• Басты
  • >
  • Қанды Қаңтар: «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған такси жүргізушісі рақымшылықпен бостандыққа шықты

Қанды Қаңтар: «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған такси жүргізушісі рақымшылықпен бостандыққа шықты

28.04.2023

Сот Талдықорған қаласында Қаңтар оқиғасы кезінде «жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» деп айыпталған Бауыржан Әлиасқаровты кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырып, рақымшылыққа байланысты сот залынан босатты. 

27 сәуірде Талдықорған қалалық соты Бауыржан Әлиасқаровқа ҚР Қылмыстық кодексінің 272-бабының 1-бөлігі бойынша тағылған айыпты дәлелденбеді деп қысқартып, 272-баптың 2-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, төрт жылға бас бостандығынан айырып, рақымшылыққа ілігуіне байланысты сот залынан босатты. 

Қаңтар оқиғасына дейін такси болып жұмыс істеген Бауыржан Әлиасқаров бір жыл, төрт ай қамауда отырды. Ол бұған дейін БАҚ өкілдеріне өзіне тергеушілер келіп, оппозициялық саясаткер Жанболат Мамайдың үстінен куәлік етсең бостандыққа шығасың деп ұсыныс жасағандарын, бірақ ол ұсыныстан бас тартқанын айтқан. 

2023 жылдың наурыз айында Бауыржан Әлиасқаровтың ағасы Жомарт Әлиасқаров Адам құқықтарын қорғау бюросына келіп, баспасөз мәслихатын өткізген. Онда ол түрмеде бауырына қысым жасалып, соққыға жығылғанын айтқан. 

– Бауырымды 2022 жылы 30 қаңтарда Алматыдағы үйінде ұстап, Талдықорған қаласындағы уақытша ұстау изоляторына қамаған. Ол өзін кінәлімін деп есептемейді. Оны тергеу изоляторында отырғанда бөтен адамдар келіп, тергеп, қысым жасаған. Басына целлофан кигізіп, қинаған, тепкілеп, қабырғасын, тісін сындырған, тырнағының астына ине тыққан. «Кінәңді мойында» деп мәжбүрлеген. «Қару қайда?» деп сұраған. «Сені өлтіреміз» деген соң, бауырым қысымға шыдамай, өз-өзіне қол жұмсаған. Қолының тамырын кескен. Өлмекші болған. Алғашқы көмек көрсетілмеген. Ары қарай да ем қабылдамаған, – деген ол. 

Осыдан кейін Адам құқықтарын қорғау бюросы Әлиасқаровқа құқықтық көмек көрсеткен. 

Бауыржан Әлиасқаров сот барысында өзіне тағылған айыпты ішінара мойындады. 

2022 жылғы Қанды Қаңтар оқиғасы кезінде ресми дерек бойынша 238 адам қаза тапқан. Адам құқықтарын қорғау бюросының мәліметінше, он мың адам ұсталып, оның жетпіс пайызы азапталды.

Республика бойынша Қаңтарға байланысты істер әлі жүріп жатыр. Азаптау, адам өліміне қатысты істердің көбісі тоқтаған. Құзырлы органдар істердің тоқтауын «дәлел жетіспеуімен» түсіндіруде. 


Сондай-ақ қараңыз