• Басты
  • >
  • Рысбек СӘРСЕНБАЙ: Отан патриоттарын «экстремистік» желеумен соттау тоқтатылсын

Рысбек СӘРСЕНБАЙ: Отан патриоттарын «экстремистік» желеумен соттау тоқтатылсын

09.11.2018

– Тергеуші Ержанова мені бір рет іске қатысты куә ретінде сұраққа алды. Мен «Алаш жолы» қозғалысында мүше болған емеспін. Осындағы айыпталушы  азаматтардың ішінде Алмат Жұмағұловты көбірек білемін. Кенжебек Әбішевті сот процесі басталғалы және одан бұрын бір кездесу кезінде көрдім, өлеңдерін оқыдым. Өлеңдері маған ұнады. Тұнып тұрған патриотизм. Кенжебек – ата-баба дәстүрін, салтын бойына сіңірген, елге, жерге, Отанға жанашыр азамат. Мысалға «Қайран шешем» деген өлеңін келтірейін. Мына бір шумағын ғана оқиын:

Қалам алып қара сөзбен тердім өлең,

Ақ қағазға ақиқатты жазып терең.

Қабырыңды қара қытайға  таптатқанша,

Қасқайып зиратыңның басында өлем!

Сұмдық өлең! Бұл нағыз патриот адамның, өзі өліп кетсе де, жерін, елін кеудесін тосып  жаудан қорғайтын азаматтың сөзі. Ал енді осындай отаншыл ақынды қолына кісен салып, мына жерге -айыпталушы орындығына отырғызып қою – қылмыс! Мен бұл сөзді жай айтып жатқан жоқпын. Бұл кісі маған ешқандай туыс та, жерлес те емес. Бұрыннан таныс, араласып, сыйласып жүрген адам емес. Бірақ бұл кісінің өлеңдерін оқығаннан кейін, іске қатысты жарияланған ақпараттардан кейін осындай ойға келдім.

Алмат Жұмағұловпен  бұрын көпшілік жиындарда, митингілерде, біздің ұйымдастыруымызбен өткен әртүрлі тақырыптардағы қоғамдық тыңдауларда кездестім, сөйлестім. Ойын, көзқарасын, пікірін білдім. Мәселен, үштілділік, білім беру саласындағы реформа туралы жиын өткізгенімізде Алмат өзінің жақсы ойларын ортаға салды. Әлі ана тілін толық игермеген жас балаға ағылшын, орыс  тілдерін үйретуді міндеттеу дұрыс емес, ол баланы өзінің  ана тілінен айырады, түбінде қасіретке ұрындырады дегенді айтты. Ұрпақтың қамын ойлайтын азаматтың сөзі бұл.

Өздеріңізге белгілі, жер мәселесі Қазақстанда үлкен дауға айналды. Президент Қытай халық республикасына барып келген соң, 2010 жылдың қаңтарында телеарналарда сөйлеп, Қытайдың Қазақстаннан соя, рапс егуге жалға бір миллион гектар  жер сұрағанын тілге тиек етті.  Осыдан кейін халық арасында толқу басталды.  Мына азаматтар да солардың қатарында бар. Менің арт жағымдағы, осы залдағы басқа куәлер де сондай көңіл күйде болды. Әрбір отанын сүйген азамат жерді қорғау қажеттігін түсінді. Және олардың әрқайсысы шамасы келгенше жерді қорғауға атсалысты. Мен Алматтың солардың бел ортасында жүрген батыл, жерді қорғайтын патриот азамат екеніндігін сол кезде аңғардым. Осында отырған желтоқсаншы Халелхан Ибрайымханұлы  да жер туралы жанайқайын айтып жүрді. Тіпті көшеге шығып, билік естісін деп үндеу тастады. «Жер сатылмасын, шетелдіктерге жалға берілмесін!» деген тұтас көпшіліктің, халықтың сөзін, талабын жеткізуге тырысты.

