АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Министрлік алдында 2 күн түнеген аналарды полиция күшпен әкетті

Министрлік алдында 2 күн түнеген аналарды полиция күшпен әкетті

10.06.2020

Нұр-Сұлтан қаласында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің алдында талаптарын айтып екі күн түнеген көп балалы аналарды полиция алып кетті.

Маусымның 10-ы күні таңертең Назира Мұқашева есімді ғаламтор қолданушысы өзінің «Facebook» парақшасында мининстрлік алдына жиналған аналарды арнайы киім киген адамдардың күштеп автобусқа отырғызып жатқаны бейнеленген видео жариялады.

«Азаттық» радиосының мәліметінше, көп балалы аналарды «Рамада Плаза» қонақ үйіне алып кеткен. Қонақүйге жеткізілген наразы әйелдердің бірі Айжамал Сариеваның айтуынша, мұнда әйелдер коронавирусқа тест тапсырудан бас тартқаннан кейін полиция қызметкерлері оларды көлікпен үйлеріне жеткізе бастаған. Ал бұл сәтте қонақүй алдына жиналған өзге әйелдер тобы іштегілерді босатуды талап етті. Сақшылар ішке әйелдердің заңгері Ғазиза Әмірбекованы да кіргізбеді.

Байқоңыр аудандық ішкі істер басқармасындағы кезекші қызметкер әйелдердің ұсталғаны туралы ақпаратты білмейтінін айтты. Қалалық департамент әзірге түсініктеме берген жоқ.

20 шақты әйел министрліктің алдында наразылық акциясын 8 маусымда бастаған болатын. Олардың басты талаптары: әр балаға 21 мың теңгеден жәрдемақы беру, көп балалы отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету, мәжбүрлі түрде вакцина салдырмау, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған аналарға баспана беру т.б. Наразылардың арасында бес-алты аяғы ауыр әйел болған.

Бұған дейін оларға жергілікті әкімдік өкілдері, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет мамандары барғанмен екі жақ келісімге келе алмаған.


Сондай-ақ қараңыз