртенбек болды. Бұған қоса, сот ғимаратының алдына екі канистр бензин әкеліп, ғимарат баспалдақтарына бензин төкті. Оның қолында “сот, прокурор және жемқорлықпен күрес қызметінен құралған қылмыстық топтың әрекетін түсіндіруді талап етемін. Бұлар – 37 жылғы жендеттер. Істі қолдан ұйымдастырудың шеберлері” деген жазуы бар плакат болды.

Нәдірбековтің сөзіне қарағанда сот үкімді түсіндірмеген, сол себепті ақырғы амалға баруына тура келген. Ер адамның айтуынша, өзін өзі өртеуге оған полиция қызметкері кедергі жасаған.

«Өкінішке қарай, соттан түсініктеме алу үшін өзіңді бензинмен өртеуіңе тура келеді. Әділетсіз сот үкімі шығады. (Полиция қызметкеріне қарсы) Жалған куәлік беруден бас тартқаным үшін қылмыстық іс қозғады. Не үшін мені айыптады? Соны түсіндіруді талап етемін. Дәлелдері жоғын да білемін. Алаяқтық, парақорлық болмаған. Соңына дейін барамын»,- деді Нәдірбеков Азаттық тілшісіне.

Ол айыппұл төлеуге шамасы жетпейтінін, себебі қазір жұмыс істемейтінін жеткізді.

Нәдірбековтің айтуынша, ақыры судья онымен видеобайланысқа шығып, сот қаулысын оқыған. Бірақ сұрақ қоюға мүмкіндік бермеген. Сол себепті оның сот өкілдерінің әрекетіне тағы да көңілі толмай отыр. Сейсенбі күні ол полиция бөлімшесінде түсініктеме жазған.

Қарағанды облыстық сот қызметкерлерінің айтуынша, бұған дейін “Алаяқтық” және “Астыртын түрде қылмыстық құқықбұзушылыққа бару” баптары бойынша Нәдірбековке үш миллион теңге көлемінде айыппұл салынған. Сот жол апатына байланысты қозғалған қылмыстық істі пара беру арқылы тоқтатуға тырысты деп айыпталған Нәдірбековті кінәлі деп тапқан. Екінші инстанциядағы сот алқасы үкімді өзгеріссіз қалдырған.

«Сотталушы сот тағайындаған айыппұлды төлеуден жалтарды. Осыған орай мемлекеттік сот орындаушы сотқа өтініш түсіріп, жаза түрін өзгертуді сұраған. Айыппұлды басқа жазаға ауыстыру мәселесі сотта қаралуы тиіс болған күні Нәдірбеков жауапкершіліктен жалтарып, өзіне қол жұмсауға тырысты. Оған жол берілген жоқ», – деді Қарағанды облыстық соты баспасөз қызметінің өкілі.

Геннадий Нәдірбеков сот үкімімен түбегейлі келіспейді және Жоғарғы сотқа, бас прокуратура мен Ақордаға баратынын айтты.


Сондай-ақ қараңыз