Шымкент қаласының апелляциялық соты белсенді Ермек Қуанышбай мен Азия Әбиеваға қатысты бірінші сатыдағы әкімшілік сот үкімінің күшін жойып, істі тоқтату туралы шешім шығарды.
Шымкент қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы Ермек Қуанышбай мен Азия Әбиеваға қатысты әкімшілік кодекстің 489-бабының 10-бөлігі бойынша қозғалған істі тоқтатып, бірінші сатыдағы сот шешімінің күшін жою туралы шешім шығарды.
Екі белсендіге де тіркелмеген қоғамдық бірлестіктердің қызметіне қатысты деген айып тағылды. Бірінші инстанциядағы сот мұндай қызмет ретінде «Алға, Қазақстан» партиясын тіркеу жөніндегі бастаманы таныды.
Бастамаға қатысушылар партияны тіркеу үшін құжаттарды 20-дан астам рет тапсырған. Алайда Әділет департаменті әр жолы түрлі негіздерді сылтау етіп, тіркеуден бас тартқан. Сонымен қатар бастаманың көшбасшылары – Марат Жыланбаев пен Амангелді Джахин саяси айыптар бойынша қамауда отыр.
2025 жылғы желтоқсанда Қуанышбай осындай айып бойынша бұған дейін де айыппұл төлеген. Сондай-ақ ол саяси тұтқындарды босатуды және бірлесу еркіндігін талап еткен оппозициялық митингілерге бірнеше рет қатысқан.
Азия Абиева да бейбіт наразылық акцияларына қатысып, кем дегенде бір рет «санкцияланбаған митингіге» қатысқаны үшін сот алдында жауап берген.
Сот қаулысына сәйкес, апелляциялық сот белсенділердің іс әрекетінде әкімшілік құқық бұзушылық құрамы жоқ деген ұйғарымға келген.
«Шымкент қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 2026 жылғы 8 маусымдағы Қуанышбай Ермек Байжанұлына қатысты қаулысының күші жойылсын. Қуанышбай Ермек Байжанұлының іс-әрекетінде ӘҚБтК-ның 489-бабының 10-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты іс өндірістен тоқтатылсын. Апелляциялық шағым – қанағаттандырылсын. Апелляциялық тәртіппен шығарылған сот қаулысына осы Кодекстің 46-тарауында көзделген тәртіппен шағым жасалуы, наразылық білдірілуі мүмкін», – делінген сот қаулысында.
Қаулыға қарағанда, апелляциялық сот шешім шығарарда белсенділерге тағылған айыптың дәлелдемесі жоқ екенін басшылыққа алған.
«Алқа бірінші сатыдағы соттың қорытындысымен келіспейді, өйткені іс құжаттарында тіркелген фотосурет 2023 жылғы екенін, 2026 жылғы 30 наурызда Е.Б. Қуанышбай ҚР тіркелмеген «Алға, Қазақстан» партиясы ұйымының мүшесі болып, «Instagram» әлеуметтік желісіне «SaveMarat» жазбасы бар фотосуретті Е.Б. Қуанышбайдың өзі жариялағаны туралы дәлелдеменің жоқ екенін, яғни ҚР заңнамасында белгіленген тәртіппен тіркелмеген, қызметі тоқталыла тұрған немесе оған тыйым салынған қоғамдық, діни бірлестіктердің қызметіне қатыспағанын назардан тыс қалдырған», – делінген құжатта.
Апелляциялық сот Азия Әбиеваға қатысты да дәл осындай қаулы шығарған.
Шымкент қаласының әкімшілік соты Ермек Қуанышбай мен Азия Әбиеваға қатысты шешімді биыл маусымда шығарған. Сот белсенділерді кірәлі деп танып, әрқайсына 216 250 теңге көлемінде айыппұл салған. Оған адвокат Саят Кахаров қарсылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.
Оң нәтижеге қол жеткізген адвокатты Адам құқықтары жөніндегі бюро ұсынған.
Өкінішке қарай, бұл нәтиже – қалыптасқан жағдайдан тыс сирек кездесетін жағдай. Себебі Қазақстанда оппозиция өкілдері мен азаматтық белсенділерге қатысты істер бойынша соттар жекелеген жағдайларда ғана ақтау үкімін шығарып немесе оң шешім қабылданған істерді қайта қараған.