Бақылаудағы TikTok: Алматыда белсенді Назым Табылдиева қамауға алынды
  • Басты
  • >
  • Бақылаудағы TikTok: Алматыда белсенді Назым Табылдиева қамауға алынды

Бақылаудағы TikTok: Алматыда белсенді Назым Табылдиева қамауға алынды

11.11.2026

Алматылық белсенді Назым Табылдиева 5 тәулікке қамалды. Оған сот белгілеген шектеуді бұзды деген айып тағылған. Саяси себептермен шығарылған сот үкімінен кейін үш жыл бойы жазба жариялауға тыйым салынған белсенді алғаш рет TikTok желісінде видео жариялады. Бірақ бұған биліктің реакциясы көп күттірмеді.

Азаттық радиосының жазуынша, 10 қарашада Алматы қаласының әкімшілік соты Назым Табылдиеваны 5 күнге әкімшілік қамауға алу туралы шешім шығарған. Бұл жөнінде басылымға Табылдиеваның адвокаты Жалғас Сапарханова айтқан.

Оның сөзінше, Табылдиева осыдан үш жыл бұрын өзіне сот шығарған үкімнің талабын бұзғаны үшін айыпты деп танылған. Ол кезде Алматы соты Назым Табылдиеваның бостандығын бір жарым жылға шектеп, қоғамдық қызметпен айналысуға, әлеуметтік желіде сұхбат, пікір жариялауға бес жылға тыйым салған.

«Сол үкім шыққанда түсірілген бейнежазбаны Назым биыл 8 қарашада кешке архивке жүктедім екен деп, байқаусызда ол жазба ТикТок желісіне жарияланып кеткен. Назым оны 9 қараша күні бір-ақ біліп, дереу әлеуметтік желіден өшіріп тастаған. Бірақ сол күні пробация қызметінен оған хабарласып, оған қарсы әкімшілік іс қозғаған», – деді Сапарханова.

Адвокаттың айтуынша, Табылдиева былтыр қайтыс болған туысының кәмелетке толмаған қызын асырап отырғанын айтып, оған қамау жазасын бермеуді сұраған өтінішті сот қанағаттандырмаған. Қорғаушы апелляциялық шағым түсірмекші.

Осыдан тура үш жыл бұрын, 2023 жылғы 10 қарашада Алматының Бостандық аудандық № 2 соты «Жалған ақпарат таратты» және «Билік өкілін қорлады» деген айып тағылған белсенді Назым Табылдиеваны кінәлі деп үкім шығарған.

Оның үстінен қылмыстық іс қозғауға белсендінің 2022-2023 жылдары әлеуметтік желіде жариялаған постары мен пікірлері себеп болған. Өзіне тағылған айыптарды мойындамайтынын айтқан Табылдиева «азаматтық белсенділігім үшін қудаланып жатырмын» деп мәлімдеген еді.

Қазақстанда саяси белсенділер мен журналистерге қатысты шығарылған сот үкімдерінің барлығында дерлік қосымша жаза ретінде қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салынады.

Биыл тамызда саяси белсенді Ермек Нарымбайды да  «сот шешімін орындамады» деген айыппен екі жарым жылға қамап, қоғамдық-саяси қызметпен айналысуға үш жарым жылға тыйым салған. Нарымбаев тағылған айыпты мойындамайды, қорғаушылары «бұл саяси астары бар іс» деп есептейді.

Нарымбай биыл ақпанда қамауға алынған. Осыдан үш жыл бұрын Алматы облысы Қонаев қалалық сотының үкіміне сәйкес, Нарымбайдың өтелмеген 11 ай, 8 күн мерзіміндегі бас бостандығынан айыру жазасы пробациялық бақылауға ауыстырылып, қосымша жаза ретінде бес жылға қоғамдық қызметпен айналысуға тыйым салынған. Бас бостандығын шектеу түріндегі негізгі жаза 2024 жылы 9 шілдеде толығымен өтелген. Ал қосымша жаза бойынша, Астана қаласының пробация қызметіне есепке тіркеліп, оның мерзімі 2028 жылдың 30 шілдесіне дейін созылатыны мәлім болған. Осы жолғы істе оған осы «қоғамдық қызметпен айналыстың» деген кінә тағылған. Ермек Нарымбай сот отырысында өзіне тағылған айыпты биыл қабылданған Жаңа Конституцияға қатысты әлеуметтік желіде жариялаған жазбаларымен тікелей байланысты екенін айтқан.