Қарашаш есімді қарындасымыз: «Әттең, үйімде жас балаларымнан  шыға алмай  отырмын, мен де жерді қорғауға қатысар едім» деп әлеуметтік парақшасына жазыпты. Мен мұны Панфилов паркіндегі кездесуге барғанымда жігіттерге айттым. Қазақ қызының жанашырлығына ризалық білдірдім. Сонда тұрған қараторы қыз: «Оны жазған менмін ғой, аға. Мен Қарашашпын» дейді. «Айналайын, кішкентай балаларыңды тастап кеткенің қалай? Жерді сенсіз де қорғайтын  азаматтар бар ғой» дегенімде, Қарашаштың айтқаны:  «Балаларды көршіге қалдырып кеттім. Егер жерімізді қорғауға бүгін мен өз үнімді қоспасам, қатыспасам ертең менің балам сол жерге ие болған қытайдың құлы болады ғой! Оны сондай жағдайға қалайша қалдырамын. Сондықтан келдім» деді. Бұл мысалды жайдан –жай келтірмедім. Өйткені жауапталып отырған мына азаматтардың да ойы, мақсаты осындай еді – жерді қорғау. Жерді қорғау – ол ұрпақтың болашағын қорғау, мемлекетті қорғау, ол Отанды қорғау, ол- мемлекетті қорғау! Ал енді сондай көңіл-күйдегі, сондай мақсатта жүргендерді біз қылмыскер жасауымыз қандай заңға сәйкес келеді? Сондай заң болса, патриот біткеннің бәрін соттайық. Соның ішінде мен де сотталуға дайынмын.

Жерді, елді қорғаған батырлар бар. Біздің бабаларымыз олар. Мына азаматтар солардың ерлік рухында тәрбиеленді. Өлеңдерінде ғана емес, жер мәселесіне қатысты  айтқан сөздерінде, рұқсат етілген, рұқсат етілмеген митингілерге, әртүрлі шараларға қатысуымен соны дәлелдеді. Бұл азаматтардың ешқайсысы да діни фанаттар емес. Билікті төңкеріп тастап, билікті қолға алайық деп жүрген  саясаткерлер қатарында жоқ. Сонда бұлардың қай жері экстремист, қай жері террорист, немесе эстремизмді, терроризмді насихаттаушы? Айыптаушы прокурор мырза, айтыңызшы осылардың қай жерінен экстремизмнің исі шығып тұр? Егер біз еліміз бен жерімізді қорғаған азаматтарды жазғыратын болсақ, онда Қабанбай, Наурызбай, Райымбек бабаларымызды, Бауыржан Момышұлын, екінші дүниежүзілік соғыстағы басқа да батырларды, бәрін де сыртынан жазғырып, соттаймыз ба? Жерді, елді қорғағаны үшін. Олай ету мүлде ақылға сыймайды ғой. Сол сияқты мына азаматтарды соттау да ешқандай ақылға сыймайды. «Еңку, еңку жер шалмай, Егеулі найза қолға алмай, Ерлердің ісі бітер ме!?» деп ұрандатқан, күреске шақырған Махамбетті білесіздер. Кенжебек те соған еліктеген ақын. Кеудесінде сондай рух, отаншылдық, қайсарлық бар. Міне, осындай ақынды жауапқа тартсақ, Махамбетті де жауапқа тартқандай болмаймыз ба?  Егер ханға, президентке қарсы дау айтқандардың барлығын жау санайтын болсақ, Абылайдың қасында жүрген, сынап- мінеген Бұхар жырауды да жауапқа тартқызатын шығар ә. Бүгінде шындық деп шырылдап жүрген Мұхтар Шахановты жауапқа тартайық. 21 ғасырдың Махамбеті –  ақын Темірбек Медетбекті жауапқа тартайық. Ақиқатты ашып жазатын халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовті жауапқа тартайық. Турашыл ақын, жазушы Софы Сматаевты соттайық. Сол сияқты шындықтың ішінде жүрген бізді де соттасын.

Рас, ашынған адам қатты айтады. Биліктегілерге жақпайтын сөзді айтады. Сол үшін бәрін жазалай беру керек пе? Мен жазда жайлауда болдым. Таудың қуысындағы  қараша үйдің келіні шай құйып отырып, президентке күйініп, қатты сөз айтты. Соттағыларыңыз келсе, алдыларыңызға келтірейік, оны да соттаңыздар. Осылай кете берсек не болады мына ел.

