• Басты
  • >
  • Үкімет не үшін зейнеттегі шекарашыдан 7 миллион өндірмек

Үкімет не үшін зейнеттегі шекарашыдан 7 миллион өндірмек

13.02.2018

Далабаев Ербосын – жасының әскери жастың шегіне жетуіне байланысты зейнетке шыққан запастағы ҚР ҰҚК шекара қызметі прапорщигі. Ол 1996 жыл мен 2012 жыл аралығында Алматы облысы, Жаркент қаласының маңында орналасқан 2091 жабық әскери қалашығында әскери қызметін атқарған. Сол жабық әскер қалашықта әскерилер мен олардың отбасы мүшелеріне арналған үш бөлмелі пәтерлердің бірінде оның өзі, жұбайы және үш баласы тұрған. Он сегіз жыл әскери қызметте болған ол өзі және отбасының баспанамен қамтылғанына сенімді болғанын айтады.

Ал іс жүзінде олай болмай шыққан. Жабық қалашықтағы үй жекешенлендіруге келмейтін мүлік болып танылып, зейнетке шыққан әскери бес адамнан тұратын отбасымен үйсіз қалған.

Ол үйді босатуға тура келетінін біліп Талдықорған қаласындағы әскери сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Солай, ҚР «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңның 101 бабы, 4 тармағына сай сот Е.Далабаевтың пайдасына шешім шығарып, оған үй сатып алуға 6 814 770 теңге көлемінде өтемақы және сот шығындарын жабу үшін 244 380 теңге, барлығы 7 059 150 теңге өндіріп берген. 2014 жылдың 14-тамызында сот шешімі шыққан. Бұл сот шешімін аппеляциялық сот, кассациялық сот бекітіп берген.

Солай Далабаевтар отбасы үкіметтен өндірген ақшаға үй алып, олардың мәселесі шешілгендей болған. Бірақ, біздің қуаныш ұзаққа созылмады дейді ол.

2015 жылдың 28-желтоқсанында бұрыңғы Бас прокурор А.Дауылбаев барлық сот шешіміне №673 прокурорлық қарсылық шығарып, барлық өтемақыны үкіметке қайтару туралы шешім шығарған. Ол қарсылығына негіз етіп 2013 жылы 2-шілдеде күшіне енген 20 жылдық еңбек өтілі бар әскерилерді ғана үймен қамтамасыз ету заң нормасын негізге алған. Айта кетерлігі, прокурор қарсылығында сот шешімінің күшін жою туралы арыз Е.Далабаев қызмет еткен әскери бөлім тарапынан болғаны айтылған.

«Алайда, прокурорлық қарсылық енгізбестен бұрын заң кері күшін мойындамайды қағидасы ескерілуі тиіс еді ғой. Себебі, 20 жылдық еңбек өтілі туралы заң 2013 жылдың 2-шілдесінде күшіне енді, ал мен 2012 жылдың 2-қазаны күні зейнетке шықтым. Яғни, 2013 жылы қабылданған заңның күші маған жүрмеуі тиіс болатын. Сондықтан да, сот әділ әрі заңды шешім шығарып берді. Мен артық емес, өзіме және отбасыма тиесілі өтемақыны алдым. Ал енді екі жылдан бері прокурордың қарсылығына сай мен 109 мың әскери зейнетақымның елу пайызын, 54 500 теңгені ай сайын үкіметке қайтаруға міндеттелдім. Бұл әділетті ме? Өміріміздің көп бөлігін жабық әскери қалашықта өткіздік. Ол жерде жұмыс жоқтың қасы. Сондықтан, әйелім үй шаруасында. Екі студент оқытып отырмыз. Мен сонша уақыт әскери қызметте адал жұмыс істеп, кейін үкіметке қарыз болып шығып, өтемақы төлеп жүремін деп ойлаған емеспін. Ал прокурордың қарсылығына тағы келер болса, ол заңсыз. Себебі, 20 жылдық ең бек өтіліне қатысты заң біздерге, 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін зейнетке шыққан әскерилерге жүрмейді. Ал сот бірінші кезде ақ Солай, ҚР «Тұрғын үй қатынасы туралы» заңның 101 бабы, 4 тармағына сай шешім шығарып берді. Ол жерде былай делінген: «4. 2013 жылғы 1 қаңтарға дейінгі мерзімде қызметтік тұрғынжаймен қамтамасыз етілген арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлерінің осы тұрғынжайда тұру және осы Заңда белгіленген тәртіппен оны жекешелендіру құқығы сақталады.»

Сондықтан, прокурордың қарсылығы да менен өтемақыны өндіру туралы Жоғарғы сот шешімі де заңсыз. Осыған орай менің жазбаған жерім, шағымданбаған сотым қалмады. Бірақ, бұл әділетсіздіктен құтқаратын ешкім жоқ. Әділеттілікке қол жеткізуге деген соңғы ұмтылысым ҚР Парламент депутаттарына ашық хат жаздым, ҚР Бас прокуратурасына бейбіт келісім жасасу туралы ұсыыс жасадым. Бірақ, маған құлақ асқан ешкім жоқ. Дәл қазір әділеттілікке қалай қол жеткізерімді, кімге барарымды білмей отырмын. Сондықтан, құқыққорғаушыларға келуге мәжбүр болдым, сіздер менің соңғы үмітімсыздар», – дейді Ербосын Далабаев.

Е.Далабаевтың ісі жалғыз емес болып шықты, жуырда редакциямызға телефон шалып, дәл осындай жағдайға тап болғандарын айтып экс-әскеридің жұбайы хабарласты. Оның айтуынша, Бас прокуратура қарсылығынан кейін күйеуінің денсаулығы сыр берген. Сондықтан, әділеттілікке қол жеткізуді өзі қолына алуына тура келген. Жуырда іс бойынша барлық құжаттарды бізге жіберетінін айтты.

Ал Е.Далабаевтың ісі бойынша барлық құжат бізде бар.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз