Белсенді Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды
  • Басты
  • >
  • Белсенді Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

Белсенді Санжар Боқаев 10 жылға бас бостандығынан айырылды

27.11.2026

27 қарашада Алматының Алмалы аудандық соты белсенді Санжар Боқаевты 10 жылға бас бостандығынан айырды. Оған «алаяқтық», «ұрлық», «жалған ақпарат тарату», «ағаштарды заңсыз кесу» және «ақша жылыстату» баптары бойынша айып тағылған.

Сот  үкіміне сәйкес, Боқаев  «қылмыстық жолмен келген қаржыны жылыстату» бабы бойынша мерзімі өтіп кетуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды.

Боқаевтың жиені Мадияр Қалменовке 190-бап «алаяқтық» бойынша, 6 жыл 6 ай жаза тағайындалды. Ол да 218-бап «қылмыстық жолмен келген қаржыны жылыстату» айыбы бойынша мерзімі өтіп кетуіне байланысты жауапкершіліктен босатылды.

Ал мобилограф Ұлан Нүсіпқожаның бостандығын 2 жыл 6 айға шектелді.

Сот шешімімен Санжар Боқаевқа қоғамдық-саяси және журналистік қызметпен айналысуына 10 жылға, Ұлан Нүсіпқожаға 5 жылға тыйым салды.

Боқаев пен Қалменов жазасын қауіпсіздігі орташа мекемеде өтейді.

Айыптаушы прокурор бұған дейін сот жарыссөзінде Санжар Боқаевты 12 жылға, Мадияр Қалменовты 7 жылға бас бостандығынан айыруды, Ұлан Нүсіпқожаны 2 жыл 6 айға бостандығын шектеуді сұраған.

Сот барысында Боқаев пен Қалменов өзіне тағылған айыпты мойындамады. Нүсіпқожа кінәсін мойындағаннан кейін, қамаудан үйқамаққа ауыстырылған.

Бұдан бөлек, сот Әділет министрлігі мен Республикалық адвокаттар алқасына адвокаттар Ғалымжан Жолдасбаев, Алма Мусина, Радмир Өтепов, Дмитрий Куряченко және Артем Асқаровтың әрекеттеріне назар аударып, оларға қатысты тәртіптік жаза қолдануды тапсырды.

Сондай-ақ сот QazaqGaz компаниясына тиісті шаралар қабылдау туралы жеке қаулы шығарды. Атап айтқанда, ішкі қаржылық бақылауды күшейту, көрсетілген қызметтер мен атқарылған жұмыстардың нақты көлемін тексеру, ақша аударымдарына бақылауды арттыру және лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін қарау тапсырылды.

Санжар Боқаев пен Мадияр Қалменовтың қорғаушылары үкіммен келіспейтіндер айтты. Радмир Өтепов алдағы уақытта апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді.

«Үкім болса, ол тек ақтау үкімі болуы керек еді. Санжар Боқаев пен Мадияр Қалменов кінәлі емес. Біз күресетін боламыз. Апелляциялық шағым түсеріміз», – деді ол соттан кейін журналистерге.

Сотқа сотталушылардың туыстары мен жақтастары келді. Олар үкіммен келіспейтіндерін айтып, «Санжарға бостандық!», «Позор!» деп ұрандатты. Жиналғандардың жартысы сот ғимаратына сыймай қалды.

Әкімдік пен прокуратура өкілдері оларға ескерту жасап, тарауларын талап етті.

Журналистер үкімді екінші қабаттағы залдан бақылады. Үкім бірінші қабаттағы залда оқылды.

Үкімнен кейін сот қызметкерлері мен полиция журналистерді жібермей қойды. БАҚ өкілдері мұны кәсіби жұмысына кедергі келтіру деп бағалады. Полиция журналистердің жұмысына не үшін кедергі жасағанын түсіндірмеді. Үкім оқылғаннан кейін шамамен 10-15 минуттан соң ғана БАҚ өкілдері сыртқа шығарылды.

Санжар Боқаев 18 наурыздан бері тергеу абақтысында отыр. Билік орындары сол уақытта ол аса ірі көлемдегі алаяқтық жасап, жалған ақпарат таратқан және қоғамда теріс пікір қалыптастыру мақсатында видео жариялаған деген күдікке ілінгенін айтқан.

Ақпан айының ортасында Боқаев Instagram желісінде видеоүндеу жариялап, АҚШ-қа қоныс аударып, сол жақтан бизнес ашқанын мәлімдеген. «Нәтижесіз қоғамдық-саяси жұмыстан шаршағанын» айтқан.  

Боқаевтың жақтастары істі «қолдан жасалған» деп атап, оның саяси астары бар деген.

Санжар Боқаев кейінгі жылдары Қазақстандағы заңсыздықтар, утильалым, бюджет шығындары мен Алматыдағы құрылыс саласындағы күмәнді жайттар туралы видео түсіріп, түрлі мәлімдемелер жасап танылған.

Ол 2022 жылы «Намыс» партиясын құратынын мәлімдеп, оны тіркете алмаған.

2023 жылы өткен парламент сайлауында депутаттыққа өз-өзін ұсынып, мәжіліске өтпей қалған. Кейіннен сайлаудың заңсыз өткенін айтып, Орталық сайлау комиссиясын сотқа берген. Бірақ Жоғары сот талап-арызды қарауға негіз жоқ деп, оны қараудан бас тартқан.

Санжар Боқаев 2015-2017 жылдар аралығында «ҚазТрансГаз» компаниясы басқарма төрағасының кеңесшісі болған. Бірнеше жыл Алматы әкімдігінде қызмет істеген. Бастапқыда жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы, кейін ішкі саясат басқармасының жетекшісі болды.

«Нұр Отан» (жақында жаңадан құрылған «Әділет» партиясына қосылған «Аманат») партиясының Алматы қалалық бөлімшесі төрағасының орынбасары да болған. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтының қызметкері болып істеген. Ғылыми-педагогикалық қызметпен айналысқан.


Сондай-ақ қараңыз