• Басты
  • >
  • СPJ Еңсебектің қамалуын оның Тоқаевқа арнаған сатирасымен байланыстырады

СPJ Еңсебектің қамалуын оның Тоқаевқа арнаған сатирасымен байланыстырады

05.02.2025

Штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан Журналистерді қорғау комитеті Темірлан Еңсебекті дереу босатуға, оған тағылған айыптарды алып тастауға үндеді

«Ұлтаралық алауыздықты қоздырды» деген айыппен қылмыстық іске тартылған блогер Темірлан Еңсебекті қолдап, жалғыз адамдық пикетке шыққан белгілі журналист Әсем Жәпішева 15 күндік әкімшілік қамаудан босады. 

«Түрменің ішінде отырғанда сыртта не болып жатқанын білмейсің. Сіздердің қолдап келгендеріңіз үшін алғыс айтамын. Біздің наразылығымыз азаматтық қоғамды біріктіру жолындағы бір қадам болады деп үміттенемін. Темірлан Еңсебекті «Йоу, орыстар» әні үшін қамады дегенге сенбеймін. Оны Қаңтар туралы жазғаны үшін, Тоқаевты сатираға қосқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартып отыр. Тәуелсіз ақпарат құралдары үшін де, журналистер үшін де қазір жағдай оңай болмай тұр. Қаңтар туралы жазуға бәріне тыйым салғанда, Темірлан бұл тақырыпты қозғады. Оны қамауға түрткі болған себеп осында», – деді бостандыққа шыққан журналист Әсем Жәпішева. 

Еңсебектің бостандығын талап еткен халықаралық қысым күшейіп келе жатқанын атап өту керек. Бүгін, 5 ақпан күні, штаб-пәтері Нью-Йорк қаласында орналасқан Comittee to Protect Journalists (CPJ) (Журналистерді Қорғау Комитеті) халықаралық ұйымы Темірлан Еңсебекті босатуға шақырып, Қазақстан билігіне үндеу жасады. 

«Журналистерді қорғау комитеті Instagram желісіндегі сатиралық Qaznews24 паблигінің негізін қалаушы Темірлан Енсебекті ұлтаралық араздық қоздыру айыбы бойынша екі айға алдын ала қамауға алуды айыптайды. Бұл айыппен ол  жеті жылға дейін түрмеге қамалуы мүмкін», делінеді CPJ мәлімдемесінде.

«Темірлан Енсебекке тағылған ауыр айыптар оның өткір саяси сатирасы үшін мақсатты түрде қудаланғанын көрсетеді», — деді Гүлноза Саид, CPJ ұйымының Еуропа және Орталық Азия бағдарламасының үйлестірушісі. «Қазақстан билігі Енсебекті босатып, оған тағылған айыптарды алып тастап, Темірланның қамалуына қарсы наразылық білдірген журналистер Руслан Бикетов пен Асем Жапишеваны босатуы керек».

Штаб-пәтері АҚШ-та орналасқан халықаралық ұйым блогерді қамаудың астарында саяси негіз бар деп есептейді: «Енсебектің қорғаушысы Жанара Балғабаева CPJ-ге берген сұхбатында айыптаулардың орынсыз екенін және оны «Темірлан Енсебекті қамауға алу үшін сылтау ғана» екенін айтты. Ол парақшадағы жазбаның ашық түрде сатира деп белгіленгенін және Енсебек қандай да әнді жазбаған әрі орындамаған, ал атышулы туындының өзі де тыйым салынбағанын атап өтті.

Балғабаеваның пікірі журналистер мен белсенділер тарапынан қолдауға ие болды. Олар Еңсебекті қамауды 3 қаңтарда Qaznews24-те жарияланған Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа арналған сатиралық жазбамен тікелей байланыстырады». 

Темірлан Еңсебекті қорғау науқаны ел ішінде де белсенді түрде жүріп жатыр. «Оян, Қазақстан» қозғалысының жастары әріптесін қолдау мақсатында e-otinish сайты арқылы бас прокурор Берік Асыловқа арыз жазуға үндеу тастады. Әлеуметтік желіде жарияланған хатта былай делінеді: «Біз, азаматтық қоғам өкілдері, QazNews24 сатиралық жаңалықтар арнасының авторы Темірлан Еңсебекті қылмыстық қудалаудың  саяси астары бар әрі бұл істі оның билік саясатына қатысты өткір әзілдерімен байланысты деп есептейміз. Оған «ұлтаралық араздықты қоздырды» деп тағылған айыптар негізсіз. Бұл Темірланға жасалып отырған бірінші қысым емес, Қазақстан билігі 2021 жылы да дәл осындай әрекетке барған. Қылмыстық іс қозғалуына түрткі болған QazNews24 парақшасындағы 2024 жылдың 21 қаңтарында жарияланған ресейлік тележүргізуші Тина Канделаки жайлы және «Йоу орыстар» әнімен сүйемелденген жазбасы сатиралық екені анық, сондай-ақ, ол Канделаки ханымға, басқа ұлт өкілдеріне қарсы өшпенділікке шақырмайды. Оның үстіне жазба жарияланғаннан бері өткен бір жыл ішінде бұл жазбаның салдарынан зорлық-зомбылық немесе зиян келтіру фактілері тіркелген жоқ. Қазіргі күнге дейін “Йоу орыстар” әні өкілетті органдар тарапынан тыйым салынған шығармалар қатарында емес. Демек, Темірланды қылмыстық жауапкершілікке тартуға заңды негіз жоқ». Бұл үндеуге қазірдің өзінде 191 азаматтық қоғам өкілдері қол қойды.