Қазақстан 2025 жылдың мамыр айынан бері Алматыда экстрадициялық қамауда отырған шешен белсендісі Мансур Мовлаевты Ресейге беруге дайындалып жатыр. Мұны Кремльдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысына және жүргізіп отырған саясатына қарсы тұру үшін құрылған «Ресейдің соғысқа қарсы комитеті» бірлестігі хабарлады.
Өз қызметінде құқық қорғаумен де айналысатын қордың мәліметінше, 24 қарашада «Мансур Мовлаевқа сәлемдеме беру үшін тергеу абақтысына барған адамға белсендіні Петропавлға этаппен жөнелткелі жатқанын, ол жақта оны Ресейге беретінін айтқан».
Мовлаевтың адвокаты Елена Жигалёнок бұған дейін БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі комитетінің талаптарын сақтау және Мовлаевты кепілмен экстрадициялық қамаудан босату жайлы Бас прокуратураға сауал жолдаған.
«Оған апарған сәлемдемені ол этаппен Петропавлға кетті деп қабылдамай қойған. Бірақ олай емес екен. Мән-жайды анықтауға барғанда оның этаппен жөнелтілетіндер тізіміне енгізілгенін естіген. Әзірге әкеткен жоқ», – деді адвокат Азаттық Азияға.
Жигалёноктың сөзінше, қазір Мовлаев Алматыдағы тергеу изоляторында отыр.
«Біз Бас прокурордың орынбасары Жұмағалидың Мансурды беру туралы қаулысына шағымдану жөніндегі іс жүргізуді қайта бастауды сұрап Жоғарғы сотқа өтініш жаздық. Әлі жауап берген жоқ. Алайда Бас прокуратурадағылар өтінішті қайта қарамайтынын, бұған дейін Жоғарғы сот [Мовлаевты Ресейге] беру туралы қаулының заңды екені жөнінде шешім қабылдап қойғанын айтты», – деп хабарлады Жигалёнок.
Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың авторитарлық режимін сынаушылардың бірі болған Мансур Мовлаев 2019–2020 жылдары шешен оппозициялық «Адат» қозғалысына республикадағы азаптаулар, адамдарды ұрлау және қылмыстық істерді қолдан жасау туралы ақпаратты жасырын түрде беріп отырған. Оның оппозициямен байланысы бар деген күдік есірткіге қатысты қылмыстық істің қозғалуына себеп болуы мүмкін. Осы іс бойынша ол үш жылға бас бостандығынан айырылған.
Шартты түрде мерзімінен бұрын босатылғаннан кейін көп ұзамай Мовлаевты шешен қауіпсіздік күштері ұрлап әкетіп, құпия түрмелердің біріне қамаған. Онда ол азаптауға ұшыраған. Соған қарамастан, Мовлаев қашып шығып, құжатсыз Қырғызстанға жеткен. Ол жерде де ұсталып, шекараны заңсыз кесіп өткені үшін жазасын өтегеннен кейін Қазақстан аумағына заңсыз кірген.
Осыдан соң 2025 жылдың мамырында Алматыда қайтадан ұсталды. Сол уақытта Шешенстанда оның үстінен «бопсалау» айыбымен жаңа қылмыстық іс қозғалды. Бұдан бөлек, Ресейде оған экстремизмге қатысты іс бойынша іздеу жарияланған.
Мовлаев экстрадициялық қамауда бір жарым жылға жуық уақыт өткізді, дегенмен заң бойынша рұқсат етілетін ең ұзақ мерзім — бір жыл. Бұл құқықтық тұрғыдан алғанда негізсіз қамауға алуға жатады. Осы уақыт бойы қазақстандық құқық қорғаушылары мен адвокаттардың көмегімен ол Қазақстаннан босқын мәртебесін алуға тырысты. Алайда Қазақстан билігі оның өтінішін мақұлдаудан бас тартты. Сот босқын мәртебесін беруге негіз жоқ деген шешім шығарды.
10 қыркүйекте соңғы, кассациялық инстанция босқын мәртебесін беруден бас тарту туралы шешімді күшінде қалдырды. Сот бұл шешіміне ешқандай түсініктеме де берген жоқ.
БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі комитеті Қазақстан билігін Мовлаевты экстрадициялауды оның мәселесі түпкілікті қаралғанға дейін тоқтата тұруға шақырды. Сондай-ақ БҰҰ-ның Ресей Федерациясындағы адам құқықтарының жағдайы жөніндегі арнайы баяндамашысы Мариана Кацарова белсенді Ресейге қайтарылған жағдайда «азаптау мен қатыгез қарым-қатынастың нақты әрі сөзсіз қаупіне, сондай-ақ соттан тыс өлім жазасына ұшырайтынын» ескертті.
Бұған дейін Қазақстан билігі босқындар мәртебесіне қатысты халықаралық конвенцияны, сондай-ақ БҰҰ-ның Азаптауға қарсы комитетінің талаптарын бірнеше рет бұзған. Саяси немесе діни себептермен қуғынға ұшыраған адамдарды кері қайтарған жағдайлар болған. Ол адамдардың әрі қарайғы тағдыры көп жағдайда белгісіз күйде қалады.