  Мен үлкен саясатта, оппозицияда жүргені үшін саяси террордың құрбаны болған Алтынбек Сәрсенбайұлының ағасымын. Қасыретті қазадан кейін маған келіп, жанашырлық білдіргендер көп еді. Солардың ішінде «тапсырыс бергендер жоғарыда отыр ғой, оны бәріміз де білеміз. Қаражат жағынан көмектессеңіз, соларды атып тастауды қолға алсақ» дегендер де шықты арасынан. «Сөйтіп сіздің кегіңізді алайық. Бұл әрі халықтың кегі. Осыған қалай қарайсыз» деді. Маған одан кейін де сондай ұсыныспен шыққан басқа адамдар болды.  Не мақсатпен сөйтті? Мен оны кейін түсіндім. Олар менен қолдау таппады. Қарсы болдым. Ондай қылмасқа бармау керектігін ескерттім. Олар маған қаншалықты жанашырлықпен айтты. Меніңше олардың басқа мақсаты болған. Мақсаттары –арандату. Егер сол кезде оларға емеуірін білдірсем, сөйтсек қайтеді, ойланайық деген сияқты. Онда мені сол арандатушының сөзімен, куәлігімен , мына азаматтар секілді жауапқа тартар ма еді. Оған барлық мотив бар ғой. Мен қаралы адаммын, ызалымын, кек қайтаруды ойлауым мүмкін, пендемін. Сондықтан әлгіндей қылмысқа баруым әбден ықтимал ғой. Соған есеп құрып, мені қылмысқа итермелемек көрінеді. Қолдан ұйымдастырып, қылмыскер етіп, менің аузымды жаптыруды, ініме жасалған қастандықты ашуға, сот процестеріне қатысуға мүмкіндік бермеуді ойластырса керек. Тіпті түрмеге отырғызбаса да мені сөйтіп оқшаулап тастауды жоспарлауы мүмкін.  Өз басымнан өткен бұл жағдайды бекерге мысал етпедім. Осы үш азамат қамауға алынған кезде, алғашқы ақпараттар тарағанда  көңіліме күдік  келді: маған қолданған амалды  осыларға да жасады-ау деген. Қолдан қылмыскер жасап отыр. Арандату жолымен. Қаскөйлікпен.

Мәртебелі сот төрағасы, мен өзінің айтқан сөзіне жауапкершілікті арқалайтын адаммын. 44 жыл журналистика саласында қызмет еттім. Қоғамдық ой-сананың қозғаушысы  болдым. «Егемен Қазақстан», «Жас Алаш» газеттерінде бас директор, вице-президент, бас редактор қызметтерін атқардым. Көптеген жағдайларды, оқиғаларды бастан кешірдім. Жеке азаматтарды, тұтас бір адамдарды арандатуға ұрындыратындарды көзбен көрдім. Біз бұл залда, куәның антында көрсетілгендей, барлық шындықты айтуымыз керек. Өйткені бұл жерде адамдардың тағдыры шешіліп жатыр. Және асыра айтқандық демеңіздер, елдің, жердің тағдыры шешілгелі тұр. Өйткені осы соттың шешіміне байланысты елде демократия бар ма, заңдылық бар ма, азаматтардың конституциялық құқы сақтала ма, сақталмай ма деген сұрақтардың жауабын аламыз. Жер сату мәселесіне қатысты процес бұл. Жерді қорғаған азаматтарды соттай беретін болса, жерді ертең кім қорғайды?! Міне сондықтан бұл процестің, сотталушы үш азамат үшін ғана емес, тұтас қоғам үшін, ел үшін үлкен мәні бар. Осыған сіздердің назарларыңызды аударғым келді.

Жаңа прокурор мырзаға сұрақ қойдым, «экстремизмнің исі шығып тұр ма» деп. Әрине, куәнің сұрағына жауап беру сіздің міндетіңізге кірмейді, жауап қатпасыңыз түсінікті. Бірақ сіз менің сөздерімді зейін салып тыңдаңыз. Экстремизм дегеніміз не? Ғылыми анықтамалықтарда былай көрсетілген. «Экстремизм –шектен шығу. Жалпы тәртіпті мойындамайтын, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасаушы. Бұл қандай да болмасын идеяға, сенімге не ілімге шектен тыс берілу, сол сенімді дәстүрлі құндылықтардан жоғары қоюшылық».  Алматты алып қарайық. Оның қай жері экстремист? Ол жалпы тәртіпті мойындайды, өзінің пікірімен ғана іс-әрекет жасап жүрген жоқ. Оған нақты мысал келтірейін. Біз өткен жылы Алматыда, 15 желтоқсанда митинг өткіземіз дедік. Ондағы тақырып:» Тәуелсіздік: ел мен жер тағдыры». Жерді қорғаған Макс пен Талғат екеуін түрмеден босатуды талап ету. Алмат Жұмағұлов «қалалық әкімшілікке митинг өткізуге рұхсат сұрап хат жазуға мен дайынмын, қолымды қоямын» деді. Заңның талабы осы. Одан аттап кеткен Алмат жоқ. «Рұқсат етсе де, етпесе де көшеге шығамыз, сондай талап қоямыз» демеді.

