• Басты
  • >
  • Сот "саяси тұтқын" Әбішевті түрмеде қалдырды

Сот “саяси тұтқын” Әбішевті түрмеде қалдырды

16.07.2021

Апелляциялық сот «саяси тұтқын» Кенжебек Әбішевті түрмеде қалдырды.

Талдықорған қаласының апелляциялық соты азаматтық белсенді Кенжебек Әбішевті түрмеде қалдырды. Белсендінің адвокаты Гүлнара Жуаспаева соттан Қапшағай қалалық сотының 11 мамырда шығарған шешімінің күшін жойып, оны босатуды талап еткен. Бұған дейін Қапшағай соты Әбішевтің ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді.

Онлайн өткен сотта адвокат Кенжебек Әбішевтің айыппұл жоғын, бес мақтау қағазы барын және оның мінездемесіне оң баға берілгенін атап өтті. Ол сонымен бірге Кенжебек Әбішевтің созылмалы аурулары барын: жүрегі ауыратынын және тыныс ауруларына шалдыққанын айтты.

Адвокат тұтқынның денсаулығымен қатар оның қылмысты ашуға атсалысқанын да ескеруді өтінді.

Ал прокурор сотта Қапшағай қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдыруды ұсынды. Оның пікірінше, адвокат келтірген дәйектер жеке шағымды қанағаттандыру үшін “жеткіліксіз”.

Бейсенбі күні адвокаттың жеке шағымын қараған судья Әбділдин Қапшағай қалалық сотының шешімін өзгеріссіз қалдырды. Сот қаулысы жарияланған күннен бастап күшіне енеді. Шағымдануға жатпайды.

11 мамырда Қапшағай соты Кенжебек Әбішевтің мерзімінен ерте босап шығу туралы өтінішін қанағаттандырудан бас тартқан. Оның алдында аталған сот екі рет Әбішевтің өтінішін қанағаттандырған, бірақ апелляциялық сот прокуратура қарсылығынан кейін шешімнің күшін жойған.

Адвокат пен жақтастары билікті талай Кенжебек Әбішевті босатуға үндеген. Олар Әбішевтің ауруының асқынып бара жатқанын алға тартқан.

Сәуір айында Әбішев ерте босап шығу туралы өтініші қанағаттандырылмағаннан кейін түрмеде аштық жариялады. Сол кезде тұтқынның аурулары асқынып, ауруханаға түскені белгілі болды.

“Жиһадшылар ісі” бойынша жауапқа тартылған Кенжебек Әбішев 2018 жылы “терроризмді насихаттау” және “ұлттық алауыздықты қоздыру” баптары бойынша кінәлі танылып, жеті жылға сотталған. Құқық қорғаушылар оның саяси көзқарасына байланысты қудаланып отырғанын айтып, “саяси тұтқындар” тізіміне қосқан.

Еуропарламент ақпан айындағы қарарында саяси тұтқындарды, оның ішінде Кенжебек Әбішевті де босатуды сұраған.

Қазақстан билігі елде саяси тұтқындар жоқ деп есептейді және “өзгеше ойлайтындарды” қудалайды деген тұжырыммен келіспейді.

Құқық қорғаушылардың пікірінше, билік “саяси тұтқындардың” жазаны жеңілдету туралы өтініштеріне немқұрайлы қарайды. Ал елде ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталған бұрынғы шенеуніктер жиі ерте босатылып жатады.


Сондай-ақ қараңыз