«ЛГБТ насихаты?»: «Феминита» белсендісі Гүлзада Сержан полицияға шақырылды
  • Басты
  • >
  • «ЛГБТ насихаты?»: «Феминита» белсендісі Гүлзада Сержан полицияға шақырылды

«ЛГБТ насихаты?»: «Феминита» белсендісі Гүлзада Сержан полицияға шақырылды

26.08.2026

Алматыда «Феминита» тобының белсендісі Гүлзада Сержан «ЛГБТ насихаты» бойынша полицияға шақырылды.

«Феминита» тобының жазуынша, 25 тамызда Гүлзада Сержан Алматы қалалық полиция департаментіне түсініктеме беруге барған. Белсендінің полицияға шақырылуына «Ten Tirshilik» подкастында айтқан сөздері арасында «ЛГБТ насихаты болуы мүмкін» деген күдік себеп болған.

Алайда белсендінің өзі және «Феминита» тобы подкаст матриархат, вегандық және экология тақырыбы жөнінде болғанын алға тартып отыр.

«Феминита» тобы болып 2025 жылы заңға енген өзгерту ЛГБТИК адам көрсе артынан шырақ алып түсіп, кемсітуге жол ашып отыр ма деп алаңдап қалдық. Жанар Секербаева, Гүлзада Сержан, басқа да белсенді азамат сияқты кез келген ортаға өз пікірін айтып, сұхбат беріп, подкастқа қатысу құқығы шектелмеуі керек», – деп мәлімдеді «Феминита» тобы жазбасында.

2025 жылы Қазақстанда «ЛГБТ насихатын шектейтін» заң қабылданған. Сол жылы 30 желтоқсанда президент Қасым-Жомарт Тоқаев құжатқа қол қойды.

Құжат қолданыстағы 12 заңға балалар мен жасөспірімдерді цифрлық кеңістіктегі жағымсыз контенттен қорғаумен қатар «дәстүрлі емес сексуалдық бағдарды насихаттауға» тыйым салатын түзетулер енгізді.

Сол уақытта заң авторлары заңға енгізілетін түзетулер «ЛГБТ өкілдеріне қарсы бағытталмаған», «оларды насихаттауға» ғана тыйым салады деп түсіндірген. Заң авторларының бірі депутат Ринат Зайытов Азаттық радиосына берген сұхбатында «ЛГБТ ұйымдары балалар санасына теріс ұғымдарды кіріктіріп жатқандықтан» оларға шектеу қою керегін айтқан.

Оған дейін Ринат Зайтов «Феминита» бастамасына «экстремизм» заңы бойынша Қазақстан аумағында шектеу қоюды, ЛГБТ-ны насихаттауға толық тыйым салуды талап етіп, сауал жолдаған.

Алайда премьер-министр Олжан Бектенов оған: «Қазақстан үкіметі «Феминита» бастамасын экстремистік ұйымдар қатарына жатқызбайды, себебі халықаралық құқық қорғау ұйымдары мұны азаматтардың сенім білдіру және қоғамдық бірлестіктерге қатысу құқығын бұзу деп қарастыруы мүмкін» деп жауап берген.

Құқық қорғаушылар мен феминистік белсенділер гомофобия өріс алған қоғамда бұл заң «жығылғанға жұдырық» болады дейді.

Құқық қорғаушылар жаңа норма өзін ЛГБТ мүшесі деп танитын адамдармен қатар журналистердің, ғылым саласы өкілдерінің, әртістердің, құқық қорғаушылардың және азаматтық қоғам өкілдерінің де құқығын шектейді деп мәлімдеген. Коалиция мұндай заң Қазақстанның адам құқығы жөніндегі халықаралық міндеттемелеріне қайшы келетінін айтқан.