Алматтың идеясы бар. Ол идея – жерді қорғау. Еркін өмір сүру.  Қоғамды жемқорлықтан арылту. Осы экстремизм ба? Егер бұл экстремизм саналса, жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде сөз сөйлейтін, Атыраудағы митингіден соң,   осындай жерін қорғайтын халық бар кезде біз алаңдамаймыз деген сияқты  ризалығын білдірген Нұрсұлтан Назарбаевты жауапқа тартайық. Осындай идеясы болғаны үшін және сол идеяны іске асыруға шақырғаны үшін. Міне, Алмат сондай идеяны халық арасындағы іске асыруға ұмтылушы көптің бірі, ешқандай қызметтік міндетіне кірмесе де, жеке бас пайдасын ойламастан, сол идеяны құп көргендіктен  ол дауыс көтеріп жүр. Бірақ шектен аспады, дәстүрлі құндылықтарды аяққа баспады. Демек оның әрекетінен ешқандай экстремизмді таппайсыз. Оған көздеріңіз жетіп отыр.

Енді терроризмге берілген анықтаманы қарастырайық. «Терроризм –экстремизмнің асқынған түрі. Террористер өз іс-әрекеттерінде тым қатал іс-шаралар жасап, өздерінің саяси мақсатын орындауда ешнәрседен тартынбайды. Ол саяси әрекет». Ал кез келген ауыздан шыққан сөзді, біреулердің түртпектеуімен айтылған сөзді, ешқандай мақсатты көздемеген адамның сөзін саяси әрекет деп бағалауға болмайды!

Қазақстанда заңсыз деп табылған 16 ұйым бар. Экстремизмге, терроризмге қатыстылығы жағынан.  «Аль-кайда», «Братья мусылмане», «Исламистская партия Восточного Туркестана», «Талибан», «Хизб-ут-Тахрир», «Таблиғи Джамат», «Солдаты халифата» сияқтылар. Прокурор мырза, айтыңызшы, мына үш азамат сол 16 ұйымның қайсысының мүшесі?  Олар экстремистік, террористік ұйым саналған осы он алтының бірде- біреуіне мүше емес. Егер  «Аль-кайданың» бір жүгермегін ұстап алып, қорқытып, немесе үгіттеп, немесе ақшаға сатып алып, «мыналар менімен бірге «Аль-кайданың» қатарында жүрген» дегізіп қана жалған мүше жасауға болар. Ал біздің құзырлы органдардағы погон таққандардың қолынан бұл келеді.  Оның мысалын осы жерде көріп отырмыз.

Қытайға жер берілмесін, Қытайдың экономикалық экспансиясы Қазақстанға өктемдік жүргізбесін деу және соған қарсы тұру ол ешқандай да экстремизм де,  терроризм де емес.  Ол – нағыз патриотизм! Мен мына процеске негіз болған барлық әрекеттерді арандату және қолдан жасалған іс деп бағалаймын.

Неліктен осылай болды? Не үшін? Біріншіден. Биліктегілер жер тағдырын, ел тағдырын ойлайтын белсенді азаматтарды бұғауда ұстау керек болды.  Халықты бас көтерпеуді көздеді.  Сөйтіп жерді сатуға, шетелдіктерге жалға беруге  көндіруді жоспарлады. Ал билік тарапынан ұстанған бұл саясат   қытай экспансиясына тікелей жол ашып береді. Біздің күткеніміз бұл емес. Екіншіден. Мұхтар Әблязовты жақтауы ықтимал азаматтарды қорқыту, үрейлендіру . Елде саяси реформа жасауға мүмкіндік бермеу. Қазіргі диктаторлық билікті сақтау, оның өмірін ұзарту. Үшіншіден. Бөлінген қыруар қаражатты «игеру». Жұмыс істеп жатқандарын көрсетіп, шен-шекпен алу, қызметте өсу. Төртіншіден. Осындай қылмыстық істерді қозғап, сотқа жеткізіп әлекке түскендердің тағы бір себебі –мемлекет басшысына жағыну. «Біз сіздердің жауларыңызбен күресіп жатырмыз. Оларды аяп жатқан жоқпыз. Әшкерелеп жатырмыз. Қаңғып жүрген Әблязов дегенді одан әрі қудалауға салдық. Енді оны экстремист, террорист жасасақ, елге алдыртып, көз алдыңызда соттауға мүмкіндік туатын шығар» дегенді ойлап отыр. Мына әрекеттерді басқаша түсіну мүмкін емес.

