• Басты
  • >
  • Диссидент Арон Атабектің денсаулығы нашарлады

Диссидент Арон Атабектің денсаулығы нашарлады

30.07.2020

Түрмедегі Арон Едігеевтің (Атабектің) денсаулығы нашар. Бұл жөнінде құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина хабарлады.

«Маған келген ақпаратқа сай Арон Атабек ауырып жатыр. Нақтысын білмеймін. Түзету мекемесіне белсенділер телефон шалған, ондағылардың бірі “жақсы” деген. Карантин болғандықтан адвокат жібере алмай отырмын. Сондықтан Әзімованы (Қазақстан бойынша адам құқығы жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова ) Атабекпен онлайн кездесіп, жағдайын білсін деп сұрап отырмын», – дейді Төреғожина.

Қылмыстық-атқару жүйесінің Павлодар облыстық департаменті таратқан мәлімет бойынша, Едігеевтің жағдайы қанағаттанарлық.

“Сотталушы А. Едігеевті 29 шілдеде мекеме дәрігері қарап, дене қызуы және басқа да күдікті симптомдар байқалмағандықтан ешқандай ем-дом белгіленбеген” делінген мәлімдемеде.

Бірақ құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина департамент жауабына сенімсіздік білдіруде.

67 жастағы диссидент ақын Арон Атабек Павлодардағы АП-162/1 мекемесінде жазасын өтеуде. Ол «Шаңырақ оқиғасына» байланысты 2007 жылы 18 жылға сотталған.

2010 жылы Арон Атабекке “Тұтқындағы шығармашылық иесі” (Imprisoned аrtist) номинациясы бойынша Freedom to Create халықаралық сыйлығы берілген. Еуропарламент 2019 жылы наурыздың 14-і күні Қазақстан туралы қабылдаған қарарында “қазір қамауда отырған барлық белсенділер мен саяси тұтқындарды”, соның ішінде Арон Атабекті дереу босатуға шақырған.


Сондай-ақ қараңыз