Астанада жалғыз адамдық пикет өткізбек болған өскемендік заңгер Нұрлан Әубәкіров 15 тәулікке қамалды.
Hronika.kz сайтының жазуынша, Нұрлан Әубәкіров мемлекеттік органдардың басшыларынан өзін жеке қабылдауды және өзі жемқор деп санайтын шенеуніктерді жауапкершілікке тартуды талап еткен.
Осыған байланысты ол «Хан Шатыр» сауда орталығы маңында пикетке шыққан.
Алайда заңгерге полиция мен әкімдік өкілі келіп, шараның заңсыз екенін ескертіп, пикетті тоқтатуды талап еткен.
«Бейбіт жиындарды өткізу туралы заң бойынша, сіз жергілікті атқарушы органға ескерту хатын жолдауыңыз қажет. Қазіргі жағдайда ол Астана қаласының ішкі саясат басқармасы», – дейді өзін әкімдік қызметкерімен деп таныстырған адам әлеуметтік желіде тараған видеода.
Бірақ заңгер оған қарсылық білдіріп, пикетке шығу өзінің Конституциялық құқығы екенін айтады. Қалалық әкімдікке пикет өткізетінін ескертіп бірнеше рет хат жолдағынын да жеткізген. Бірақ барлығына да рұқсат ала алмағанын айтады.
«Бес минут өтпей жатып, маған Астана әкімдігінің қызметкерлері келді. Менен акцияны өткізбеуді талап етіп тұр. Қазір мені ұстайтын шығар… Заңға қай жері қайшы, түсіндіріп беріңізші? Несі дұрыс емес? Не істеп тұрмын мен, кімге зиян келтіріп тұрын?», – дейді ол видеода.
Осыдан кейін видеода Нұрлан Әубәкіров өзін полиция ұстап алып бара жатқанын айтады. Алайда бейнежазбада полиция қызметкерлерінің оған күш қолданғаны байқалмайды. Тек әлдебір қызметкер телефонға видео түсірмеуін талап етеді. Бірақ оған Әубәкіров қарсылық білдіріп, видеоға түсіруін жалғастырады.
Нұрлан Әубәкіров Нұра аудандық полиция басқармасына жеткізілген. Туыстарының айтуынша, сот оны 15 тәулікке әкімшілік қамауға алуға шешім шығарған. Заңгер қарсылық ретінде аштық жариялаған.
Бұған дейін де ол Бас прокуратура, Президент әкімшілігі және басқа да мемлекеттік органдардың басшыларының қабылдауына кіруге бірнеше рет әрекет жасаған. Тіпті сотқа да жүгінген. Алайда өтініштері қанағаттандырылмаған.
Өткен жылы заңгер You Tube желісінде видео жариялап, онда Шығыс Қазақстан облысын Даниал Ахметов басқарған кезеңде өңірдегі сыбайлас жемқорлық сипатындағы заңбұзушылықтар болғаны туралы айтқан.