Қазақта сөз бар: «Екі түйе сүйкенсе, арасында шыбын өледі» деген. Президент пен қашқындағы банкир арасындағы бітіспес шайқастың құрбандығына шалынып отыр бұл жігіттер. Әблязовқа ешбір қатыстары болмаса да, олардан ақша алып, тапсырмасын орындамаса да. Бұлардың бар жазығы Әблязов көтерген мәселелерді қолдағандығы. Қазақстан жұртшылығының көкейінде баяғыдан жүрген , оппозиционер ретінде өзіміз талай рет көтерген мәселелерді қайталап жүр. Полицейлердің, мұғалімдердің айлығын өсіру, тегін білім беру туралы сан рет талап қойылған. Біз осындай мәселелерді көтерген кезімізде Алматтар соны қолдады. Алматты да, бізді де ол үшін жауапкешілікке тартпаған. Қазір ол сөзді Әблязов айтып еді, мынаусы дұрыс екен деп талай адам жақтаған еді, оларды дырылдатып полиция сүйрейтін әдет тапты. Сөйтіп халыққа керек сөз «қылмыскер» Әблязовтың аузынан шықса, оны көпшілік  дұрыс қабылдаса, дереу азаматтарды қудалау басталды. Жігіттер қамауға алынған кезде Әблязовтың құрған ҚДТ-сы рұқсат етілмейтін қозғалыс деп танылған жоқ болатын. Яғни оны жақтауға, қолдауға тиым салынбаған кез. Бұл азаматтар өткен жылдың қарашасында  қамауға алынды, ал ҚДТ туралы сот шешімі биылғы жылдың науырыз айында  шықты. Сондықтан қозғалысқа қолдау білдіреді деп кіна арту, іс қозғау –заңсыздық, әрі бассыздық.

Осындай қолдан жасалған сот ісінің салдары не болады? Ол қайда апарып соғады? Саяси тұрғыдан алғанда – халықтың қарсылығы мен наразылығын өршітеді. Өйткені  ел, жұрт, қоғам қандай процес екендігін, не үшін соттап жатқандығын көріп, қадағалап отыр.  Ертең бұл сот әділ шешімін таппаса, қалалық сотта қаралады. Жоғарғы сотта қаралады. Біз оны Біріккен Ұлттар Ұйымына, халықаралық соттарға дейін шығаруға әзірміз. Өйткені кінәсіз адамдарды соттауға жол берілмейді. Отанын сүйген азаматтарды, жерді қорғайтын азаматтарды соттауға болмайды.  Саяси тұрғыдан алғанда бұның тағы да мынандай залалды салдары бар. Бұл мемлекеттік басқару жүйесіне, президентке сенімсіздікті асқындырады. Заң, құқық саласын қол шоқпар етуге , әділетсіздікке апарады. Оның соңы күреске ұласады. Бұған мысалдар жетерлік.  1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісті еске алайық. Ақ патшаның әділетсіздігіне қазақ қарсы шықты. 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісін еске түсірейік. Қызыл компартияның әділетсіздігіне қазақ жастары қарсы тұрды.  Өкінішке қарай әділетсіздіктер бүгінгі күні көбейіп бара жатыр. Қудалаулар үдей түсті. Мұның бәрі ертең көтеріліске шығарады.  Оның соңы немен бітпек. Тақта отырғандар биліктен айырылады, Қазақстан тәуелсіздігін жоғалтуы мүмкін. Адамдарды қырғынға ұшыратуы мүмкін.  Міне осындайға ұрынбайық  десек, дәл осы залда әділетті шешім шығарылуы керек.  Үш азамат та ақталуы керек! Сот процесі ұзаққа созылмасын. Жетеді жазықсыз отырғандары! Қолдан қылмыстық іс жасағандар соттала ма, сотталмай ма, онда біздің шаруамыз жоқ. Ең бастысы – дәл қазір кеткен қателіктерді  түзетіп, бостандыққа тездетіп шығару керек.

Енді осы процестің адами тұрғыдан салдарын қарайық. Үшеуінің де отбасы, бала-шағасы бар. Күнде күтіп отыр көздері жаутаңдап, әкелеріміз қашан келеді деп. Аяушылық қайда? Қылмыс істеп қойса бір сәрі. Қылмыстары жоқ қой, біз неге бұл процесті соза береміз? Неге түрмеде ұстай береміз? Менің куә ретінде және Қазақстан азаматы ретінде сұрайтыным – бұл процесті тездетіп  өткізіп, босату керек азаматтарды.

