Қостанай облысының тұрғыны Ресей философының сөзі үшін сотталды?
  • Басты
  • >
  • Қостанай облысының тұрғыны Ресей философының сөзі үшін сотталды?

Қостанай облысының тұрғыны Ресей философының сөзі үшін сотталды?

23.09.2026

22 қыркүйекте Қостанай қаласының №2 соты Федоров ауданының тұрғыны Ілияс Айтжановаты 2,5 жылға бас бостандығынан айырды. Оған ҚК 174-бабы «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздық қоздыру» және 313-бабы «Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттайтын туындыларды заңсыз тарату» бойынша айып тағылған.

Айтжановтың үстінен іс қозғалуына оның әлеуметтік желіде Ресейдің Украинаға қарсы агрессиясына қатысты және ресейлік философтың өз елі туралы айтқан сөздерін жариялауы себеп болған. Істі судья Сатыбалды Оразбай қараған.

Ілияс Айтжановтың үстінен полицияға Виталий Мундт есімді азамат «Қатыгездік пен күш қолдануға бас ұруды насихаттап жатыр» деп арыз түсірген.

«2025 жылғы 27 сәуірде Айтжанов мынадай мазмұндағы жарияланым орналастырған: «Ресей – бүкіл әлем тарихындағы ең оңбаған әрі жиіркенішті ел. Онда селекция әдісімен моральдық азғындар өсіріліп шығарылған, олардың жақсылық пен жамандық туралы түсінігі ауысып кеткен. Бұл ұлт бүкіл тарихында боққа батып, сонымен бірге бүкіл әлемді де соған батырмақ болып келеді. Ильин, орыс философы». 2026 жылғы 7 наурызда Айтжанов Facebook-те ұзақтығы 52 секунд болатын бейнеролик жариялап, оған: «Бәрін өлтіру керек, тіпті сәбилерге дейін – сүйкімді орыс әжей» деген жазу қалдырған», – деді сот процесінде айыптаушы прокурор Данияр Наушабек.

Бірақ Айтжанов жазбасындағы сөздерді шын мәнінде 1922 жылы большевигтер елден қуып жіберген ресейлік философ Иван Александрович Ильин айтқан.

Екінші жазбадағы видеода Ресей тұрғындарының бірінің ел азаматтарына оның көзқарасы бойынша не істеу керектігін түсіндіріп тұрған болса керек.

Айыптау тарапы «өлім және денеге жарақат келтіру көріністері» бар жарияланымдарға да сілтеме жасаған.

Бұған қоса, сараптамада Айтжановтың Қазақстанның бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен қазіргі президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатына, АЭС салу жобасына, жалпы Қазақстан билігіне, сондай-ақ Ресейді қолдайтын тұлғаларға қатысты пікірі теріс екені анықталғаны туралы айтылған.

Сондай-ақ, сараптама оның саяси тұтқындарға қолдау білдіргенін де көрсеткен. Сараптама қорытындысында «мұндай ұстанымдар Қазақстанда саяси тұтқындар бар» деген тұжырым жасауға негіз болуы мүмкін екені айтылған.

Ілияс Айтжанов өз кінәсін мойындаған. Ол сотта әлеуметтік желідегі «жағымсыз» пікірлерге жауап беріп отырып, арандатуға еріп, қателік жасағанын айтқан.

Тағы бір айта кететін жайт, сотталушы процессуалдық келісім жасауға келіскен, алайда прокуратура мұндай келісімнен бас тартқан. Себебі «мұндай санаттағы істер бойынша ол қарастырылмаған».

Іс куәлардан жауап алынбай, дәлелдер мен сараптамалар зерттелмей қысқартылған тәртіппен қаралған.

Ілияс Айтжанов барлығы облыстағы қала көшелерінің атауын өзгерту туралы петиция жариялағаннан кейін басталғанын айтады.

Айтжановтың ісі кейінгі жылдары осыған ұқсас істердің бірі ғана. Ел бойынша көптеген адам Ресей немесе Қытай саясатына қарсы әдейі немесе абайсызда айтқан пікірлері, жоғары лауазымды шенеуніктер мен күштік құрылым өкілдерін сынағаны, сондай-ақ діни тақырыптар төңірегіндегі ой-пікірлері үшін сотты болып жатыр.

ФОТО: “Наша газета”