АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • Бала құқығы бойынша меморандумға қол қойылды

Бала құқығы бойынша меморандумға қол қойылды

14.12.2021

Қазақстандағы бала құқығын қорғау үкіметтік емес ұйымдар тобы мен ҚР бала құқығы бойынша ресми өкіл өзара әріптестік жөніндегі келісімге қол қойды.

Желтоқсанның 13-і күні Алматы қаласында Адам құқықтарын қорғау бюросында Бала құқығын қорғау ҮЕҰ тобының жетекшісі Роза Ақылбекова мен Бала құқығы бойынша ресми өкіл Аружан Саин әріптестік жөніндегі меморандумға қол қойды.

Меморандум алты бөлімнен тұрады. Онда тараптар бала құқығына байланысты шараларды бірлесіп өткізуге, ақпаратпен бөлісуге және сараптауға уағдаласқан.

Меморандумға қол қоймас бұрын Роза Ақылбекова, Аружан Саин, Қазақстан балалар қорының төрайымы Эльвира Ватлина, АҚмЗСЖҚХБ заңгері Гүлмира Қуатбекова және т. б қатысуымен баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында Эльвира Ватлина Қазақстандағы балалар құқығы мәселесін айта келе құзырлы органдардың осы уақытқа дейін айтылған ұсыныстарға құлақ аспай келе жатқанын тілге тиек етті. Оның сөзінше, құқық қорғаушылар көтерген кейбір мәселелер 2007 жылдан бері қаралмаған.

“Бізді, бала құқықтарын қорғайтын құқық қорғаушыларды кейбір мәселелердің осы уақытқа дейін қаралмауы қатты алаңдатады. Кейбір ұсыныстар 2007 жылдан бері шешімін таппай келеді. Бұл жөнінде әріптестерім толықтырып айта жатар. Біз осы үшін тағы да ұсыныс дайындап жатырмыз. Біз бұл мәселелерді түрлі алаңдарда көтеріп жүрміз. Оның ішінде сыртқы істер министрлігі жанындағы адам теңдігі алаңында да көтердік. Парламенттегі отырыстарға да қатысамыз, өткір сұрақтар қоямыз. Бірақ бұның барлығы қараусыз қалып жатыр. Бұның барлығы біздің Біріккен Ұлттар Ұйымының балалар құқығы комитетіне шағымдануымызға тура келеді. Өйткені бізді естігенін қалаймыз”, – дейді Ватлина.

Бала құқығы бойынша ресми өкіл Аружан Саин алдағы уақытта мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдардың бала құқығына қатысты есебі елдегі жағдайды бірдей көрсететіндей деңгейге жететініне үміттенетін айтты. Оның сөзінше, қазір мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар бірлесіп жұмыс істеуде.

“Менің осы қызметке келген 2,5 жыл ішінде маған 825 шағым келіп түсті. Оның барлығы дерлік қаралды. Қазір 66 шағым қаралу үстінде. 2021 жылы 333 шағым түсті. Бұл шағымдардың ауқымы алуан түрлі. Оның ішінде денсаулық, әлеуметтік және мүмкіндігі шектеулі балалар мәселелері бар”, – деді Саин.

Роза Ақылбекова соңғы рет бала құқығына байланысты есеп 2015 жылы жасалғанын, одан бері де 6 жыл өтіп кеткенін айтты. Оның сөзінше, осы уақыт аралығында көп дүние өзгерген. 13 заң жобасы қабылданған. Бала құқығы бойынша алға ілгерлеу бар. Бірақ, балаларға арналған жабық мекемелердегі жағдай әлі күнге дейін мәз емес. Балаларды азаптау тоқтамай тұр.

“Бала заң бұзып, шалыс басып, жабық мекемелерге түскенде оған қол ұшын созған өте маңызды. Оған жаза үстіне жаза жасалмауы тиіс. Себебі бала енді өсіп келеді. Оны қазір қылмыскер десек, ол шын мәнінде қылмыскер болады. ҮЕҰ жеті жылдан бері жұмыс істеп келеді. Осы уақыт аралығында біз жабық мекемелер мен құқық қорғау органдары тарапынан кәмелеттік жасқа толмағандарды азаптау және қатігездік көрсетуі жөнінде айта алмадық. Біз осы уақытқа дейін болып жатқан азаптаулар мен қатігездіктерді жекелеген жағдай деп қарап келдік. Бірақ үлкен адамдарға жасалып жатқан азаптаулардың жазасыз қалуы, балаларды азаптауға әкеліп жатқанын айтуымыз қажет”, – дейді Ақылбекова.

Роза Ақылбековадан кейін сөз кезегін Ақтас психикалық ауруханасында жатқан ұлының жағдайына алаңдайтын Виталий Казанцев алды. Оның сөзінше, Ақтас ауруханасында ұлына күшті психикалық дәрілер берілуде. Оның құқығы ұзақ уақыттан бері бұзылып келеді.

“Қазір менің балам Ақтас республикалық ауруханасында жатыр. Ол мекеменің кәмелеттік жасқа толмаған балаларды емдеуге лицензиясы жоқ. Ұлыма қазір өте күшті психатропты дәрілер берілуде. Биылғы жылдың 8 қаңтарынан бері менің баламның құқығы ашықтан ашық бұзылуда. 8 қаңтар күні менің ұлымды түнгі сағат үште аяқ және кеуде киімінсіз ұстаған. Сол күні Қазгидромед есебі бойынша күн -13 градус болған. Менің ұлым екі дәрежеде үсік алған. 8 қаңтар күні мен оны этаждан этажға арқалап жүрдім. Дәрігерлер полицияға баламды тез арада ауруханаға жатқызу керектігін айтты. Бірақ олар одан бас тартты. Баламды уақытша ұстау изоляторына қамады. Бұл жүйеде адамгершілік танытқан жалғыз адам ол УҰИ дәрігері. Ол баламды ауруханаға жатқызды. Ауруханада жатқан 11 күн ішінде баламды төсекке кісендеп ұстады. Ұлымды төсекте күнде 23 сағат кісенде ұстады. Тек тамақ ішкенде немесе дәретханаға барғанда ғана босатқан. Оның өзінде кіссеннің бір жағын конвойдың қолында болған. Қаруланған екі күзетші 11 күн бойы палатада болған. Кейіннен оны ЛА 155/18 уақытша ұстау изоляторына 123 камерасына ауыстырды. Ол камерадан көше жылы болған шығар”, – дейді Казанцев.


Сондай-ақ қараңыз