Экстремизм мен терроризм – өте қауіпті құбылыс. Мемлекет оның алдын алуы және халықты  одан қорғауы тиіс. Біз оны қолдаймыз. Осындай қатерге қатысты-мыс делініп айыпталған үш азаматтың да қолдайтынына мен сенемін. Кез келген мұндай шара үлкен қаражатты талап етеді. Экстремизмге және терроризмге қарсы комитет бар. Қазақстандағы осындай қылмыс түрлерімен күреске республикалық және жергілікті бюджеттерден 2018 -2022 жылға дейінгі аралықта жұмсауға 286. 981, 6 млн. теңге бөлінген. Өте үлкен қаражат! Біздің елімізде шын мәнінде экстремизм, терроризм бар ма, болса қаншалықты көлемде?  Сойқаншылардың, лаңкестердің саны қанша?  Ал егер олар болмаса, соншама қаржыны қайда жұмсайды? Лаңкестер жоқ болса, кіммен күреседі, оларды қолдан жасай бере ме?  Алған ақшаларын қайтпек?  Жоғарыдағы соманың сыртында халықаралық ұйымдардан, БҰҰ-дан бөлінетін көк қағаздар және бар. Қазақстан қоғамында қомақты қаражатты қарпып қалу  әдеті орныққан. Оған дайын тұрады. Мына іс те сондай обырлықтан туса керек. Бұлардың ындынын тиып тастауға ұмтылайық.  Сонда ғана біздің елімізде қолдан жасалған лаңкестер, қауіпті құбылысты насихаттаушылар, қатерлі әрекетке шақырушылар болмайды.   

Халықтың үні билікке қалай жетпек, митингіге рұхсат етілмесе. «Шал кет» деген сөзді қазір кім айтпайды? Біз де оңашада талай айттық, кетсінші, құрысыншы деп.Мыңдаған, жүздеген мың адам айтып жүр. «Тойдық. Шаршадық» дейді халық. Ондай сөздерді бұл азаматтар айтқан жоқ, мен естімедім. Бірақ сол билікке наразылығы, қарсылығы үшін жауапқа тартылды. Жаңағыдай сөзді айтқанның бәрі қарсы деген сөз. Оларды қамау үшін көбейіп кеткен тойханалардың бәрін түрмеге ауыстыруға тура келер.  Қасымовтың министрлігіне  қаншама миллиардтаған ақша бөлінді. Соларына түрме салсын, бәріміз барайық өз еркімізбен. Бізде, елімізде билікке қарсы келетін азаматтар болмасын , немесе солардың қатары азайсын десе,ең алдымен Жер кодексін қайта қарап, халық талап еткендей жасасын. Сондай дұрыс заң қабылдаса, соның өзі елдегі көп наразылықты сап тияды. Қытайдың 51 кәсіпорнын келтірмеу жөнінде шешім қабылдасын. Бәріміз еркін тыныс аламыз. Айналайын президент дейді жұрт . Жек көрсек те солай дейміз. Әлеуметтік жағдайды жақсартсын. Қазба байлықтардан түсетін табысты мемлекет қазынасына құйғызсын. Форбс журналындағы миллиардерлерді қараңыз. Кімдер олар, қандай еңбегімен тапты Міне, осы да наразылықтың бір себебі. Шетелге алақан жаямыз, инвестиция сұрап. Ақшасын салады, жеңілдік жасайды, қызығын солар көреді. Қызметте жүріп байлық жиып, қаржыны шетел асырғандар, президенттің жанындағысы, басқалары болсын, ақшаны елге қайтарсын. Инвестиция деген сол. Жаңа кәсіпорындар салынады, жұмыс орындары ашылады. Міне сонда халық риза. Мемлекетте тәртіп, соттарда әділеттілік болса, полиция мен ҰҚК азаматтарды қудаламаса, сөз бостандығы, ой-пікір еркіндігі орнықса, таза сайлау өтіп тұрса – халық та тыныш, билік те тыныш. Дәл осыны қалағаны, армандағаны үшін, сондай етуді талап еткені үшін мына азаматтарды құрбандыққа шалмайық. Бостандыққа шығарайық!     

 

«Общественная позиция»  №40, 08.11. 2018           

                             


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз