5,5 жылға бас бостандығынан айырылды: «Ақорданы басып алмақ болды» деген бес белсендіге үкім оқылды
  • Басты
  • >
  • 5,5 жылға бас бостандығынан айырылды: «Ақорданы басып алмақ болды» деген бес белсендіге үкім оқылды

5,5 жылға бас бостандығынан айырылды: «Ақорданы басып алмақ болды» деген бес белсендіге үкім оқылды

08.09.2026

Бүгін Алматыда «Ақорданы басып алмақ болды» деп айыпталған бес белсендінің ісінде сот үкім оқылды. Күдіктілердің әрқайсына 5 жылдан 5,5 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Бұған дейін сот жарыссөзінде прокурор соттан күдіктілердің барлығын кінәлі деп танып, әрқайсын 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған.

Іс бойынша саяси белсенділер Қайсар Өзбек, Талғат Әшіров, Асқар Нұрмаған, Әбдуәлі Тағай, Дүйсенбек Жақашев күдікті деп танылған. Олардың ешқайсысы өзіне тағылған айыпты мойындамайды. Процесс сегіз айдан бері Алмалы ауданының сотында жабық режимде өтіп жатыр. 

Сол уақытта күдікті Әбдуәлі Тағайдың адвокаты Ғалым Нұрпейісов прокурор сұраған жазамен келіспейтінін айтқан. Оның сөзінше, өз қорғауындағы белсендінің айыбы дәлелденбеген.

«Прокурор өз сөзінде бәрі дәлелденді, сараптамалар бар, куәлердің жауаптары бар, вещдоктар барлығы бар деп, бесеуіне де сегіз жыл сұрады. Негізінде бұл жерде арандатуға ұқсап тұр. Біз айыппен келіспейміз. Бұл жерде Әбдуәлі Тағай туралы айтайын өз қорғауымдағы, тағылған айыптар ішінде тек ғана сөздер көрсетілген. Бірақ ешқандай дәлел келтірілген жоқ, жәй ғана сөз. Біз дәлелді таппадық, мен анықтауды сұрадым», – деді адвокат.

Асқар Нұрмаған, Әбдуәлі Тағай, Дүйсенбек Жақашев, Қайсар Өзбек және Талғат Әшіров 2025 жылы маусымда ұсталып, содан бері ҰҚК-ның тергеу изоляторында отыр. Сот процесі биыл ақпанда басталған болатын.

Барлығына «топ болып билікті күшпен басып алуды немесе ұстап тұруды насихаттады, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға дайындалды» деген айып тағылған. Қайсар Өзбек пен Талғат Әшіровке бұған қоса «жарылғыш заттарды заңсыз сатып алу, сақтау және тасымалдау» айыбы тағылған.

Тергеу актісіне қарағанда, бесеуі 2025 жылы қыс-көктемде жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырып, Ақорданы басып алуды жоспарлаған, сол үшін адамдар іздеп, қару-жарақ жайын және жолдарды жабу жағын ақылдасқан. Тергеу тарабы «олар 27 сәуірде президент резиденциясының аймағын қарауылдап, кейін жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға қажетті радиоқабылдағыш, дауыс ұлғайтқыш және басқа да заттар сатып алған» дейді.

6 ақпанда өткен алдын ала сот тыңдауында Қайсар Өзбек өзіне тағылған айыппен келіспейтінін айтқан.

«Құрметті сот, мынау қасымда отырған төрт кісінің айыптауға ешқандай қатысы жоқ. Мен бейбіт түрде митинг жасайық деп бұл кісілерге өзім барып айтқанмын. Осыны ескеріп қойыңыз. Одан кейін қару-жарақ деді, төңкеріс жасайын деді дейді, оның барлығы өтірік. Менен сұрақ алыңыз. Бұл кісілерде «көреміз, барамыз, бармаймыз» деген сөз болған болатын. Біз қауіпті қылмыскер емеспіз. Біз бірнәрсені қиратайық, жарайық деп айтқан емеспіз. Бұның барлығы өтірік, жала. Біз бұрын қылмыскер болған адам емеспіз», – деген белсенді сол уақытта сотта сөйлеген сөзінде.

Қайсар Өзбек 2022 жылы Қаңтар оқиғасына қатысып, Қазақстанға ҰҚШҰ әскерилерін кіргізуге қарсы шыққан. Асқар Нұрмаған бұған дейін митингілерге қатысып, әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылған. Әбдуәлі Тағай 2016 жылы жер митингілерінде және 2019 жылы Қытай инвестициясына қарсы наразылықтарға қатысқан. Сотталушылардың ең үлкені 63, ең кішісі 57 жаста.

Былтыр тамызда Алматының дәл осы Алмалы аудандық соты АЭС референдумы қарсаңында ұсталып, «Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырды» және «Қылмыс жасауға оқталды» деген айып тағылған бес белсендіні төрт жылға шартты жазаға кесіп, бес жылға қоғамдық-саяси жұмыспен айналысуға тыйым салған. Кейіннен апелляциялық сот олардың жазасын 4 жылдан 2 жыл 6 айға дейін қысқартқан.

Сотты болған белсенділер Айдар Мүбәраков, Нұрлан Жауылбаев, Фазылжан Сыдықов, Нұрлан Темірғалиев және Жанат Қазақбай өзіне тағылған айыппен де, сот үкімімен де келіспеген.

Қазақстанда бұған дейін де бірнеше адам Ақорданы басып алмақ болды деп сотталған. 2024 жылы алты адам «Трактор ісі» бойынша түрмеге кесілген. Тергеу алты адам трактормен Ақорда аумағына кіріп, тәртіпсіздік ұйымдастырмақ болды деген.