• Басты
  • >
  • Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросының мәлімдемесі

Қазақстанның адам құқығы және заңдылықтың сақталуы жөніндегі халықаралық бюросының мәлімдемесі

01.11.2018

31.10.2018 күні  365info.kz сайтында біздің ұйым Жанна Ахметованың қашуына көмектесті деген мағынада мақала пайда болды. Бұл даулы іс бойынша осыған дейін де бірнеше рет түсініктеме беріп, біздің ұйым тек қана ол азаматшаның азаматтық белсенді болғанын және билік тарапынан қудаланғанын растағанын айтқан едік. Одан өзге Жанна Ахметованың ісіне, оның елден кету мәселесіне еш қатысымыз жоқ екенін тағы бір мәрте мәлімдейміз.

Мақаладағы тағы бір жалған ақпарат Бюроның биліктің саяси оппоненті Мұхтар Әблязовпен байланысы және оның тарапынан қаржыланады-мыс деген ақпарат. Оған дәлел ретінде Мұрат Тұңғышбаевтың адвокатына төленген қаржының Әблязов адамдарынан алынғаны туралы жалған болжам айтылады.

Бұған дейін ол мәселеге байланысты түсініктеме берген едік. Яғни Тұңғышбаевтың адвокатына гонорар саяси белсенділер, журналистер мен құқыққорғаушыларға істі болғанда сапалы заңдық көмек көрсетуге арналған Нидерланды Хельсингі комитеті грантынан бөлінген болатын ( https://bureau.kz/novosti/sobstvennaya_informaciya/razyyasnenie_kasatelno_poyavivshikhsya_v_nekotorykh_smi_publikacii/)

Байқағанымыздай еш жаңалық жоқ, барлық бізге қатысты қаралау тек жалған, өтірік пен болжауға құралған.

365info.kz сайтында және осыған дейін nur.kz сайтында шыққан жалған ақпаратқа негізделген мақалаларды біздің құқыққорғау ұйымына қарсы кезекті қаралау науқаны ретінде бағалаймыз.

Бұл мақалалардың артында кім тұрғанын және олардың қандай мақсатпен бізге жала жауып тұрғанын біз білеміз. Бюроның ішкі жұмысына және оның принципті бағытына әсер ете алмай, Бюро Әблязовпен байланысты деген «карта» ойналмақшы екенін түсінеміз. Сол сылтаумен құқыққорғау ұйымына қарсы тексеру науқанын бастап, жұмысына тоқтау салғылары келеді.

Қайталап айтамыз, біздің жұмысымыз максималды түрде ашық және Әблязовпен байланыс іздеушілерден жасыратынымыз жоқ. Жоғарыда айтылған мақалаларда жазылған ақпараттың бәрі де жалған жала. Біз жыл сайын ҚР Қоғамдық даму министрлігі алдында есеп беріп, барлық жобалар мен қаржы көзін ашық көрсетеміз. Әр жұмсалған теңге үшін есеп береміз десек те болады. 

Салық органдарының жіті бақылауында екенімізді толық сезінгендіктен мемлекеттік органдарға шетелдік қаржылану бойынша жаңа ережелерге сай есепті уақытылы беріп тұрамыз. Жыл сайын ұйымның қаржылық аудитін жасаймыз. Онымен қоса әр жобаға қатысты да аудит жасалады. Яғни біздің қаржылық айналымымыз толық ашық және мемлекеттік органдардың жіті бақылауында. Сондықтан, өз ісіміздің заңды екенін, ал жоғарыда айтылған ақпараттардың жалған жала екенін қайталап айтамыз.

Бұл жалған жаланы дайындағандар туралы бөлек айта кетсек дейміз. Журналистикада алтын ереже бар, мақала екі жақтың да пікірін қамтуы тиіс. Басқаша болған жағдайда ол журналистика емес, тапсырыспен жазылған жала болып табылады. Жоғарыда айтылған сайттардың журналистері бізге хабарласып, пікір сұраған жоқ. Оның өзі көп нәрседен хабар береді. Ал материалдың біржақтылығы мен қаралау сыңайы оның саяси себептерін анық аңғартады. Оның барлығын да бұл орынсыз жаланы ойлап тауып, жазғандардың ұятына қалдырамыз.

1 қараша 2018 ж.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз