• Басты
  • >
  • Көк көйлек кигені үшін соққыға жығылған жігіттің оқиғасы (+ВИДЕО)

Көк көйлек кигені үшін соққыға жығылған жігіттің оқиғасы (+ВИДЕО)

12.07.2018

Митинг жарияланған 23-маусым күні полиция қызметкерлері орталық алаңның қасынан алып кетіп, полиция бөлімшесіне жеткізіп, ұрып-соғып, тұншықтырып, мұрнын сындырған жігіттің оқиғасы интернетте белсенді түрде талқылануда. Ресми түрде оны полиция қызметкерлеріне шабуыл жасады деп үш күнге әкімшілік қамауға алған, ал бейресми барлық мәселе оның қарсылық күні көк көйлек кигенінде екенін білген. Біз ол жігіттің өзін тауып тілдескен едік, болған оқиғаны бірінші тараптан оқи аласыздар. Қазірге өзінің қауіпсіздігі үшін алаңдайтын ол аты-жөнін атамауды сұрады.

– Бәріміз интернетте жарияланған видеоны көрдік. Соңында сізді ақыры полиция алып кетеді. Ары қарай не болды? Жалпы оқиғаны басынан бастап айтып бере аласыз ба?

– 23-маусым күні мен баламды орталық алаң жақта орналасқан орталыққа жаттығуға алып келдім. Сол жерден досымды кездестіріп, баламды үйге алып барғасын досыммен кездесуге қайтадан сол жерге келдім. Тура алаңның қасындағы Әл-Фараби деген көшеде көпшілікке арналған орындықта отырдым. Сол кезде қасыма полиция қызметкерлері келіп, құжаттарымды көрсетуді сұрады. Тұрыңыз, көзілдірігіңізді шешіңіз деді. Менде көзге байланысты мүгедектік бар, сондықтан, мен үнемі қара көзілдірікпен жүремін. Мен айтқандарын толық істедім, бізбен бірге жүріңіз деді, қайда барамыз деп сұрадым. Не болғанын сұрадым. Келбетіңіз құжатпен сәйкес келмейді, тексеруіміз керек деді. Одан кейін құжатыңыздың нөмірін тексеруіміз керек деген сылтау айтты. Мен қазір досымның келетінін, сол келгесін бірге барайық деп ұсындым. Сол уақытта тағы үш полиция қызметкері келді. Одан кейін собр шақырып жатты. Енді бесеуі мені «кеттік, кеттік» деп жұлқылай бастады. Мен бәрібір досымды күтіп, бірге баратынымды айттым. Оларға еш қарсылық көрсеткен жоқпын. Ол видеодан да көрініп тұр емес пе? Арада болған әңгіменің барлығы менің телефонымда жазылған болды. Себебі, мен тағы үш полиция қызметкері келген уақыттан бастап барлығын телефоныма видеоға түсіріп тұрғанмын. Бірақ, телефонымдағы ол жазбаның бәрі кейін жойылған болып шықты. Біз солай сөйлесіп тұрғанда СОБР келіп, еш түсініктемесіз қолымды қайырып көлікке отырғызды. Оның ішінде ұрып-соғып, басымды әйнекке соқты. Телефонымды қолымнан жұлып алды. Тұншықтыра жөнелді. Сол уақытта есімді жоғалттым. Қалалық полиция бөлімшесіне алып келді, бетімнен соққылап есімді жиғызды. Әйнекке ұрылғаннан бетімнің барлығы қан болды.

– Сізді ұрып-соғып, тұншықтырған кезде бірдеңе айтты ма? Неге ұстағандарын, не үшін ұрып жатқандарын?

– Жоқ! Олар маған мүлде ештеңе айтпады. Барлығы үнсіз, жылдам болды. Мен не болғанын түсінбей де қалдым. «Не үшін?» деп қайталай бергенім ғана есімде. Бес-алты адамның жабылғанын ғана білемін. Сөйтіп еш түсініктемесіз қалалық бөлімшенің есігіне әкеліп тастады. Ол жердегі тергеушілер қарсылық көрсеткенің туралы хаттамаға қол қой дей бастады. Мен ештеңеге де қол қоймайтынымды, еш қарсылық көрсетпегенімді айттым. Маған алғашқы көмек керегін, мұрнымнан қан тоқтамай тұрғанын көрсеттім. Жедел жәрдем шақырды. Бірақ 20-30 минуттай жібермей тұрды. Ақыры полициямен бірге қалалық ауруханаға бардық. Ол жерде алғашқы көмек көрсетті. Мен барлық жарақатты түсіріп алуды, медициналық сараптама тағайындауды талап еттім. Олар істеді, бірақ менің талабыма қарамастан жауаптарын маған бермеді. Ал полиция қызметкерлері мені қайтадан қалалық полиция бөлімшесіне апарып, қарсылық көрсетті деген хаттамаға қол қоюға мәжбүрлемек болды.

– Сол сараптаманың нәтижесі қазір қолыңызда бар ма?

– Бар. Бірақ ол жерге мені көршілерім ұрды деп жазылған. Бірақ мен дәрігерлерге еш көрші туралы емес, полиция қызметкерлері ұстап, ұрғанын айтқан едім. Сол күні мен басқа жерде болған жоқпын. Ұрып-соғып, ауруханаға алып келген де сол полиция қызметкерлері. Мен оны дәрігерлерге анық айттым. Сараптама қортыныдысы менің сау болғанымды, алған жарақаттарымды, барлығын растайды. Бірақ, қайдан алғанын мені ұрған көршілер дегенді қосып қойған.

– Ауруханадан кейін не болды?

– Мені түнгі онда сотқа алып барды. Полиция қызметкеріне қарсы шықты, киімін жыртты деп хаттама толтырды. Бірақ, видеода бәрі көрініп тұр ғой. Ондай ештеңе болған жоқ. Сотта сондай хаттамамен судья маған үш күн қамау туралы шешім шығарды. Мен телефонымды беруді, сол жерде дәлел бар екенін айттым. Бірақ, сотқа алып келген телефонымдағы барлық файлдарды өшіріп тастаған болып шықты. Тіпті менің жеке контактілеріме дейін тазалап тастаған. Солай өзімнің сөзімді растауға еш мүмкіндік бермей мені жауып тастады. Не үшін деген сұраққа жауапты шыққаннан кейін іздей бастадым. Адвокат жалдадым. Бірінші сот шешіміне шағым түсірдік. Сол кезде ғана, митинг болатын күні алаңның қасында көк көйлек кигенім үшін полицияның көзіне түсіп, осындай жағдайға ұшырағанымды түсіндім.

– Сізге оны ресми түрде айтты ма?

– Жоқ. Ресми түрде ондай әңгіме болған емес. Полицияға қарсылық көрсетті деп сот жасады. Бейресми айтқандары үстімдегі көк көйлек үшін болыпты бәрі.

– Сіздің шағымыңыз бойынша сот өтті ғой. Ол жерде не болды?

– Тура сол жағдай. Судья ештеңе де тыңдағысы келмеді. Видеоны көрсеттім, қай жерде қарсылық деп. Судья маған сен артқа қарай қадам жасадың, оның өзі қарсылық деп айтты. Адвокатым СОБР көлікте басымды әйнекке ұрғанын айтты. Оған судья еш эмоциясыз басыңды қозғамау керек еді, сақтану керек қой деді.

– Енді не істемек ойыңыз бар?

– Мен әділеттілікті тапқым келеді.

 

 

 


Пікір үстеу

Сондай-ақ қараңыз