АҚмЗСЖҚХБ – Адам құқықтары мен заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы
  • Басты
  • >
  • "Шекарасыз тілшілер" билікті Инга Иманбайды қудалауды тоқтатуға шақырды

“Шекарасыз тілшілер” билікті Инга Иманбайды қудалауды тоқтатуға шақырды

19.03.2020

Халықаралық “Шекарасыз тілшілер” құқық қорғау ұйымы Қазақстан билігін оппозициялық журналист Инга Иманбайды қудалауды тоқтатуға шақырды. Ұйымның айтуынша, Иманбай биліктің қысымымен “Жас Алаш” газетінің бас редакторы қызметінен кеткен. Күйеуінің ұсталғанын видеоға түсірмек болған кезде оған шабуыл жасалған.

17 наурыз күнгі мәлімдемесінде ұйым Иманбайға жасалған шабуылды “ашық әрі әділ зерттеуге” шақырған.

Инга Иманбайдың күйеуі Жанболат Мамай құрмақ болған Демократиялық партияның 22 ақпанға белгіленген құрылтайы “билік қысымының салдарынан” өтпей қалды. 1 наурызда түрлі оппозициялық топтардың митингісі өтетін күні полицейлер Мамайды ұстауға тырысты. Оның алдында Мамай 22 ақпан күнгі митинг қарсаңында ұсталып, үш күн әкімшілік қамауға алынған.

Аяғы ауыр Инга Иманбай 1 наурызда видео түсірмек болғанын, бірақ оның телефонын полиция қызметкерлері тартып алғанын айтады. Журналистің айтуынша, оны итерген кезде басы темір қоршауға соғылып, жарақат алған.

Ол “Жас Алаш” газетінің бас редакторы болып қаңтар айының басында тағайындалған. 23 ақпанда биліктің қысымымен басшылық қызметінен кетіргенін айтады.

“Шекарасыз тілшілер” ұйымының айтуынша, Инга Иманбай шабуылға байланысты шағымданғанмен полицейлер “әрекет етпеген”. Ұйымның Шығыс Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бөлім жетекшісі Жанна Кавельенің айтуынша, еркін БАҚ президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтып жүрген “демократиялық пікірталас пен реформистік бағыттың дұрыстығына көз жеткізу үшін” ауадай қажет.


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз