Алматының апелляциялық соты журналист Александра Алеховаға шыққан үкімді өзгертіп, үш жыл түрме жазасын екі жылға қысқартты және журналистикамен айналысуға қойылған шектеуді алып тастады. Бұл туралы адвокат Гүлнәр Сүлейменова хабарлады.
Бұған дейін Алматы прокуратурасы сот үкіміне апелляциялық шағым түсіріп, жазаны жеңілдетуді сұраған еді.
«Әділ сөз» сөз бостандығын қоғау ұйымының хабарлауынша, Александра Алехова айыптың сақталуымен келіспей енді кассация сотына шағымданбақ.
3 тамызда Алматы қаласының Алмалы аудандық соты Алехованы «жеке тұлғаның құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген жеке деректерді таратты» деген айыппен үш жылға соттаған еді. Кәмелетке толмаған балаларының болуына байланысты жазаны өтеуді бес жылға, яғни, 2031 жылға шегерген.
Алеховаға қатысты іс Алматыдағы «Кенжехан» базарының иесі мен жалға алушыларының арасындағы дау жайлы мақаладан соң қозғалған болатын. Мақалада жалға алушылардың құқығын қорғаған белсенді әйелдің бұрын сотталғаны және полицияда есепте тұрғаны айтылған.
Осыдан соң белсенді мақалада жеке басына қатысты дерек жарияланғанын айтып, сотқа шағымданған. Журналистің қорғаушылары бұл деректер ашық сот базасынан алынғанын айтқан.
Дәл осы айып бойынша, 2025 жылы желтоқсанда Алматының Алатау аудандық соты тағы бір журналист Олег Гусевті кінәлі деп таныған. Сол уақытта судья Талғат Дәулетниязов қылмыстық кодекстің 147-бабының 5-бөлігі «жеке өмірге қол сұқпау заңнамасын бұзды» бойынша айып тағылған Олег Гусевті кіләлі деп танып, 4 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасына кескен.
Бірақ рақымшылық заңын пайдаланып, жазаның үштен бір бөлігін қысқартып, түпкілікті 3 жылға шартты жазаға соттаған. Журналист сот шешімімен пробациялық бақылауға алынып, 3 жылға журналистік қызметпен айналысуына тыйым салынған.
2026 жылдың наурызында апелляциялық сот Олег Гусевке қатысты шығарылған алғашқы сот үкімін өзгеріссіз қалдырды. Журналист өзіне тағылған айыппен келіспейді. Ол сотта сөйлеген сөзінде істің қолдан құрастырылғанын айтып, «Бұл жалғыз оған емес, жалпы журналистер қауымына қарысы қозғалған іс» деп атаған.
Олег Гусев те 2023 жылы Алматыдағы аты шулы «Кенжехан» базарының жаңа иелері мен базар орындарын жалға алушы саудагерлер арасындағы дау туралы мақала жазған. Осыған байланысты кейіннен оған тараптардың бірі туралы жазған кезде «азаматтың жеке және отбасылық құпия дерегін ашты» деген айып тағылды. Атап айтқанда, журналист дауға қатысы бар адамның бірнеше рет сотқа тартылғанын жазған.