• Басты
  • >
  • Бейбіт жиынға қарсы дезинфекция

Бейбіт жиынға қарсы дезинфекция

07.06.2020

Маусымның 6-ы күні тіркелмеген оппозициялық «Демократиялық партия», «Оян Қазақстан» қозғалысы, Қазақстан аумағында тыйым салынған «ҚДТ» және «Көше партиясының» жақтастары бірнеше қалада бейбіт митингіге шықты.

Жаңадан қабылданған «бейбіт жиындар туралы» заңның күшіне енген күні болған митингтің бұрынғы жиындардан ешқандай айырмашылығы болмады. Бұл жолы да белсенділерді қудалау, ұстау, жазалау өз жалғасын тапты.

Алматы қаласында бейбіт жиын өтеді деп белгіленген Абай алаңын полиция мен арнайы жасақ сарбаздары қоршауға алып, белсенділерді межелі орынға жеткізбей ұстады. Полиция адамдарды Абай-Гагарин, Абай-Назарбаев, Достық – Құрманғазы көшелері мен Ганди саябағында ұстады. Демократиялық партияны ұйымдастыру тобының жетекшісі Жанболат Мамай мен оның жақтастары Достық-Құрманғазы көшесіндегі полиция қоршауынан өтіп, Қазақстан қонақ үйінің алына дейін берды. Бірақ оларды Қазақстан қонақ үйінің алында арнайы жасақ сарбаздары қоршауға алып, 3 сағаттай ұстады. Белсенділер несиелерді кешіру, жерді шетелдіктерге сатпау және саяси тұтқындарды босатуды талап етті.

Оппозициялық көзқарастағы белсенділермен қатар бейбіт жиынға Талғат Рысқұлбеков бастаған бірнеше азамат қатысты. Олар бейбіт жиынды ұйымдастырушыларға қарсы бағытта сөз сөйлеп, халықты тарауға шақырды. Бірақ белсенділердің бір жерге жиналуына кедергі жасау бұнымен аяқталған жоқ. Қалалық әкімдік оппозиция өкілдері жиналған аймақта коронавирусқа қарсы дезинфекция жұмыстарын жүргізді. Митинг өтуі тиіс болған жерге көше тазалауға арналған автокөліктерден бастап, арнайы құралдармен жабдықталған адамдарға дейін жұмылдырылды. Олар 40-50 минут сайын көше мен жаяу жүргінші жолына хлорланған су шашты. Полиция қоршауында қалған Демократиялық партия өкілдері кешке қарай бірақ босатылды. Бірақ белсенділерді ұстау бұнымен аяқталған жоқ. Кешке Медеу аудандық полиция департаментінің алдында «Оян Қазақстан» қозғалысының өкілдері ұсталды. Алматы қаласы бойынша дәл осы күні полиция жүзге жуық адамды ұстады.

Алматыдан бөлек, алтыншы маусым күні Нұр-Сұлтан, Семей, Орал, Қызылорда, Шымкент, Ақтөбе қалаларында да ұсталулар болды. «Ашық диалог», «Qaharman», «405» құқық қорғау ұйымдарының мәліметі бойынша, митинг күні қарсаңында 239 белсенділерді қудалау фактісі тіркелген.


Сондай-ақ қараңыз