АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Елордада белсенділер митингі кезінде қамалғандарды босатуды талап етті

Елордада белсенділер митингі кезінде қамалғандарды босатуды талап етті

08.06.2020

8 маусымда Нұр-Сұлтан қаласының уақытша қамау изоляторы алдында өздерін “Көше партиясының” (Қазақстанда тыйым салынған) белсенділері санайтын оннан аса адам 6 маусымдағы наразылық жиынында қамауға алынған үш белсендіні босатуды талап етті. 

Қолдарына плакат ұстап шыққан бір топ адам белсенді Дархан Өмірбаевты, Руслан Нұрқановты және Айбек Сәбитовті қамаудан шығаруды талап етті. Олардың айтуынша, белсенді Өмірбаев қамауда жатып аштық жариялаған.

Қамау мекемесінің қызметкері Сәдуақас Өміралиев Азаттық тілшісіне Дархан Өмірбаевтың аштық жариялағанын растап, “оның денсаулығы жаман емес, дәрігерлер бақылауында” деді.

Сот белсенділерді әкімшілік кодекстегі 488-баптың 6-тармағы (Бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру және өткізу тәртібі туралы заңнамасын бұзу) бойынша кінәлі деп тауып, Өмірбаев пен Сәбитовті 15 тәулікке, Нұрқановты 10 тәулікке қамауға шешім шығарған.

Руслан Нұрқанов Шығыс Қазақстан облысының тұрғыны болғандықтан, сот шешімінен кейін оны жазасын өтеуге Өскеменге жіберді.

Маусымның 6-ы күні Демократиялық партия, Оян Қазақстан қозғалысы, ҚДТ және Көше партиясы өкілдері Алматы, Нұр-Сұлтан, Семей, Шымкент, Ақтөбе, Қызылорда және т.б қалаларда бейбіт митинг ұйымдастырған. Алайда полиция олардың басым көпшілігін белгіленген аймаққа жеткізбей ұстап әкеткен.

19 мамырда астаналық сот тіркелмеген “Көше партиясын” елде экстремистік деп танылған “Қазақстанның демократиялық таңдауы” қозғалысымен бір ұйым деп танып, қызметіне тыйым салған. Бұған дейін белсенділер “Көше партиясын” “экстремистік ұйым” ретінде тану туралы сот шешіміне наразылық білдіріп, апелляциялық шағым түсірген.  

ДЕРЕК КӨЗ: Азаттық радиосы


Сондай-ақ қараңыз